«Жеке тұрғын үй салуға жер телімі берілмейді»

Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімінің бастығы Ербол Ахметов

Жер дауы жесір дауы… Қазақ қазақ болғалы қосарланып жүретін бұл екі даудан арылған емес. Ертеректе жер дауы рулар арасында өріс-қонысқа таласудан туындаса, қазір баспана салу үшін жер теліміне қол жеткізе алмаудан өршіп отыр. Мемлекет тарапынан үлестірілетін жер телімдері неге берілмей жатыр, кезегіміз қашан келеді, дейтін сауалдар редакциямызға оқырмандардардан жиі түсіп жатқандықтан Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімінің бастығы Ербол Ахметовке жолығып, сұхбаттасқан едік.

Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімінің бастығы Ербол Ахметов
Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімінің бастығы Ербол Ахметов

– Ербол Құланбайұлы, соңғы жылдары жер телімдерін берудің тоқтатылуын немен түсіндіресіз?

– Бүгінде Шымкентте жер телімдерін, алу да, беру де өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Жер телімін берудің құзыретті органдар бекіткен өзіндік тәртібі, заңдық нормалары бар. Жерді бөлу тәртібі тек Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 1 тамыздағы №726 Қаулысымен бекітілген ережеге сәйкес жүргізіледі. Ереже бойынша азаматтарға берілетін жер телімдері тиісті және қажетті инженерлік инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілген, беруге лайық алаңдар болған жағдайда ғана бөлінеді. Алайда, Шымкент қаласында бөліп беруге арналған алаңдардың болмауына байланысты жер телімін беру уақытша тоқтатылды. Десек те өтініш жазған азаматтар арнаулы есепке алынып, жер комиссиясының қорытындысы негізінде кезекке қойылады.

– Жалпы Шымкентте соңғы рет жер телімі қашан берілді?

– Жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу мақсатында кезекте тұрған азаматтарға жер телімі соңғы рет 2008 жылдың ақпан айында берілген. «Достық» шағынауданынан бөлінген жер телімінің саны – 1180. Содан бері ешкімге жер телімі берілген емес.

– Қаламызда жер телімін алу кезегінде қанша адам тұр?

– Бүгінде Шымкент қаласы аумағынан жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін алуға 63823 азамат өтініш білдіріп, кезекке қойылды.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылдың 17 сәуірінде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ауылшаруашылығы жерлерін түгендеу жөнінде тапсырма берген болатын. Ол тапсырма қалай орындалды?

– Шымкентте ауылшаруашылығы мақсатында бөлінген жерлер бар. Бұл жер телімдері ертеректе бөлініп берілген. Бүгінде бұл мақсатқа жер бөлінбейді. Қалада 14482 гектар жер алқабы болса, оның 1509 гектарын бақша мен саяжай, 1440 гектарында ауылшаруашылығы өнімдері, 10165 гектарында ауылшаруашылық кооперативтері орналасқан. Ал, әркелкі кооперативтер мен акционерлік қоғамдарға – 821 гектар, мемлекеттік мекемелердің иелігінде – 317 гектар жер бар. 2011-2012 жылы ауылшаруашылығы мақсатында бөлінген жерге тексеру және түгендеу жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде 2011 жылы 831, ал 2012 жылы 154 гектар жердің пайдаланылмай отырғандығы анықталып, мемлекет меншігіне қайтарылды. Сондай-ақ, ауылшаруашылығы мақсатында бөлінген жер телімін мақсатсыз пайдаланған азаматтарға тиісті шаралар қолданылды. Айта кетейін, «Ауыл шаруашылығына арналған жерлерге тексеру 2014 жылға дейін жалғасады.

