Мүгедектік үшін төленген жәрдемақыны қайтаруды талап етуде

Жанар Сманова, мүгедек қыздың анасы

Зейнетақы төлеу орталығы мүгедек баланың ата-анасымен соттасып жатыр. Әлеуметтік төлемдер мекемесі мүмкіндігі шектеулі жанның туыстарынан мемлекеттен алған жәрдемақының бір бөлігін қайтаруды талап етіп, сотқа арызданған.

Жанар Сманова, мүгедек қыздың анасы
Жанар Сманова, мүгедек қыздың анасы

Тумысынан құлағы нашар еститін 10 жасар Сабина Кузнецова осы уақытқа дейін мемлекеттен арнайы жәрдемақы алып келген. 2008 жылы құлағына жасалған күрделі отадан кейін ғана Сабина естіп-сөйлей бастапты. Ал 2009 жылдан ол Леңгір қаласындағы құлағы нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернатында оқи бастаған. Қыздың ата-анасын сотқа берген Зейнетақы төлеу орталығы интернатқа өткізілгеннен кейін балаға төленетін жәрдемақы тоқтатылу қажеттігін айтып шағымдануда. Бұл мәселеден бейхабар Сабинаның анасы Жанар Сманова енді соттың алдында жауап беруде.

Жанар Сманова, мүгедек қыздың анасы: «Мүгедектікке берілетін жәрдемақының мектеп-интернатына өткізгеннен кейін тоқтатылатынын білгенім жоқ. Маған бұл жөнінде ешкім айтқан емес. Қызымның жағдайымен ары-бері сабылып жүргенде, бұл мәселені заң тұрғысынан ойлайтындай жағдайда болған жоқпын».

Мемлекеттен ай сайын бөлініп отырған жәрдемақыны Жанар Сманова өзінің жеке басының қамына емес, мүгедек қызының дәрі-дәрмегі мен керек-жарағына жұмсап отырған. Заңды жіті білмегендіктен осындай келеңсіздікке душар болған ата-ана дау-дамайдың адамгершілікпен шешілуіне үміт артуда. Ал Зейнетақы төлеу орталығының мамандары «бала мемлекет қамқорына алынғаннан кейін 15 күн ішінде бізге хабар берулері керек еді» деп, жәрдемақыға төленген шығын көлемін есептеуде.

– Бізге қайтарылуға тиіс сома 384 мың 996 теңгені құрайды. Алғаш жазылған өтініш негізінде біз ол кісіні сотқа беруге толық құқылымыз. Алдымен мәтінмен толық танысып, кейін қол қою қажет еді.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=GmZNrOC2E_k[/youtube]