Ажалын судан тапқандар көбейді

Республика бойынша 2013 жылдың 5 айында 57 адам, оның ішінде 13 жасөспірім суға батып өлген. ҚР Суда құтқару қызметі мамандары биыл – 114, оның ішінде 23 баланы суға батудан құтқарып қалған. Алматы облысынан – 13, Оңтүстік Қазақстан облысынан – 10, Қызылордадан – 8 адам суға тұншыққан. Ал кешегі сенбі-жексенбіде республика бойынша 17 адам суға шомыламын деп тұншығып қайтыс болған.

57 адам суға кетті
57 адам суға кетті

Өкініштісі бұл көрсеткіш жылдан жылға азаймай отыр былтыр облыс бойынша суда тұншыққандардың саны 23 болса, оның 12-і жасөспірім екенін естеріңізге сала кетейік.

ОҚО Төтенше жағдайлар департаменті Суда құтқару қызметінің мамандары биыл – 103, өткен жылы – 127 суға батып бара жатқан азаматты құтқарып қалыпты. Қол қусырып қарап отырмағандарын айтады. Елді құлақтандырып, қайғылы жағдайдың алдын алу шараларын жүргізетіндіктерін, жиі жарнама беріп, БАҚ арқылы құлақтандыру жасайтындықтарын алға тартты. Сонда адамдар суға қалай ғана кетіп жатыр?

Фархат Мамедұлы
Фархат Мамедұлы

Облысымызда шомылу маусымы мамырдан басталып, қазан айына дейін созылады. Осы уақыт аралығында Суда құтқару қызметі мамандарының жұмысы қыза түседі. Суда шомылудың қауіпсіздік шараларын сақтамай ажал құшқандар жайлы аз жазылып, аз айтылып жүрген жоқ. Ал сүңгуірлер мен құтқарушылар жайлы не білеміз? Олар кімдер? Бұл іске нағыз маман тартылған ба? Құтқарушы-сүңгуірдің бойында қандай қасиет болу керек? Бізді ендігі жерде осы сауалдардың жауабы қызықтырды. Суда құтқару қызметі мекемесі директорының орынбасары Фархат Мамедұлына жолықтық.

– Бүгінде суда құтқару қызметі мемлекеттік мекемесінде 63 адам жұмыс істейді. Олардың 24-і сүңгуір, 34-і құтқарушы, 5-еуі кеңсе қызметкері. Біздің мекемеге қарайтын 6 құтқару бекеті бар. Олар Шардара су қоймасында, Тоғыс, Бадам, Бөген өзендері мен Қошқар ата, Тұлпар көлінде орналасқан. Бір бөлімшеде 10-12 адамнан қызмет атқарады. Біздің мекемеде жұмыс істейтін жігіттер өте тәжірибелі. Барлығының кем дегенде 10-15 жылдық жұмыс өтілі бар, – дейді Фархат Сулейманов. – Мәселен, ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко Дінмұхамет Нысаналиев есімді құтқарушы-сүңгуірдің еңбегіне жоғары баға беріп, арнайы Алғыс хатпен марапаттады. Ал, 2010 жылы Төтенше жағдайлар департаменті Суда құтқару қызметкерлері арасында ұйымдастырылған республикалық жарыста біздің жігіттер І-ші орыннан көрінсе, 2011 жылы ІІ-орынды місе тұтты. 2012 жылы V-орынға табан тіреді. Бұл біздің құтқарушы-сүңгуірлердің кәсіби біліктілігі мен өз мамандығының нағыз шебері екенін аңғартады. Биыл тамыз айында өтетін жарыста біздің құтқару қызметінің жігіттері топ жарады деген ниеттемін, – дейді Фархат Мамедұлы.

