ҰБТ-да түсініксіз сауалдар болған

268
ҰБТ Шымкентте

Сұрағы мен жауабы сәйкес келмейтін сауалдар ҰБТ -ның алғашқы күнінде-ақ кездесті. Тестілеуден шыққан шәкірттер осылай деп отыр. Таңғы сағат 9-дан бастау алған білім сынағынан шәкірттер түскі уақыт 13-30 да біртіндеп шыға бастады. Ұзағынан созылған тестілеу барысына өзіміз де куә болып қайттық.

ОҚМФА ғимараты.  Санаулы минуттардан соң, оқушыларға ҰБТ тапсыруға берілген уақыт аяқталады. Бұл уақытқа жетпей, жылдамдық танытып аудиториядан шығып жатқан оқушылар да бар. Бірі алып ұшып қуанышы қойнын сыймай шықса, екіншісінің көңілі су сепкендей басылған.

Аудиториядан алғашқы болып шыққандар алдымен ата-анасына ағылды. Іштегі жағдайды баяндап жатыр. Соның бірі Мұхамедәлі Жәдігеров. Көңілі алабөтен. Қуанады. Күдігі де басым. Себебі сынақ сұрақтарының ішінде түсініксіз құрылғандары да кездесіпті.

Мұхамедәлі Жәдігеров ҰБТ-да түсініксіз құрылған сауалдар болғанын айтады
Мұхамедәлі Жәдігеров ҰБТ-да түсініксіз құрылған сауалдар болғанын айтады

Мұхамедәлі Жәдігеров, талапкер: «Бір сұрақ болды математикадан, мен оны қалдырып кеттім. Себебі кубтың ауданы «-1″ деп қойған. Ешқашан кубтың ауданы » -1″ бола алмайды. Сондай бір түсініксіз, мәнсіз сұрақ келді. Ал қалғандары оңай болды маған. Қазіргі көңіл күйім өте жақсы. «Экзамен» өте оңай болды. Біздің жоғарыда отырған көкелерімізге, Министрлікке, бәріне рахмет. Біздің естіген-білгеніміз бар еді, биыл ҰБТ оңай болады деген. Сол енді рас болды. Аудиториядағы балалардың барлығы да жақсы «настроениемен», күліп отыр. Өзімнің 115 балл жинайтынымды біліп отырмын».

Сынақ уақыты 210 минут. Сағатпен өлшесек, 3,30 сағат. Лезде өтіп кетеді түлек үшін. Алайда уақыты аяқталғанымен іштен шыққандардың қарасы көрінбеді. Қосымша уақыт берілген сыңайлы. Ал бұл кезде тыстағы ата-ананың мазасы кетті. Мониторға телміріп, әрқайсысы перзентіне алаңдап жүр.

Қалима Абжанова ешқандай заңсыз әрекеттер орын алған жоқ дейді
Қалима Абжанова ешқандай заңсыз әрекеттер орын алған жоқ дейді

Қалима Ажбанова, ата-ана: «Менің ең үлкен немерем бүгін ҰБТ тапсырып жатыр. Өте жақсы дайындалды, мектеп мұғалімдерімен бірге өзім де қосылып дайындадым. Мен де математика пәнінің мұғалімі болғанмын, зейнеткермін қазір. Өте уайымдап, қобалжып тұрмын, өзім отырғандай денеміз тітіркеніп, жүрегіміз алып-ұшып, ойымыз сан саққа жүгіріп толқып тұрмыз. Уайымдап тұрмыз мұнда. Бірақ ешқандай заңсыз әрекеттерді байқап жатқан жоқпыз, тыныш бәрі».

Нақыпбек Жақыпбеков, ата-ана: «Ия, таңертеңнен бері осындамыз. Тіпті отырғым келмейді. Арлы-берлі жүріп, өзімнің қобалжуымды баса алмай жүрмін. Немерем тапсырып жатыр. Бұл менің тестілеу пунктіне 4-ші рет келуім. Алдыңғы жылдары 3 немерем тапсырған болатын. Бірақ мен балапанымның біліміне сенемін».

Сынақ нәтижесі бүгін мәлім болып, ертең ресми түрде жарияланады. Мыңды жығар білімділер өз күшіне ал өзгелері аппеляцияға иек артатыны тағы бар. Әзірге түлектерді сынақ алаңындағы еркіндік қуантып отыр.