Бүгін бүкіләлемдік балық шаруашылығы күні

Балық аулау науқаны 1 сәуірге дейін жалғасады

 

Балық аулау науқаны 1 сәуірге дейін жалғасады
Балық аулау науқаны 1 сәуірге дейін жалғасады

Бүгін бүкіләлемдік балық шаруашылығы күні. Бұл дата 1984 жылы Римде болған балық шаруашылығын дамыту мен реттеу жөніндегі халықаралық конференцияның шешімімен бекітілген болатын. Ал балық аулаймын деп айыппұл төлеген жерлесіміздің жайі әлі естен шыға қоймаған болар. Сайрам ауданының тұрғыны Бахтияр Төлемітов Сырдария өзенінен ұзындығы 3 метрге жуық, салмағы 150 келіні тартатын лақа ұстап, іле-шала ол балық аулауға рұхсаты болмағаны, қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін 55 мың теңге айыппұл төлеген еді. Заңсыз ауланған балықтың әр келісі үшін 46 мың теңге тағы айыппұл салынған.

Тыйым салынған мерзімде балық ұстап, айыппұл төлемесе де, аулауға рұқсат етілген балықтарды сатып алып жеп жүрген жерлестеріміз де жетеді. Қазір базарда балық саудасы қыза бастаған. Сазанның келісін – 350-600-дің арасында сатып алсаңыз, судак, яғни тісті балықты 400 теңгеден саудалауға болады. 12 жылдан бері балық саудасымен айналысатын Ұлбосын Өтенова балық таңдауда небір білікті маманыңыздан кем емес. Жеңсік асқа тәбетіңіз ашылып, сатып алуға барсаңыз болғаны, балғын балықты таңдаудан бөлек, тазартып та береді.

Балықтың денсаулыққа пайдасын қайталаудан дәрігерлер ешқашан жалыққан емес. Оның көз, жүрек, мидың жұмысына, жалпы бүкіл ағзаға таптырмас ем екені әлімсақтан белгілі. Тіпті, аптаның бір күні «балық күні» ретінде атап өтетін отбасылар да көп. Солардың бірі Омарбек Есмұрзаев та бүгін осы әдетінен жаңылмай сазанның 10 келісін сатып алды.

Жалпы, балық аулау кәсібі – адамның тәнімен қоса, жанын да тыныштандыратын іс саналады. Психологтардың сөзінше, балық аулауға жаны кұмар жандардың бойына байсалдылық пен сабырлылық серік болады екен. Биыл балық аулау науқаны 1 маусымнан бастап ашылды. Келесі жылдың сәуіріне дейін бұл маусымның жалғасатынын балықшыларға құлаққағыс ретінде айта өтейік. Өйткені, сәуір мен мамыр айлары балық уылдырықтайтын мерзім болып саналады.