Ордабасы ауданында мектеп тапшы

567
Ауданда мектеп тапшы

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Ордабасы ауданында болып, жарты жылдықта атқарылған жұмыстардың есебін алды. Иілген басты қылыш кеспейді, деді ма Ордабасы ауданына жаңа тағайындалған әкім баяндамасында басқаруындағы аймақтың кемшілігін тізіп, өз-өзін іреп салғандай болды. Аудандағы барлық өзекті мәселені жіпке тізген Самат Сапарбаев «өзіне дейін жұмыс тек қағаз жүзінде істелгенін» жайып салды. Қала берді, ауданда бірде бір қайта өңдеу өндіріс орындарының жоқ екенін де мәлімдеді.

Ауданда мектеп тапшы
Ауданда мектеп тапшы

Баяндамасын өнеркәсіп саласынан бастаған Самат Сапарбаев облыс көлемінде шығатын қыштың басым үлесі Ордабасы ауданында болғанымен, оның 15-і салық органдарында тіркелмеген дейді. Кәсіпкерлік субъектілер 6 мыңға жеткінімен, бірде-бір көкөніс өңдейтін цех жоқ екен. Ең сорақысы Елбасы тапсырмаларын орындау кенжелеп келеді деп жайып салды. Бір емес, бірден бірнеше  сын ескертпелерді өзі саралап берген әкімнің бұл баяндамасы өңір басшысын ә дегенде абдыратып тастады. Бұған дейінгі есебін тыңдаған аудан басшыларының апшысын қуырған Асқар Исабекұлы бұл жолы, «аз сын ескертпелер айтылған жоқ. Бұл жөнінде нақты іс-жоспар түзілуі керек. Мұқият талдану керек. Сосын тоғыз айдың қорытындысы бойынша тағы қараймыз» деп қысқа қайырды.

бидай ору науқанымен де танысты
бидай ору науқанымен де танысты

Алты  айдың қорытындысы бойынша аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысын орнынан алу мәселесі де қаралды. Айтылған сынның орындалуы әкімнің өзіне жүктелді. Айтпақшы, ауданда мектеп тапшы. Биылғы оқу жылында оқушылардың басым бөлігі 3 аусымда оқуы ықтимал. Аудандағы екі мектеп апатты жағдайда. Шұбарсулық ақсақалдар өңір басшысынан мектептің мәселесін жылдам шешіп беруді сұрана келген кездесуге. «Достық» мектебінің үш ғимараты бұрынғы саяжай. Бала сыймағандықтан тағы екі ғимарат жалға алынып, пайдаланылуда. Балаларының болашағына алаңдайтын қариялардың тілегі орындалуы үшін, ең бірінші құрылыс жүретін жер керек. Ал іргетасы  2004 жылы қаланған Шұбарсу ауылындағы Б.Нұрлыбеков атындағы жалпы орта мектеп 360 оқушыға арналған. Бірақ, қазір мұнда оқушы саны үш еседей көп. Әрі үш аусымда оқиды. Ал, аудандағы мектеп мәселесі 2017 жылы толықтай шешіледі дейді білім бөлімінің басшысы Әбдіғаппар Мырзалиев.

Әбдіғаппар Мырзалиев, Ордабасы ауданы білім бөлімінің басшысы: «Біздің ауданда 66 мектеп болатын болса, соның 17-і саманнан салынған. Яғни қышпен салынған мектпе деп есептеледі. Төртеуі негізгі мектеп. Жетеуі бастауыш мектеп, қалғандары негізгі мектеп. Сол орта мектептің төртеуіне мектеп салынады деп жоспарлап жатырмыз»-дейді жауапты.

Есесіне, ауданда балабақша жетерлік. Он үш мектепке дейінгі орталықтың саны биыл тағы бесеуге артпақ. Жекеменшік «Ай-ару» бақшасының құрылысымен танысқан Асқар Исабекұлы 300 орынды бақшаға жұмсалып отырған қаржыны құптамады. Кәсіпкерді үнемділікке шақыра отырып, Сайрам ауданында былтыр ашылған 1000 бала шақталған бақшаны үлгі етті. 2017-ші жылға дейін бұл бүлдіршіндер де білім ошағының табалдырығын аттайды. Сол кезде мектепке сияма екен? Оны уақыт көрсетеді.

Ауылшаруашылығын дамыту да қарқын алған
Ауылшаруашылығын дамыту да қарқын алған

Сондай-ақ, Ордабасы ауданындағы ауылшаруашылығы мамандарының жұмыс барысымен де танысты. Астық алқаптағы бидайды орып алуға кіріскен «Бөржар» ауылдық округі аумағындағы «Ынтымақ» өндірістік кооперативі бұл науқанға қызу дайындалған. 4 мың га аса аумаққа себілген өнімді жинауға 6 комбайн, 15 техника жұмылдырылған. Одан бөлек 50-ге жуық жұмысшылар еңбек етуде. Қамбаға жиналатын бидайдың биылғы өнімі көңілге қонымды. Кооператив қожайыны мұны биылғы табиғаттың қолайлылығымен түсіндіруде.

Ордабасылықтардың ауылшаруашылығы техникасы
Ордабасылықтардың ауылшаруашылығы техникасы

Осы жерде ауылшаруашылық көрмесі ұйымдастырылып, агроқұрылым басшыларымен кездесу өтті. Облыс әкімі жуырда ғана өңірдің селекционер-ғалымдары «Ордабасы» қой тұқымын шығарғанын ескере отырып, осы етті қой тұқымын шаруашылықтарға тарату мәселесін жолға қою керектігін айтты. Одан соң облыс әкімі «Ордабасы құс» ЖШС-не бас сұғып,  жаңа үндік фабрикасының құрылысымен танысты. Үндік өсіріп, бордақылайтын, сойып, терең өңдейтін бұл кәсіпорында 370 адам қызмет атқарады. Өндірістің қуаттылығы жылына 4828 тонна үндік етін шығарып, ел аумағына, Ресей Федерациясының Мәскеу қаласына, Челябинск, Новосибирь облыстарына жеткізіледі. Бұл жобаның екінші кезеңі индустриалды картаға еніп, қуаттылығын 8110 тоннаға жеткізу көзделуде. Инвестжобаның құны 1 млрд 728 млн теңгені құрап, «Қазагроқаржы» АҚ-ы арқылы қаржыландырылды. Кәсіпорын тынысымен танысқан облыс әкімі  мұнда қуаттылығы 100 тонна құрама жем шығаратын зауыт жұмыс істейтінін айтып, фабриканың өз қажеттілігі 65 тонна екендігін ескерді. Қалған құрама жемді мал шаруашылықтарына ұсыну керектігін ауылшаруашылығы басқармасына тапсырды.

ауданның алты айда атқарған жұмысын пысықтау керек
ауданның алты айда атқарған жұмысын пысықтау керек

Ауданда көңілге қонымсыз болған кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталағының ғимараты болды. Кәсіпкерлікті дамытып, инвестиция тарту үшін ең алдымыен қолайлы жағдай, заманауи техника керектігін алға тартты. Айтылған сын ескертпелерді келесі 9 айлық есепке дейін жөндеуді жүктелді.