– Жерді пайдаланамын немесе жеке үй тұрғызамын деп телім алып, оны ұзақ уақыт бойы игермей келе жатқан азаматтар да бар ғой…

– Иә, жекенің иелігіне берілсе де ұзақ уақыт бойы пайдаланылмай жатқан жер телімдері бар. Елбасы бірқатар мемлекеттік органдарға жерлерді түгендеу жөнінде арнайы тапсырма жүктеген болатын. Осы орайда 2012-2013 жылдар аралығында Шымкент қаласында нысандық мақсат бойынша пайдаланбай жатқан жерлерді түгендеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде: Ақтас, Жайлау, Құрсай, Пахтакор-Шапағат, Тассай, Тұран, Асар-1, Асар-2, Пригород, Солтүстік саяжай, Ет комбинатындағы жер телімдерінің игерілмегендігі анықталды. Түгендеу жұмыстарының қорытындысы ОҚО бойынша аумақтық жер инспекциясына жолданды.

ҚР Жер кодексінің 92-бабы бойынша тұрғын үй құрылысына немесе өзге де құрылысқа арналған жер учаскесі 2 жыл ішінде тиісті мақсатқа пайдаланылмаса немесе Қазақстан Республикасының заңдарын бұза отырып, пайдаланылған жер учаскесі мемлекетке қайтарылады. Бір айта кететін мәселе, жерлерін уақытында заңдастырмайтын, оны игермейтін де азаматтар бар. Ондайда, олардың жер телімдері заңды түрде мемлекетке қайтарылып, екінші бір азаматқа үлестіріледі. Ал екінші адам оған жерді белгілеп берген күннен бастап, сол жерде құрылыс жұмыстарын жүргізіп, жерді заң талаптарына сай өзінің атына заңдастырса, онда одан жерді ешкім де тартып ала алмайды.

– Жерді заңсыз алып, үй салып алғандар да бар. Олардың жағдайы не болмақ? 

– Кейде халық ұзақ уақыт бос тұрған жерді көрсе, ол иесіз деген ой түйеді де оны өз бетінше иеленіп алады. Сондай-ақ, жер учаскесіне тиісті құжат алмай, үй салып алғандар да бар. Шымкентте ондайлар көп. Мұндай жағдайда Шымкент қаласы жер қатынастары бөлімі мамандары мен құқық қорғау органдары бірлесе отырып, жер иеленушілерді анықтап, оларға ҚР ӘҚБ туралы Кодексінің 118-бабына сәйкес шара қолданады.

– Жер телімдері бұдан былай жекеменшікке өтпейді, тек азаматтарға жалға беріледі деген сөз қаншалықты рас?

– Қазіргі кездегі қолданыстағы заңнама талаптары бойынша, жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскелері азаматтарға құрылысты жүргізіп, үйді белгіленген тәртіппен салып бітіргенге дейін жалға беріледі. Ал сол жерге меншік құқығын беру тек салынған үй толыққанды пайдалануға берілгеннен кейін ғана жүзеге асырылады.

– Қаланың бас жоспарына сәйкес, «Нұрсәт» шағынауданында әкімшілік іскерлік орталығы бой көтермек. Сонда, мұнда салынған үйлердің жағдайы не болмақ?

– Қала әкімінің 2012 жылғы № 309 Қаулысы бойынша шағынаудандағы барлық жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс. Бүгінде 279 гектар жерде жаңа әкімшілік іскерлік орталығының құрылысы жүргізілуде. Ал 364 гектар жер жоспар бойынша құрылысқа дайындалып жатыр. Айта кетейін, құрылыс нысаны жүргізілетін аймақта 1462 азаматтың жері орналасса, оның ішінде 50 нысанның құрылысы толыққанды аяқталмаған.Олардың арасында жерін заңдастырып алмағандар да бар. Барлығымен келіссөздер жүргізілуде. Құрылысты, салынған үйді бағалау арқылы өтемақы берілуде. Дегенмен, біздің ұсынған қарымақымызға келіспей, дау-дамай шығаратындар да кездесуде. Ондай азаматтардың ісі сотта қаралады.

28-023

– Жер телімдері бұдан былай жеке меншікке өтпейді, тек азаматтарға жалға беріледі деген сөз қаншалықты рас?