Мұрат Төртбаев
Мұрат Төртбаев

Келесі бір кезекте Суда құтқару қызметі мемлекеттік мекемесінің оқу және алдын алу жұмыстары жөніндегі аға әдіскері Мұрат Төртбаевпен кездесіп, Шымкент қаласында орналасқан Тұлпар құтқару бекетін аралап, құтқарушылардың жұмысымен таныстық. Оның айтуынша құтқарушы-сүңгуір атану үшін арнайы бір мамандықты игеру шарт емес. Жоғарғы білімі бар, жақсы жүзе алатын, кез-келген жағдайда өзін-өзі ұстай білетін азамат осы салада жұмыс істей алады. Мәселен, аталмыш мекемеде заңгер, экономист, тіпті мұғалім мамандығы бойынша білім алған азаматтар да құтқарушы-сүңгуір болып жұмыс істейді. Департаментке жұмысқа орналасу үшін 3 айлық оқу-жаттығу сабақтары өткізіледі екен. Мәселен,Тұлпар құтқару бекетінде жұмыс істейтін 10 адам демалушылардың суға батып кетпеуін қадағалайды. Оларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді. Онда моторлы, ескекті қайықтар, құтқарушыға қажетті барлық құралдар мен киімдер де бар көрінеді. Суға бату оқиғалары орын алған жағдайда, құтқарушылар алғашқы медициналық көмек көрсетуге машықтанған. Мамандардың айтуынша, облыстағы судан құтқару бекеті өз жұмысын ойдағыдай атқару үшін 76%-ға жабдықталған. Десек те, құтқарушылар қайығының тозығы жетіп тұр. Суда пайдаланатын құрылғылары мен киімдері де әбден ескірген. Алайда, мекеме басшылығы қолда барды қанағат тұтып отыр.

Дінмұхамед Нысаналиев
Дінмұхамед Нысаналиев

Құтқару бекетіндегі ең маңызды тұлға – құтқарушы. Апаттық құтқару жасағының бас сүңгуір маманы Дінмұхамед Нысаналиев  құтқару қызметіне 14 жасында келіпті. Алдымен еріктілер жасағында жүрген. Бертін келе штатқа қабылданыпты. Осы салада жүргеніне 15 жыл болған. «Тоғыс» құтқару бекетінде – 5, Тұлпарда – 10 жыл бойы құтқарушы-сүңгуір болып істеп келеді. «Жастың да, кәрінің де, әйелдің де мәйітін судан шығарғанбыз. Бұл салада ең қиыны судан жас баланың өлі денесін алып шығу. Бірнеше күнге дейін оның бейнесі көз алдыңнан, ал ата-анасының зар еңіреген дауысы құлақтан кетпейді»,-дейді құтқарушы жігіт. Дінмұхамедтің айтуынша, кейде, жағалауға шығып қалған мәйіт иістеніп, тіпті оның қасына ағайын-туысы да бара алмай қалады екен. «Ал, біз марқұмның денесін жуып, ақ матаға орап, мәшинеге салып, ағайын-туысына тапсырамыз», – дейді.

Құтқарушылардың қайығы тозған
Құтқарушылардың қайығы тозған

Артық болмас білгенің…

I. Көлдерде, тоғандарда, тоқтау сулар мен шалшық суларда шомылудың қаупі 

Мұндай орындарда шомылудың қаупі мол. Себебі инфекциялық аурулардың қоздырғыштары ашық су көздерінде: Іш-сүзегі 183 тәулік, дизентерия 12-92, оба 4-92, туляремия 7-31, бруцеллез 4-45 тәулікке дейін өмір сүреді.

II. Аяқ-қол тырысуы (судорога) болғанда сіздің іс-әрекетіңіз

Суық суда шомылу қол-аяқтың тырысып қалуына әкеліп соғады. Егер тырысу болғанда жүзуді тоқтатып суға арқаңызбен шалқалай жатыңыз, сабырлық сақтаңыз. Қолыңыздың саусақтары тырысып қалғанда жұдырығыңызды түйіңіз, қолыңызды бір жаққа қарай серпе лақтырып, жұдырығыңызды ашыңыз. Балтыр бұлшық еті тырысқанда бүгіліп қолыңызбен аяғыңыздың басын қысып бар күшіңізбен өзіңізге қарай тартыңыз, немесе аяғыңызды судың астына созып, аяғыңыздың бармақтарын алға иіңіз. Содан соң балтырыңызды сылаңыз. Тырысу қойысымен тынығып алып, жүзудің басқа әдісімен жағаға шығыңыз.

