Тәуелсіз елдің тұмары

4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні

Егемендіктің ең басты белгісі – мемлекеттік рәміздер. Әлемде тәуелсіз деп мойындалған қанша мемлекет болса, сонша рәміз бар.

4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні
4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні

1992 жылдың 4-маусымында Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері бекітілді. Бұл күн ел тарихында мемлекеттік рәміздер күні болып белгіленді.

Рәміздерді дайындауда үлкен байқау болғаны ел жадында. Мысалы, мемлекеттік Тудың бейнесін жасауға үміткер ретінде 600 суретші өз жұмыстарын ұсынған. 1200-ден астам нұсқаның ішінен Шәкен Ниязбековтің қылқаламынан туған бүгінгі Туымыздың бейнесі озып шықты.

Мемлекеттік Елтаңбада (герб) 245 жобаның ішінен үздік деп танылған нұсқасын сәулетшілер Шота Уәлиханов пен Жандарбек Мәлібеков жасаған.

Өздеріңізге белгілі, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Мемлекеттік Гимнінің сөзін Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Жадыра Дәрібаева, ал әнін – Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди жазған болатын. Ол Гимнді он үш жылдай шырқағанымыз бар.

Ал 2006 жылы 10 қаңтарда Шәмші Қалдаяқовтың бұған дейін елге танымал әні «Менің Қазақстаным» – Мемлекеттік Гимн болып бекітілді. Елуінші жылдары қазақтың рухын көтеру, намысын қайрау мақсатында жазған Жұмекен Нәжімеденовтің өлеңіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев уақытпен үндестіру үшін өзгерістер енгізді. Әні сол күйі сақталып қалды. Бұл ән падишасы Шәмші Қалдаяқовтың ұрпаққа қалдырған өлмес мұрасы екенін айқындай түсті.

Бүгінгі күні біздің көк байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының ғимаратының алдында, бүкіл дүние жүзіндегі мемлекеттерде орналасқан елшіліктеріміздің маңдайшаларында желбіреп тұр. Ал қазақтың көк Туын ғарышкер, алаш азаматы Талғат Мұсабаев ғарыш кемесімен бірге алып ұшып, Жеті қабат көкке көтерген тұста қазақ елінің еңсесі де бірге көтерілді. Альпинистеріміз көк байрағымызды әлемнің ең биік шыңдарына алып шықты, дүлдүл спортшыларымыз асқақтаған Әнұранымыздың әуенімен Туымызды абырой биігіне көтере желбіретіп жүр. Бүгінде еліміздің мемлекеттік рәміздері халықаралық қауымдастық пен саралы сарапшылар, талғамы жоғары танымгерлер тарапынан жоғары бағаға ие болып, әлемдік катологқа енді.

Әрине, мемлекеттік рәміздеріміздің мән-мағынасына да сән-салтанатына да мін таға алмаймыз. Сөз жоқ, Әнұранымыз – асқақ, Елтаңбамыз елдігімізді паш етіп тұрса, көк байрағымыз аспанның елшісіндей жайнап-ақ тұр. Осынау құндылықтарымыздың мерейін асқақтататын мереке күні де белгіленген. Алайда, елдігімізбен мақтанатын бұл күнді тойлауға келгенде тек құзырлы мекемелерде өтетін ресми шаралармен ғана шектелетініміз өкінішті-ақ. Әншейінде, шетел асып келген мерекелерді дүркіретіп, жалпы халықтық мереке етіп өткізетін жастардың ұлттық рәміздер күнін бірі білсе, бірі білмейтіні өкінішті.

