«Мақсатым – еркектерді оңалту»

Ер азаматтардың 70%-ы ауру
Профессор, еліміздің бас урологы Мырзакәрім Алшынбаев
Профессор, еліміздің бас урологы Мырзакәрім Алшынбаев

«Ері мықты елдің ертеңі жарқын» деген мәтел шықты бұл күнде. Әзіл-шыны аралас. Ал астарына үңілсек, үлкен мәселе жатыр. Ол – ерлердің денсаулығына қатысты. Оларды әйелдерден аз, өмір сүру ұзақтығы да «нормаға» жетпейді дегенді айтып та, жазып та жүрміз. Бұл тіпті, медициналық тақырып аясынан шығып, әлеуметтік мәселеге айналған бұл күнде. Былтыр біздің облыста арнайы орталық ашылған-ды. Оңтүстіктің бөріктілерін емдейміз, сауықтырамыз, сөйтіп көріктілер алдындағы абыройын арттырамыз деп, Алшынбаев бастаған бір топ ғалымдар келген. Биыл келіп, сол игі істің нәтижесін көріп, бағасын берген де солар болды. Қалай екен дейсіз ғой? Айтайық…

ЕРКЕКТЕР ДЕ НӘЗІК ЖАНДЫ

Профессор, еліміздің бас урологы Мырзакәрім Алшынбаев Шымкентке келген сайын өңірдің сұлуларына қызыға қарайтынын айтады. «Осындай сұлу қыздары бар Оңтүстіктің жігіттерінде арман жоқ шығар» дейді әзілдеп. Сөзінің жаны бар-ақ. Бірақ, әңгіме сұлу қыздарда емес, сол сұлуларды мойындататын еркектерде болып тұр.

Жыл бұрын Урология институтының бес профессор-дәрігерден құралған тобы бүкіл Қазақстанды аралап, ер адамдардың денсаулығын зерттеу бойынша медициналық рейд жасады. Әр өңірде арнайы «ерлердің денсаулық күні» жобасы өтті. Акция бізде бір емес, екі рет өткізілді. Сөйтіп, еліміз бойынша ең алғаш облыстық аурухана жанынан «Ерлердің денсаулық орталығы» ашылды. Қош. Қарқынды жұмыс жасаған орталық ерлер арасындағы көп дертті ауыздықтады деп айта аламыз. Ер азаматтардың денсаулығына қатысты біраз жайт анықталып, қағаздағы ауру көрсеткіші де күрт өсті. Мұны Алшынбаев жақсылыққа балап отыр.

– Аурудың анықталғаны жақсы. Мен бұған қуанамын. Демек, еркектер дәрігерге барды, қаралды. Ал бізде бұл қаншалықты қиын екенін білетін шығарсыз? Жүрегі ауырса да, бүйрегі ауырса да, тісі ауырса да қол сілтеп, «әкеңнің аузынан» әрі аспайтындар мына біз ғой. Психологиямыз ерек, түсінігіміз басқа. Дәрігерге бара беретін мені кім деп едің?-дейтіндерді де көрдік. Не дейсің мұндайларға? Бірақ, еркек осындай екен деп қарап отыра алмаймыз. 2009-2012 жылдарға арналған бағдарламамыз бойынша жақсы нәтижеге қол жеткіздік деп айтсам, артық емес. Бірақ, атқарылған әрекеттен, атқарылуы тиіс дүние көп. Мәселен, медициналық рейд барысында еліміздегі қырықтан асқан ер адамдардың денсаулығын тексердік. Нәтижесін көріп жағамызды ұстадық.

Соңғы жылдарда еркектердің белсіздігі, эректильді қызметінің бұзылуы жаппай етек ала бастаған. Ерлер әйелдерге қарағанда дәрігерге үш есе аз қаралады, осыған байланыс-ты олардың арасында ауруды бастапқы кезеңде анықтау көрсеткіші өте төмен. Әйелдерді «нәзік жанды» деп атағанмен еркектерге қарағанда олардың денсаулығы мықтырақ және өмір жас-тары да ер адамдарға қарағанда 10-15%-ға ұзақ. Мен айтар едім, бүгінде әйелдің емес, еркектің жаны нәзік деп. Мәселен, Қазақстандағы ерлер мен әйелдерді екі топқа бөлейік. Ал енді негізгі өлімге алып келетін ауруларды айтайық. Жүрек-қан тамыр аурулары. Әйелдерге қарағанда бұл аурумен еркектер көп ауырады. Оған темекі тарту, ішімдік, дұрыс тамақтанбау сияқты факторлар әсер етеді. Әрине жаман әдеттің көш басында біз тұрамыз. Қант диабеті. Мұны да есептеңіз. Өз-өзіне қол жұмсау. Бұл тұста да ер азаматтар рекордттық көрсеткішке ие. Физикалық тұрғыдан мықты болғанымызбен, моральдық күйіміз төмен. Күйбең тіршіліктің, өмір проблемаларының шыж-быжын еркектер көтере алмайтын дәрежеге жеткен. Әйелдер кез келген стресс, депрессиядан шығудың жолын қарастырады. Өз-өзіне демеу болады. Ал еркектер ше?

