Шымкентте сумен алысу ойыны өтті

816
Сумен алысқан шымкенттік жастар

Аптап ыстық. Шымқаладағы қапырық көрсетікіші 30 градустан асып барады. Мұндай жағдайдан тек су ғана құтқарып жүр. Сондықтан жастар орталық саябақта бас қосып, су бұрқақ маңында нағыз сумен алысу ойынын өткізді. Еркін жаттығушы жерлестеріміз айтулы шараны ерекше өнерімен бастады. Бір қызығы олардың ішінде бойжеткен де бар. Ару бірден қиын әдістерді орындап, көпшіліктің үлкен қошеметіне ие болды.

Нәзік жанды арулар да қиын әдістерді орындап жүр
Нәзік жанды арулар да қиын әдістерді орындап жүр

Ал бұдан әрі қатысушылар 2 топқа бөлініп, осы флэшмобтың ең басты тәртібі – су шашуға кіріскен. Оларды көргендер де мәз-мейрам. Сумен алысу ойынының басты қаруы – суды олар пластикалық бөтелкемен тасыды. Және суға арналған тапаншалар, әуе шарлар, шелектер де қолданылды. Бір-біріне қолға түскен затпен шашып ойнады.

Баршасы жиналып, ойынның ережесін ұғып жатыр
Баршасы жиналып, ойынның ережесін ұғып жатыр

Игорь Кан, қатысушы: «Керемет әсер алып жатырмын. Бәрі тамаша! Айқайлап ойнағаннан, тіпті дауысымыз шықпай қалды. Ойлағанымыздай ойдағыдай өтіп жатыр. Жаңбыр жауып, флэшмобтың сәнін кіргізуде. Достарымыз көңіл көтеріп, ерекше әсерде жүр».

Яна Пак, қатысушы: «Халық өте көп жиналды. Тіпті келушілердің саны мұндай болады деп күткен де жоқпыз. Бәрі тамаша!»

Бөтелкелерін сумен толтырып, шашты бір-біріне
Бөтелкелерін сумен толтырып шашты бір-біріне

Жастолқынның мұндай қызықты шарасына тіпті жауған жаңбыр да кедергі бола алмады. Ауқымы кең жастардың шарасын ұйымдастырғандар – жастар мәслихатының көшбасшылары екен. Сумен алысу ойынын белсенді замандастарымыз да қолдаған.

Жандос Қалтаев, ұйымдастырушы: «Міне жастар саясаты! Су шашу – жаздыгүні уақытты қызықты өткізуге көмектеседі. Бүгін келіп атсалысқан жастарға алғысымыз шексіз! Қалалық әкімшілік те бізді қолдап отыр. Сонымен қатар бұл аумақты облыстық Денсаулық сақтау басқармасынан жедел жәрдем көмегі де кезекшілікке тұрған. Жалпы бүгінгі шараны жастардың қызықты өткізуіне бүкіл қала көмектесті дей аламын. Мынау жаңбыр да әдейілеп жауғандай, бүгін – нағыз сумен алысу болды!»

Сумен алысқан шымкенттік жастар
Сумен алысқан шымкенттік жастар

Сумен алысу шарасына шымкенттік жастолқын алғаш рет қатысып отырған жоқ. Жыл сайын маусым басталысымен мерекелік көңіл күй сыйлау дәстүрге айналған.