Оның үстіне Елтаңбамыз бен Тудың орналасу орнынан да көп қателік жіберіп алып жататынымыз бар. «Отаншылдықтың» үлгісі осы екен деп Туды кез-келген жерге ілуге құмбылмыз. Осылай ету арқылы оның абыройын түсіріп алып жатқанымыз да жасырын емес. Жыртылған туға мән бермеуге айналдық. Мереке қарсаңында «Патриоттар шеруі», «Патриоттар акциясы» деген іс-шаралар ұйымдастырылатыны белгілі. Біздің патриоттығымыз тек бір күнмен айқындалып, бір күнмен бедерленбегені абзал. Жастар мемлекеттік рәміздерді күн сайын ұлықтаса дейміз. Ал аға ұрпақ жастардың осындай игі істерін қолдап, қуаттап, бағыт сілтеп отырса қандай жарасымды. Бұл орайда ардагерлер кеңесі патриоттар шеруіне ардагерлерімізді де ұйымдастырып бастап шығуда. Мұның несі сөкет?! Ата-апасының мемлекеттік рәміздерді қалай насихаттап, қалай құрмет тұтып отырғанын көзбен көрген немере соны қайталауға, үйренуге тырысары сөзсіз.

Мақпал Рысбаева

Шәкен Ниязбеков
Шәкен Ниязбеков

Шәкен Ниязбеков, суретші-сәулетші

– Тәуелсіз еліміздің төл Туында негізінен үш мәселе көрініс тауып отыр. Ең алдымен, Тудың көк аспанмен ұқсас түсі. Екіншіден, Тудың ортасындағы Күн мен Қыран. Ал, үшінші ерекшелігі, ол – қошқар мүйіз оюының берілуі. Егер әлемдік дүниетанымға жүгінсек, көк түс – тазалықты, адалдықты, бейбітшілікті айқындайды. Әлі есімде, Тудың жобасын талқылау кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бірыңғай көк түс байырғы сабақтас-тықпен қоса, жас мемлекетіміздің бір-тұтас унитарлық сипатын білдіретін ұғым» деп өзінің ойын айтқанды. Ол кісінің бұл ойы менің жүрек түкпірімдегі ойыммен астасып жатты. Ал, Күн дегеніміз – Алла тағала жаратқан тіршілік көзі. Қыран құс – ерлік пен азаттықтың символы. Ал, қыранды алғаш рет тек қазақтар ғана бағындырып, қолына қондыра білген. Сондықтан да, қыран құстың Туымызда бейнеленуі – заңдылық.

Бақытжан Сейфолла
Бақытжан Сейфолла

Бақытжан Сейфолла, Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы прокурорының орынбасары, кіші әділет кеңесшісі

– Назарға алар жай, Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаның эталондары ел Президентінің Резиденциясында сақталады. Сонымен бірге Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаның көлемі пайдалануына қарамастан барлық жерде ұлттық стандартқа сай болуы тиіс. Мемлекеттік емес ұйымдардың және олардың лауазымды адамдарының бланкілерінде, мөрлерінде және басқа да реквизиттерінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасының бейнесін пайдалануға тыйым салынған. Баршамызға мәлім, қолданыстағы заңнамамен белгіленгендей, Мемлекеттік Гимн көпшілік алдында орындалған кезде қатысушылар оны орнынан тұрып айтады (тыңдайды). Бұл ретте ел азаматтары оң қолын жүрек тұсына қояды. Өз кезегінде, мемлекеттік рәміздерді дайындау, пайдалану, орындау тәртібін бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 354-1 бабында әкімшілік жауапкершілік көзделген. Сондықтан, барша азамат мемлекеттік рәміздерді пайдалануда заңнама талаптарын сақтауы тиіс. Мемлекеттiк Ту және Елтаңба ұлттық стандартқа сәйкес келмеген жағдайда ол ҚР Үкіметі айқындайтын тәртіппен ауыстырылуға және жойылуға тиіс. Мемлекеттiк Тудың және Елтаңбаның бейнесiн қоғамдық бірлестіктер мен басқа да ұйымдарда, діни бірлестіктер мен жекеншік нысандарда (мәселен, кафе-ресторан, жанармай бекеттерінде, дүкендерде, т.б.) пайдалануға болмайды. Патриоттық мақсатта жеке үйлерде тек Ту ғана ілінуі мүмкін.