Жұбанышты арақтан, темекіден, жеңіл жүрісті әйелден іздеп, күйзеліске төтеп бере алмаймыз. «Ең оңай жол өлу. Өле салсам, барлық проблемадан құтылам» Міне, еркектердің ойы осындай. Сондықтан жастары ұлғайған сайын ер адамдардың қатары сиреп, әйелдердің саны көбейе түседі. Оның үстіне ұл балалар нәресте кезінде қыздарға қарағанда үш есе көп шетінейді. Осылайша ерлер арасындағы өлім-жітім көбейе түседі. Тағы бір дерек келтірейін, 1990-2000 жылдар аралығындағы сараптама бойынша, өз-өзіне қол жұмсау, қастандықпен немесе жазатайым оқиғалардан қайтыс болуға қатысты өлім-жітімдердің 70-80%-ы ерлердің үлесіне келеді. Нәтижесінде жыныс арасындағы тепе-теңдік бұзылады. Бұл бізде ғана емес, барлық елдерде осылай. Әлем бойынша жыл сайын 25 мың ер адам өз-өзіне қол салады. Тек Жапонияның ақсақалдары ғана әйелдерінен кейін қайтыс болады.

Ер азаматтардың 70%-ы ауру
Ер азаматтардың 70%-ы ауру

ПРОСТАТИТПЕН МИНИСТР ДЕ АУЫРАДЫ

Соңғы бес жылдың ішінде жыныс безі обырынан қайтыс болу фактілері, сүт безі обырынан қайтыс болуға қарағанда екі есеге өскен. Оның себебі – еркектер аурудың алдын алмайды, дерті әбден асқынып, жанына қатты батқан кезде ғана дәрігерге барады. Осы мәселелерге қазірден бастап назар аударылып, мемлекет тарапынан көмек көрсетілмесе асқынып кететін түрі бар, – дейді Алшынбаев.

– Қазақстанда ерлердің репродуктивті денсаулығын сақтау мәселесіне бағытталған саясат жоқ. Ерлердің денсаулығын сақтау мәселесі жөнінде оқыту, дамыту және қолдау көрсету бағдарламасын жасау керек. Оның ішіне сексуалды, репродуктивті және әлеуметтік-психикалық денсаулық мәселелерін кіргізу қажет. Ол мемлекеттің гендерлік бағдарламасын іске асыруға негіз болып табылады. Еркектер арасындағы ауруларды алғашқы кезеңде диагностикалау, ондай ауруға шалдыққан ерлер арасында жүрек-қантамыры мен эндокриндік ауытқулар деңгейін анықтау, қандағы тестес-терон деңгейінің сапасын анықтау айналып келгенде еркектің төсек қатынасындағы күшін арттыру біздің негізгі мақсат.

Қазір простатитпен ауырмайтын еркек жоқ. Сенсеңіз, 13 жастағы жасөспірім балаларда да простата безінің қабыну жағдайлары тіркелуде. Бұл дегеніңіз, жасөспірім бала жігіттік кезеңге жетпей-ақ, ауру. Экологиялық жағдайды қоспағанда, дерттің кең етек алуының негізгі себебі ерте есею. Яғни жыныстық қатынасқа ерте түсу. Бұл жаға ұстататын жәйт. Төсек қатынасының кереметін ерте білген ер баланың жігіттік шағы үрейге толы. Бала ертең төсек қатынасына қауқарсыз, белсіз болады. 18 бен 29 жас аралығындағы жігіттерді де бақылаудан өткіздік. 90%-ы жыныстық жолмен берілетін түрлі инфекциялық аурудың тасмалдаушысы. Бей-берекет қатынасты қалайды, ақырында айықпас дертке душар болады. Айналайындар-ау, біз мал емеспіз ғой? Талғам қайда, талап қайда, өзін-өзі сыйлау қайда?

