702 ананың құрсағындағы балада кінәрат бар

ОҚО Денсаулық сақтау басқармасы ана мен баланы қорғау бөлімінің бастығы Исабекова Балжан Ахметқызы

Елімізде ана мен бала мәселесіне айрықша мән беріледі. Осы орайда Оңтүстікте ана мен бала денсаулығын қорғау мәселесі қалай жүзеге асып жатыр? Редакциямызға оқырмандардан жиі түсіп жатқан осындай сауалдарға жауап алу үшін ОҚО Денсаулық сақтау басқармасы ана мен баланы қорғау бөлімінің бастығы Исабекова Балжан Ахметқызын әңгімеге тартқан едік.

ОҚО Денсаулық сақтау басқармасы ана мен баланы қорғау бөлімінің бастығы Исабекова Балжан Ахметқызы
ОҚО Денсаулық сақтау басқармасы ана мен баланы қорғау бөлімінің бастығы Исабекова Балжан Ахметқызы

–Балжан Ахметқызы, ана мен баланы қорғау бөлімінің атқаратын қызметі жайында айтып беріңізші?

– Ана мен баланы қорғау бөлімі Денсаулық сақтау басқармасының құрылымдық бөлімшесі болып табылады. Бөлім медициналық ұйымдардың жұмыстарын ұйымдастырады. Сондай-ақ, әйелдер мен балалардың денсаулығын сақтау, өлімді азайтуға бағытталған жұмыстармен айналысады. Білікті және мамандандырылған көмек көрсететін емдеу – алдын алу медициналық ұйымдарының қызметіне бақылау жүргізеді.

– Бүгінде ана мен баланың денсаулығын жақсартуға бағытталған қандай іс-шаралар атқарылуда?

– Ана мен бала денсаулығын жақсарту, олардың арасында өлім-жітім көрсеткіштерін төмендету – өзекті проблемалардың бірі екені жасырын емес. Осы орайда Қазақстан бойынша біздің облыс бірінші болып акушерлік және неонатальдық көмек көрсетуді аймақтандыруды жүргізді. Жүкті әйелдер мен жаңа туған балаларды тиісті деңгейде тасымалдау үшін жағдай жасалынған. Ауыр жағдайдағы әйелдер мен нәрестелерге қажетті көмек көрсете отырып, күнделікті мониторинг жүргізу жолға қойылған.

Облыста сары аурудың алдын алу мақсатында соңғы 2 жылда скринингтер өткізіліп тұрады. Тексеру барысында 2011 жылы 46595 баланың 256-сы, 2012 жылы 17700 бүлдіршіннің 107-сінде сары ауру белгілері анықталды. Осы орайда, бүгінде профилактикалық шаралар жүргізілуде. Сондай-ақ, облыстық перинаталдық орталығы құлағы ауыр еститін нәрестелерге скрининг жүргізеді. Скрининг барысында 2012 жылы 9387 нәресте тексеруден өтсе, соның 155-інде, ал 2013 жылдың 4 айында тексеруден өткен 5486 сәбидің 140-ында ауру анықталған.

Бүгінде заманауи құралдармен жабдықталған облыстық балалар ауруханасы мен жаңа перзентханалар, перинаталдық орталықтар жұмыс істеп жатыр.

– Ана мен бала өлімін тежеу мақсатында қандай іс-шаралар ұйымдастырылуда?

– Оңтүстік демографиялық өсімі жағынан республика бойынша алдыңғы орында келе жатыр. Алайда, денсаулық сақтау департаменті мамандарының жүргізіп жатқан іс-шараларының нәтижесінде, соңғы 3 жылда бала туу көрсеткіші төмендеп отыр. Өйткені, бала тууға болмайтын келіншектер мен екі немесе үш сәбиі бар аналар қатаң бақылауға алынған.

Айта кетейін, бүгінгі таңда ана мен бала мәселесіне тек денсаулық сақтау саласының мамандары ғана жауап бермейді. Сондай-ақ, аудан, қала әкiмдiктерi тарапынан арнайы штаб құрылып, жұмыс істеуде. Баланы мүлде көтеруге болмайтын әйелдер ауыл әкімдігінің бақылауында. Біздің тарапымыздан аяғы ауыр аналарға тиісті көмек, қолдау көрсетіліп жатыр. Оларды ерте есепке тұрып, өзінің де, баласының да болашағына қатер төндірмеуі жайында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Осы жерде айта кетейін, облыс бойынша соңғы 5 жылда ана өлімі 35,5 %, бала өлімі 39,9%-ға төмендеп отыр.

Облыстағы ауруханаларда құрсақтағы сәбидің денсаулығындағы кінаратты анықтайтын ультрадыбыстық құралдар бар. Сонымен қатар,іштегі шарананың эхокардиографиялық және туа біткен кемістігін анықтайтын арнайы 52 маман шетелде біліктілігін арттырып, тәжірибесін шыңдай түсті. 2011 жылы тексеруден өткен жүкті келіншектердің 217-інде, 2012 жылы 387-інде,2013 жылы 702 ананың құрсағындағы шарана денсаулығында кінәраттары бар екені анықталған. Анықталған аурулардың басым көпшілігі ана мен баланың өміріне қауіп төндіретін болғандықтан, дәрігерлер шарананы алып тастауға кеңес береді. Алайда, болашақ аналар жүктілікті тоқтатудан бас тартып, әйелдерге кеңес беру орталығына да, тексеруге де келмей қояды. Осының салдарынан босану кезінде ана не баланың өміріне қауіп төніп, екеуінің бірі көз жұмады. Өздерінің қателігін мойындағысы келмеген жәбірленушілер дәрігерлердің жағасынан алып жатады.

– Сіздің ойыңызша ана мен бала өлімінің себебі не? 

– Ана мен бала өліміне ең бірінші себеп – дәрігерлердің біліктілігінің төмендігі. Мұндай қайғылы жағдай босандыру әдістері дұрыс жүргізілмегендіктен де орын алады. Сондай-ақ, жедел медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырудың да дұрыс жолға қойылмағандығы себепші. Әйелдердің өз денсаулығына немқұрайды қарауы да көп жағдайда қайғыға әкеп соғады. Оңтүстіктегі ана өліміне себеп болатын тағы бір мәселе – маман тапшылығы. Білікті дәрігерлер санының аздығынан шалғай аудандарда ана өлімі жиі тіркеледі. Алайда, бүгінде денсаулық сақтау саласында ана мен бала денсаулығын жақсарту, олардың өлімін тежеу мақсатында түрлі іс-шаралар қолға алынып, жұмыс істелуде.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан – Айжан Ермекқызы