Таксистің шекесіне пышақ қадаған жігіт қолға түсті

383
Шекесіне пышақ қадалған кісі әупірімдеп аман қалды

Шымкентте таксистерге қарақшылық шабуыл жасап келген қылмыстық топтың мүшесі құрықталды. Бүгін облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі осылай деп хабарлайды. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, күдікті жігіт сыбайласымен бірге түн ішінде такси ұстап, адам аяғы аз жерде жүргізушілерді пышақтап, көліктерін тартып әкетіп отырған.

 

Шекесіне пышақ қадалған кісі әупірімдеп аман қалды
Шекесіне пышақ қадалған кісі әупірімдеп аман қалды

Мына азаматтың көрер жарығы таусылмапты. Оның қақ шекесінен пышақ қадалғанымен, Құдай сақтағанда жаны аман қалды. Жаны сірі екен, көмекті өзі шақырып үлгереді. Айтуынша, көлігіне мініп, «Қайтпас-1» шағынауданына жеткізіп салуды сұранған жас жігіттер діттеген жерлеріне жеткен соң пышақтап кетіпті. Сондағы көздегендері – жүргізушінің нәпақа тауып жүрген көлігі болған.

Жедел жәрдем дәрігерлері жәбірленушіге көмек көрсетуде
Жедел жәрдем дәрігерлері жәбірленушіге көмек көрсетуде

 

Оқиға орнына полицейлер мен жедел жәрдем дәрігерлері тез арада жетті. Басына пышақ сұғылған жігіт ағасының көмекті өзі шақырғанын білгенде олардың таңданысында шек болған жоқ. Барлығы жабылып жүріп, абайлап қозғалтып, таксист кісіні жедел жәрдем көлігіне жатқызады. Одан кейін ары қарай ауруханаға жеткізілді. Ал тәртіп сақшылары адам өлтіруге оқталған бұзақыларды іздеуге кіріседі. Енді, міне, арада үш ай өткенде қаніпезерлердің бірі құрықталып отыр.

 

Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі
Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі

«Қолға түскен жігіт – 22 жаста. Өзі еш жерде жұмыс істемейді, оқу оқымаған да, – дейді Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова. – Бұрын сотты болмаған. Айтуынша, қасындағы сыбайласымен бірге таксистерге шабуыл жасап, көліктерін тонап келген. Яғни, оңай олжаға қол жеткізіп, тартып алған көліктерді арзан бағамен сатып жіберіп келген. Бұл фактілердің барлығы тергеу барысында анықталып отыр.»

 

Қолға түскен жігіт өзінің қалай пышақтағанын тергеушілерге айтып беруде
Қолға түскен жігіт өзінің қалай пышақтағанын тергеушілерге айтып беруде

Тергеу кезінде күдікті жігіт көпке созбай өзінің теріс әрекетін мойындады. Айтуынша, сыбайласы екеуі таксисті тоқтатып, көліктің ішіне отырып алады.

«Адам аяғы аз жерге жеткенде артқы орындықта отырған жолдасым (ол қазір іздеуде жүр) жүргізушінің көзіне шағын баллондағы сығымдалған газды шашады. Ал мен жүргізшінің ішінің бірнеше жерінен пышақтай бастадым. Жаңылмасам, 3-4 рет пышақ ұрдым. Ол қорғанбақ болып, еңкейіп қалғанда қатты ұрылған соңғы соққының бірі шекесіне тиді. Пышақты тартып алайын деп едік, алынбай қойды. Ол қатты айқайлай бастаған соң адамдар жиналып қалмай тұрғанда қашып кеттік. Көлігі алып кете алмай қалдық.»

 

Қарақшылар мініп кетпек болған көлік осы - аса қымбат емес "Фольксваген Гольф"
Қарақшылар мініп кетпек болған көлік осы – аса қымбат емес «Фольксваген Гольф»

Салтанат Қаракөзованың айтуынша, осы оқиғаны тергеу барысында қолға түскен жігіттің тағы бір қарақшылық шабуылға қатысты екені анықталған. Нақты айтқанда, өткен жылдың желтоқсан айында сезікті өзінің сыбайласымен бірге тағы бір таксистке шабуыл жасап, көлігін тартып алыпты. Олар 28 жасар таксисті де ұрып-соғып, пышақтап, көлігін мініп кеткен. Ол таксист те әупірімдеп аман қалды. Ал қарақшылар көлікті сатып жіберген. Қазір күдіктінің сыбайласы іздестірілу үстінде.

Қылмыстық топтың мүшелерінің үстінен адам өлтіруге оқталу, қарақшылық шабуыл жасау, бұзақылық және өзгенің мүлкін тартып әкету фактілері бойынша қылмысты кодекстің 4 бірдей бабымен іс қозғалды. Тергеу амалдары жалғасуда. Тергеушілер бұл қылмыстық топтың өзге де осындай қарақшылық шабуыл жасауға қатысы бар болуы мүмкін деп отыр.

 

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=kFDBrOmp_NU[/youtube]