Ең өкініштісі ауру екенмін деп емделмейді. Асқынған ауру міндетті түрде белсіздікке алып келеді. Үйленеді. Сәби сүймейді. Онда да әйелін емдете береді. Бар кінәні келіншегінен іздейді. Білсеңіз, сәби аңсап жүрген жас отбасылардың 40%-ы ерлердің белсіздігінен. Ол жігіттердің барлығы да жыныстық қатынасқа ерте түсіп, белсіз болғаны емес әрине. Еркектің мойнында жауапкершілік көп. Ауыр жұмыс жасайды, күннің ыстық-суығына қарамайды. Көлік жүргізеді. Осының барлығы да простата безінің қабынуына алып келеді. Салғырт қарайтын жеңіл ауру емес бұл. Ұрық бөлуге, төсек қатынасындағы белсенділікке тікелей қатысы бар дерт. Ауру адам таңдамайды. Простатитпен министр де, қойшы да, инженер де, бақсы да ауырады. Сондықтан, жылына бір рет уролог маманның кеңесін алып отыру керек. Асқынған ауру ракқа алып келетінін әрбір еркектің білгені жөн.

ДЕНСАУЛЫҚТЫ КҮТУДІ ӘЙЕЛДЕН ҮЙРЕН!

«Бізде әйелдердің денсаулығын жақсартуға арналған бірнеше бағдарлама бар. Енді Үкімет ерлердің денсаулығын жақсартуға бағытталған бағдарлама қабылдауы керек. Біз сондай бағдарламаны ұсынып отырмыз. Бірақ ерлерге айтарым, біз өз денсаулығымызға өзіміз назар бөлмей тұрып, Үкімет те ешқандай шара қолға алмасы анық», – деп пайымдайды Алшынбаев.

– Ерлер әйелдерге қарағанда өз денсаулығына немқұрайлы қарайтынына жүргізген зерттеулер арқылы көз жеткізіп отырмыз. Сонымен қатар, ерлер денсаулығымен айналысатын тиісті мекемелер мен ұйымдардың қатары әлі де аз. Барлық ерлер қауымы өз денсаулығына тиянақты әрі емдеу мекемелерінде жиі қаралып тұрса дейміз. Сондықтан урология саласын дамытуға көңіл бөліп, жіті бақылауда ұстау керек. Әйелдер басы ауыра қалса, бірден дәрігерге жүгінеді. Ал біз, ерлер өз денсаулығымызға салғырт қараймыз. Мен жігіттерге үнемі: «Денсаулықты күтуді әйелден үйреніңдер», – деймін. Жалпы, дүниежүзіндегі ерлердің психологиясын өзгерту керек. Сонда барып, ерлер де ұзақ өмір сүретін болады. Ал қыздар жігіттердің жүйкесіне тие бермеуі керек, себебі бұл да белгілі бір ауру туғызатын фактор. Оңтүстікте бала туу көрсеткіші жоғары екені белгілі. Бұл мұндағы еркектердің саулығы жақсы екендігін көрсетеді.

Бірақ, арқаны кеңге салуға болмайды. Біздің бар үмітіміз Оңтүстікте. Ерлердің денсаулығын жақсартуға мұнда бар жағдай жасалған. Урологиялық орталықта жоқ аппарат алынды жақында. Ол өте қымбат. Сондықтан күнгейдің жігіттері бақытты дер едім. Мамандарын оқыттық. Бәрі де білікті. Келіңіз де қаралып кеңес ала беріңіз. Көрші жатқан облыстар осында келіп кеңес алуы керек. Әр облыста орталық ашуға қаржы жоқ. Сондықтан бірегейлендіруге мәжбүрміз. Меніңше, мұның жақсы жағы көп. Оңтүстікте урологиялық клиника, емхана, оңалту орталығы болуы керек. Білікті мамандар ауыр операцияларды жасауды үйренсе бұл мақсаттың да ауылы алыс емес. Бірақ, ең алдымен мұндағы еркектердің тексерілуге, емделуге деген ынтасын ояту керек. Сонда бәрі де жақсы болады. Менің мақсатым – ер азаматтарға көмектесу. Ерлердің денсаулығы ұлттық қауіпсіздіктің кепілі дер едім. Еркектер сау болса, Отанды да қорғайды, демографияға да дем береді, жұмысты да жасайды.

Ақмарал Алтынбекқызы