– Қазіргі кездегі қолданыстағы заңнама талаптары бойынша, жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскелері азаматтарға құрылысты жүргізіп, үйді белгіленген тәртіппен салып бітіргенге дейін жалға беріледі. Ал сол жерге меншік құқығын беру тек салынған үй толыққанды пайдалануға берілгеннен кейін ғана жүзеге асырылады.

– Болашақта қаланың аумағы одан әрі кеңейтілуі мүмкін бе? 

– Бүгінде Шымкент қаласының Бас жоспары бекітілген. Ол бойынша Сайрам, Төлеби және Ордабасы аудандары мен 36 елдімекенді қосқанда 76200,34 гектар жер телімі қаланың шекарасына енгізілді. Осылайша Шымкент қаласының аумағы 117000,85 гектарға ұлғайды. Бүгінде қаланың шекарасын өзгерту туралы мәселесі облыстық мәслихатқа және облыс әкімдігіне жолданып, тиісті жұмыстар атқарылуда.

– Кезекте тұрғандарға биыл да жер телімдері берілмеуі мүмкін бе? 

– Қалада қажетті инженерлік инфрақұрылыммен, коммуникациялармен жабдықталған, бөліп беруге дайын аумақтардың болмауынан жақын арада жеке тұрғын үй құрылысын салуға жер телімі берілмейді.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан – Айжан Ермекқызы

Камал Бұрханов
Камал Бұрханов

Камал Бұрханов, ҚР Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі:

– Қазақ жер көлемі бойынша әлемде 9-орында. Халықтың саны 17 миллион ғана. Сөйте тұра, азаматтарға 10 сотық жер беруді қиындатып жібердік. Бұл күлкілі жағдай. Тіпті күлкілі емес, күйік дер едім. Бұлай жасауға болмайды.

 

 

 

Серік Нокин
Серік Нокин

Серік Нокин, ҚР Өңірлік даму министрінің орынбасары:

– Біздің елдің жері үлкен. Үлкен екен деп, оны қиып-қиып үлестіре беру – қиын шаруа емес. Бірақ, инфрақұрылым мен бас жоспарға сай арнайы талаптар бар. Соны қадағалауымыз қажет. Әйтпесе, қалай болса солай салынған үйлерді қазір алысқа бармай-ақ, Астананың айналасынан да көруге болады. Олардың барлығы біздің сәулет, құрылыс саласына қатысты заңдарды өрескел бұзып отыр.

 

 

 

Артық болмас білгенің…

Жер телімін сатып алу кезінде сатушының төмендегідей құжаттары болуы тиіс:

– Жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін акт

– Жергілікті әкімшіліктің «жеке меншік тұрғын үй салуына байланысты» шешімі

– «Жер телімін беру туралы» өкімі

– Егер болса аудандық сәулет және қала құрылыс бөлімінің жеке тұрғын үйдің жобасы, болмаған жағдайда үй жобасын өз қалауыңызша дайындату, өз құзырыңызда болады

– Сатушының жеке төлқұжаты

– Әлеуметтік жеке код беру туралы куәлік (СИК)

– Салық төлеушінің тіркеу нөмірі (РНН)

Сатып алушының төмендегідей құжаттары болуы тиіс:

– Сатып алушының жеке төлқұжаты

– Әлеуметтік жеке код беру туралы куәлік (СИК)

– Салық төлеушінің тіркеу нөмірі (РНН)

Жоғарыда аталған құжаттар негізінде нотариус кеңсесінде сатып алу-сату шартын жасасасыз, егер некеде болсаңыз жұбайыңыздың келісімі қажет.

Әрі қарай Халыққа қызмет көрсету орталығына (ЦОН) барып, құжаттарды тіркеуге тапсырасыз. Оған қажетті құжаттар:

– Жеке төлқұжатыңыз (түпнұсқасы мен көшірмесі)

– Әлеуметтік жеке код беру туралы куәлік (СИК) (түпнұсқасы мен көшірмесі)

– Салық төлеушінің тіркеу нөмірі (РНН) (түпнұсқасы мен көшірмесі)

– «Жер телімін беру туралы» өкімі (түпнұсқасы)

– Сатып алу, сату шарты (түпнұсқасы мен көшірмесі)