III. Су иірімінен шығудың тәсілдері

Егер иірімге тап болсаңыз, кеудені кере дем алып, иірімнің астына сүңгу керек. Судың астында иірімнен алысырақ кетуге тырысыңыз. Иірімнен алыстаған соң судың бетіне қайта шығып жағаға қарай жүзіңіз.

IV. Суда қатты шаршаған кездегі іс-әрекет

Суда ұзақ шомылу шаршап – шалдығуға әкеліп соғады. Егер суда шарашасаңыз немесе тоңсаңыз тез арада жағаға қайтыңыз. Сабырлы болған жөн. Әлсін – әлсін шалқалай жатып дем алып, күшіңізді үнемдеп, өзіңізді және уақытты бақылау үшін, жаймен дауыстап санаңыз. Егер өз күшіңізбен жағаға жете алмайтыныңызды сезсеңіз, шалқалай жатып қол бұлғап көмек шақырған абзал.

V. Суық судың қаупі

Суық суға түсіп кеткен адам 10-30 минутта көбіне суық өтіп қайтыс болады (5-7С 2-ші дәрежелі гипотерамия). 5-15 минут қимылсыздық суықтан талуға (шок) және өлімге әкеліп соғады. Суық судан шығарылып, аман қалғанның өзінде жиі-жиі есінен танады. Организмнің жалпы салқындауы қатты шаршағанда, ашыққанда, мас күйінде тезірек болады. Физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты әйелдер суық суға төзімдірек болады, ерлер 4-5 минуттан соң-ақ жүректері тоқтап қалуы мүмкін. Суық суда клиникалық өлім 30-60 минутқа, жылы суда 5-6 минутқа созылады. Тұщы суға батқан адам 1-3 минутта, ал теңіз суында 7-8 минутта қайтыс болады.

VI. Судағы қатерге ұшыраған адамға алғашқы көмек 

Қатерге ұшыраған адамға көмек көрсеткенде мүмкіндігінше тездетіп оттегі жетімсіздігін қолдан дем алдыру тәсілін қолдану арқылы жойыңыздар. Қатерге ұшыраған адамды судан алып шыққаннан кейін оның киімін беліне дейін шешіп, демалу жолдарының жоғары жағын және асқазанын судан босатуға кірісу; қатерге ұшыраған адамның аузын азу тістерінінің әр жағынан саусақпен қармай, немесе қол орамалмен, не дәке оралған пышақ жүзімен, шай қасықтың сабымен немесе жалпақ темір затпен ашыңыз. Ауыз ішін шырыш пен балдырдан тазалау керек.

Қатерге ұшыраған адамның жоғарғы тыныс жолдары мен асқазанын судан арылту үшін оның кеудесін көмек көрсетушінің тізесінің бүгілген аяғының үстіне басын төмендетіп салып, кеуде сүйегінің астыңғы бөлімдерін ырғақпен қысып баса беру. Ең жеңіл және тиімді тәсіл – «ауыздан – ауызға» немесе «ауыздан – мұрынға» ауа үрлеу. Қатерге ұшыраған адамды бетін жоғары қаратып жатқызып, бір қолды оның мойнының астына жіберіп, екінші қолымен маңдайынан басып, басын мүмкіндігінше шалқайту. Бас бармақпен және сұқ саусақпен қатерге ұшыраушының мұрнын қатты қысып, демді ішке терең алып, аузына минутына 18-20 дем салу керек. Оның жүрек соғуын ұдайы қадағалаңыз. Егер жүрек соғуы тоқтап қалса қолдан демалдырумен қатар, жүрекке тікелей емес массаж әдісін қолданған дұрыс. Ол үшін: жүрек тұсына бір алақанды қойып, екіншісін айқастыра салып, екі қолдың да саусақтары көтеріңкі болу шарт, дене салмағын пайдалана, төс сүйекті омыртқа жотасына қарай 4-5 см қысады, жиілігі минутына 70-72 рет.

Есте сақтаңыздар! Судағы апаттан қорғанудың ең сенімді жолы – суда шомылу ережелері мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау!

Айжан Ермекқызы