Мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілде сөйлеуі сынға алынды

331
"Мемлекеттік тіл-мемлекеттік қызметте" байқауы өтті

«Мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілде сөйлейді». Осындай ұранмен Шымкентте мемлекеттік қызметкерлер арасында қазақ тілін насихаттайтын байқау өтті. Сайысқа өңіріміздегі басқармалардан «Тархан», «Мәдениет», «Алдаспан», «Қыран», «Мәдениет» сынды топтар қатысқан. Маңызы мол мәдени шараны қалалық әкімдік ұйымдастырып отыр.

Тілсіз жаумен арпалысатын өңіріміздегі өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметіндегі мамандар мемлекеттік тілге деген құрметін білдіруге асықты. Себебі, шарт солай. Мемлекеттік тілді жетік білу. Бірі осылайша әндетіп айтса, енді бірі жырларына арқау етті. Сахна төріне алғашқы болып көтерілгендер қатарында кедендік бақылау департаментінің мамандары да бар. Олар ең алдымен шет тілінде шүлдірлейтін, қазақ тіліне шорқақ шенеуніктерге ашынады. Бірақ үйренуге кеш емес дейді.

 

"Тархан" тобы мемлекеттік тілді білмейтін шенеуніктерге ашынады
«Тархан» тобы мемлекеттік тілді білмейтін шенеуніктерге ашынады

«Тархан» тобы, ОҚО бойынша кедендік бақылау департаменті: «Жанымызға батады әрине. Біз ол кісілерден үлгі алуымыз керек қой. Мемлекет басында отырған соң, тырысулары керек. Бірақ әлі де болса үйренуге болады. Сол үшін мемлекеттік тілді меңгеруге шақырамыз. Ал бізде, жұмыс барысында мекемеде яғни кедендік бақылау департаментінде барлық құжат айналымдары қазақ тілінде жүргізіледі. Және баршасы көріп отыр ғой, біздің жігіттердің және қыздардың өнер көрсетулері – қазақ тілін сөйлеуі, білу мәнері барлығы да өте жақсы деп айта аламыз. Тіпті өзгелермен салыстырғанда керемет. Алдағы күндері осындай маңызды шаралар мен басқосулар жиі өтіп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймыз. Осылай жалғаса берсе, мемлекеттік тіл өз дәрежесін жоғалтпас еді».

Әзіл-шыны аралас жыр жолдарын да оқыды үміткерлер. Мәдени шара таныстыру, өнер сайысы , терминдер әлемі және олардың жаңа техологияда қазақ тілін қолдану аясын анықтайтын 4 кезеңнен құралған. Басты талап – мамандардың мемлекеттік тілде іс-қағаздармен жұмыс жасауы ғана емес, таза сөйлеп, дұрыс ойлауы. Ал көрермен қауым олардың 100 пайыз мемлекеттік тілде жұмыс жасайтынына сенбейді.

Арайлым Жақсыбаева мемлекеттік қызметкерлердің 100 пайыз мемлекеттік тілді
Арайлым Жақсыбаева мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс барысында  100 пайыз мемлекеттік тілді қолданатынына сенбейді

Арайлым Жақсыбаева, көрермен: «Дәл қазіргі уақытта мемлекеттік қызметкерлер қазақ тілін 100 пайыз жұмыс барысында қолданады деп айта алмаймын. Бұл менің өз пікірім. Әлде де болса үлкен даму керек. Қолдану аясын кеңейту керек, күнделікті жұмыста қазақша сөйлесу керек.  Мен қазір өрт сөндірушілерге тәнті болып отырмын. Сәлемдсулерінің өзін жақсы бастады. Қолдарына домбыра ұстап шыққанының өзі өзгелерден ерекше екендерін дәлелдей түскендей. Қазақтар «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» дейді ғой. Сол себепті, осы топ жеңіске жетеді деп ойлаймын. Ең бастысы мемлекеттік тілде мүдірмей сөйлеп, мәдениеттілігімен, сахна тілімен көпшіліктің көңілін баурап үлгерді ғой. Дегенмен барша қатысушыға сәттілік тілеймін».

Ал қазылар алқасының құрамында Шымкент қалалық қазақ тілін оқыту, салт-дәстүрді және өнерді насихаттау орталығының оқытушысы Айгүл Жұмаева, балалар мен жасөспірімдер орталығы директорының тәрие ісі жөніндегі орынбасары Ислам Көпжасаров, Шымкент қалалық әкімдігі «Шымкент жастары» МКМ-ның директоры Ерлан Айтбаев болды. Төрешілер тіпті өздерінің де күнделікті өмірде өзге тілде сөйлеуге мәжбүр болатынын айтады.

Ерлан Айтбаев, қазылар алқасының мүшесі: «Ия, шет тілдерін қолданамыз. Қолдануға мәжбүр болатын жағдайлар көп кездеседі. Бірақ барымызша қазақ тілін шетке қалдырмауға тырысамыз. Кей кездері достарымызбен әзілдесіп, үйдегілерге  еркелеп өзге тілде сөйлеп жүреміз. Қазақта «Көш жүре келе түзеледі» деген аталы сөз бар.  Мысалы, бүгін бірі қолына домбыра ұстаса, ертең екіншісі ұстайды, оған қарап өзгелері бой түзейді дегендей. Осылай жалғаса береді деп ойлаймын. Шындығын айтқанда орысшадан қазақшаға енді келе жатқан қазақпыз ғой, сондықан мынау қазақ тіліндегі іс-шарала, байқаулар, жалпы көлемді шаралар жиі өтіп жатса мемлекеттік қызметкерлер де жөнімен сөлеуге үйренетін еді ғой. Мәселен, мемлекеттік қызметте жүрген аға-әпкелер мен іні-қарындастарымыз бүгін сахнаға шығып өнер көрсетіп жатыр. Кейбіреулерінің тілі бұралып айтуда, бірақ ең бастысы тырысып жатқандарын бағалап жатырмыз. Олардың  қара домбырасын алып шыққанының өзі баршаға үлкен серпіліс сыйлауда. Бұған қоса мақал-мәтелдерді де сөз арасына араластыруды ұмытпауда. Ал байқау барынша әділ өтіп жатыр, бұған мұнағы көрермендер де куә».

Өңіріміздегі 5 басқарма мамандары қатысқан байқауда өрт сөндірушілер басқармасы қызметкерлерінен құралған «Қыран» тобы бас жүлдені жеңіп алды. 1-орын «Тіл-Қазына» тобына яғни, статистика департаменті мамандарына берілді. 2-орынға «Тархан» (ОҚО бойынша кедендік бақылау департаменті) және «Мәдениет» (ОҚО Мәдениет басқармасы) топтары лайық деп табылды. 3-орын «Алдаспан» (ОҚО қаржы басқармасы) тобына бұйырды. Ал ұйымдастырушылар дәстүрлі шара мемлекеттік қызметкерлерді мемлекеттік тілге баулиды деп сенеді.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=9l_3vlkduGs[/youtube]