12 жыл бойы кәсіби біліктілігімді жетілдірдім

Бауыржан Исаев, әнші, халықаралық байқаулардың жеңімпазы
Бауыржан Исаев,  әнші, халықаралық байқаулардың жеңімпазы
Бауыржан Исаев,
әнші, халықаралық байқаулардың жеңімпазы

– Бір кездері кең диапозонды даусымен талайдың таңдайын қақтырған Бауыржан Исаев сахнадан көрінбей кетті. Қазір қайда жүрсіз?

– Иә, соңғы 12 жылда сахнадан көрінбей кеткенім рас. Осы уақыт аралығын кәсіби біліктілігімді жетілдіруге бағыттадым. Яғни, Шымкенттегі саз колледжінде 4 жыл, Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияда 4 жыл оқып, аспирантураға түстім. Одан соң, тәжірибе алмасу мақсатында Франция, Мәскеу қалаларында болдым. Бүгінде Астанаға қоныс аудардым. Елордада мәдени іс-шараларға қатысып, өнеріңді шыңдауға барлық мүмкіндік жасалған. Бүгінде өнерімді өрге өрлету үшін күш салып жатырмын.

– Оқыдыңыз, тәжірибе жинадыңыз. Енді шығармашылықты мықтап қолға алатын шығарсыз. Алдағы уақытқа жоспарыңыз қандай? 

– Биыл шығармашылықпен айналысуды қолға алмақпын. Қазақстанның барлық қалаларына гастрольдік сапарға шығу жос-парда бар. «Ата-анама арнау» атты күйтабақ жарыққа шыққалы жатыр. Оған сараптамадан өткен 50 әннің ішінен 18 ән кірген. Сондай-ақ, жуырда Атырау қаласында жаңа бейнебаянның түсірілімі басталмақ. Сонымен қатар, түрлі бағдарламаларға шақыртулар алып, думанды кештерге қатысып жүрмін.

– Ел алдына шығып есеп беру оңай емес. Халық сізді қалай қабылдады?

– Жыл сайын концерт беріп, Қазақстанның түпкір-түпкірін аралайтын әншілер бар. Өз басым жыл сайын неше мәрте концерт беріп елдің алдына жылтыңдай бергенше, жиып-теріп тәуір дүние ұсынған дұрыс деп ойлаймын. Осы орайда, Шымкентке келудегі бірінші мақсатым 17 жылдан бергі шығармашылығыма есеп беру кешін ұйымдастыру еді. Сахна төрінде симфониялық эстрадалық оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста 20-ға жуық ән орындалды. Концертте өмірдегі және өнердегі достарым Арман Дүйсенов, Мақсат Айтжанов, Берік Сексенбековтер де өнер көрсетті. Айта кетейін, «Ата-анама арнау» деп аталатын есеп беру кеші сәуір айында Алматы қаласында да өткен. Онда да 20-ға жуық ән орындалды. Оған Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Нағима Есқалиевалар қатысқан еді.

– Әншілік өнер жолына қалай түстіңіз?

– Әншілік өнерге бала кезімнен құштар болсам да, дәрігер болуды армандайтынмын. Алайда, ұстазым әнге деген қабілетімді байқап, мектептегі ер балалар хорына қатыстырды. Осылайша, ең алғаш мектеп сахнасында ән айтқаным есімде. 17 жасымда Халықаралық «Азия дауысы», «Жас қанат» байқауларына қатысып, жүлдегер болдым. Міне, кәсіби әншілікке бет бұруыма осы байқаулар себеп болды десем артық айтқаным емес.

– Репертуарыңыз жайында айта отырсаңыз.

– Мен бір бағытта ғана жұмыс істеймін деп айта алмаймын. Өйткені нағыз өнер адамы жан-жақты болуы керек. Сол себепті де, менің репертуарымда классикалық, лирикалық, эстрадалық, халық әндерімен қатар опералық ариялар да бар.

– Жалпы әннің бағын ашу кімге байланысты деп ойлайсыз? Сөзін жазған ақынға ма, әнін жазған сазгерге ме, әлде орындаушыға ма? 

– Меніңше, әннің бағын бір адамға байлап қоюға болмайды. Ақын да, сазгер де шығармашылық адамы. Кез келгені өз тұрғысында бірі әнін, бірі сөзін, бірі орындап, жүректен шыққан дүниені жүректерге жеткізе білсе болғаны. Сонда ол әннің ғана емес, әншінің де бағы жанады.

– Жанұяңыз жайында білгісі келетіндер аз емес.

– Үйдің кенжесімін. Қарапайым қазақы отбасында дүниеге келгенмін. Әкем – Мананбай, анам – Әлима. Әпкемнің есімі – Үржан, ағамның аты – Ғалымжан. Үйленгенмін. Жарым Әйгерім екеуміз Дәмелі және Сәмина есімді қыздарымыздың балдай тәтті қылығына тоймай, тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз.

– Сізді шаруашылықпен айналысады дейді жұрт, сол рас па? 

– (Күлді). Кішігірім мал шаруашылығым бар. Нақтырақ айтсам, 3-4 жылқы мен 5-6 сиыр бағамын. Алдағы уақытта қорадағы мал басын көбейтуді ойластырудамын.

– Әңгімеңізге рахмет, шығармашылық табыс тілеймін!

Сұхбаттасқан – Айжан Ермекқызы