Зообақта жаңалық көп

Шымкент зообағы
Шымкент зообағы
Шымкент зообағы

Шымкент зообағында бүгінде 185 түрлі аң бар. Олардың жалпы саны – 1600. Хайуанаттардың 25 түрі Қызыл Кітапқа енген. Мұнда теңбіл бұғылар, арқарлар, қоңыр аюлар, Пржеваль жылқысы, дала қасқырлары, тазқаралар, қырғауылдар, аквариум балықтарының саны жылдан жылға көбеюде. 138 адам қызмет ететін бұл мекеменің жұмысы қиын әрі қауіпті десе де болады.

Сейдулла Жұбаев,  Шымкент зообағының директоры
Сейдулла Жұбаев,
Шымкент зообағының директоры

Сейдулла Жұбаев, Шымкент зообағының директоры:

– Зообақтағы жөндеу жұмыстары 3 кезең бойынша жүргізіледі. Сметалық құжат бойынша бөлінген қаржының жалпы саны 5 млрд-қа жуық. 2013 жылдың сәуір айында басталған құрылыс жұмысын ЕХРО-2017-ге дейін аяқтау жоспарланып отыр. Зообақтың барлық аймағы түгел игеріліп, сондай-ақ хайуанаттардың өмір сүру аймақтары да оңтайланатын болады. Олардың түрлері мен санын арттырамыз.

Зообақ – тірі табиғаттың бірегей музейі. Онда табиғаттың жануарлар дүниесін көзбен көріп, етене танысуға мүмкіндік бар. Қазақстан бойынша үш зообақ болса, оның біреуі біздің өңірде. Шымкент зообағы 1980 жылдың 29 сәуірінен жұмыс істеп келеді. Оның алғашқы коллекциясында 75 түрлі аңның 350 данасы болған. Содан бері жабайы жыртқыш аңдар мен түрлі жан-жануарлардың түрі мен саны артып келеді. 30 га жерді алып жатқан зообақ аумағында хайуанаттар ерекше қорғалады.

1600 аңға пана болған зообақ
1600 аңға пана болған зообақ

Алғаш хайуанаттар бағы біздің заманымыздан 1500 жыл бұрын Мысырда, 1000 жыл бұрын Қытайда ұйымдастырылған. Ал Еуропада 18-19 ғасырларда ашылды.

Хайуанаттар бағында сирек кездесетін және жоғалып бара жатқан жабайы аңдарды асырау, оларды көбейту және ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қызметкерлер келушілерге аңдар туралы лекциялар оқиды. Мұндағы жұмысшылардың атқаратын қызметі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Тіпті, кейде өз өмірлеріне қауіп төніп жататын кездер де жоқ емес. Жыртқыштар бөлімінің жұмысшысы Гүлназым Төленованың айтуынша, жабайы аңдар да мейірімділікті қажет етеді екен. «25 жылдан бері Шымкент зообағында жұмыс жасап келемін. Жұмысым өзіме ұнайды. Әрине, жыртқыштармен жұмыс жасау, оларды тамақтандырып, орнын тазалау оңай емес. Дегенмен, артта қалған ұзақ уақыт менің бұл аңдарға деген сүйіспеншілігімді арттырды. Олар да адамдар сияқты кейде ашуланады, кейде мазасызданып тұрады, кейде еркелейді. Аңдардың әрқайсысы күніне 10-11 кг-дай ет жейді» – дейді Гүлназым Төленова.

Латипша Алиев, директордың ғылым жөніндегі орынбасары
Латипша Алиев, директордың ғылым жөніндегі орынбасары

Латипша Алиев, директордың ғылым жөніндегі орынбасары:

– Жалпы, хайуанаттар бағы жабайы жануарларды қолда немесе жартылай қолда ұстайтын ғылыми ағарту мекемесі. Біздің мақсат – жануарлар әлемінің түрлерін қалың көпшілікке таныс-тыру, жабайы фаунаны қорғау идеяларын тарату және сирек кездесетін, жойылып бара жатқан тіршілік иелерін сақтау. Біз осы жауапты міндетті арқалап, жұмыс істеудеміз.

Жануарлар әлемінен сыр шертетін зообақтарда қызықты жәйттар да көп кездесіп тұрады екен. Мұндағы қызметкерлердің айтуынша, аңдар төлдегенде біраз уақытқа дейін баласын көрсетпей, сыртқы ортадан тығып ұстайды. Тіпті аңдардың өз есімдері де бар. Ал зообақтағы ең ұзын жануарлардың бірі – керіктің есімі ерекше. 6 шілде, яғни Астана күнінде туылған оны мұндағы қызметкерлер «Астана» деп атаған екен. Биыл «Астана» 3 жасқа толыпты. Жұп тұяқты күйіс қайтаратын бұл жануардың салмағы 500-1000 кг-дай.

Салтанат Сеитова, Қырғызстандағы «Қарақол» зообағының директоры
Салтанат Сеитова, Қырғызстандағы «Қарақол» зообағының директоры

Салтанат Сеитова, Қырғызстандағы «Қарақол» зообағының директоры:

– Біздің зообақтың жер көлемі өте кішкентай, бар-жоғы 7,5 га жерді алып жатыр. Оның ішінде 3 гектары ғана игерілген. Сондай-ақ, жан-жануарлардың түрі мен саны да аз. Әзірге, мемлекет тарапынан қолдау аз, тек демеушілердің арқасында алға жылжып келеміз. Шымкент зообағында алғаш болуым. Маған өте ұнады, алған әсерім, жинаған тәжірибем мол болды деп айта аламын. Көгалдандырылған зообақ территориясы мен аңдарға жасалған жағдай барлығы да көңілден шығады. Мамандар да жеткілікті екен, ал бізде штат санын көбейтуге мүмкіндік жоқ.

Зообақ қызметкерлері Алматы қаласындағы, Мәскеу және Қырғызстан елдеріндегі зообақтармен тығыз іскерлік байланыста жұмыс істеуде. Бір-бірімен аңдарды ауыстыру, тәжірибе алмасу секілді қарым-қатынас олардың жұмыстарына оң септігін тигізіп келеді.

Мұнда теңбіл бұғылар, арқарлар, қоңыр аюлар, Пржеваль жылқысы, дала қасқырлары, тазқаралар, қырғауылдар, аквариум балықтарының саны жылдан жылға көбеюде
Мұнда теңбіл бұғылар, арқарлар, қоңыр аюлар, Пржеваль жылқысы, дала қасқырлары, тазқаралар, қырғауылдар, аквариум балықтарының саны жылдан жылға көбеюде

Алматы хайуанаттар бағы аңдар санағы бойынша ТМД елдері ғана емес, сонымен қатар дүниежүзі бойынша ең ірі саябақ болып саналады. Алматы хайуанаттар бағы Мәскеулік хайуанаттар бағынан кейінгі орынды алады, ал жыртқыш құстарды өсіруден дүние жүзіне әйгілі. Мұнда гриф, сұңқар, бүркіт, үкі, қыран, кондор және т.б. жыртқыш құстар өмір сүреді.

Көршілерді таң қалдырған біздің зообақ алдағы уақытта тағы да көркеймек. Мұнда бүгінде қайта жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Жаңа жобаға сәйкес зообақ 100%-ға өзгереді. Жануарлардың орны мен аквариумдардің көлемі 2 есеге дейін кеңейтіледі деп күтілуде. Жабайы аңдарға табиғи ортадағыдай жағдай жасалынбақшы.

Гүлнар Байжұмашева, ғылыми бөлімнің меңгерушісі
Гүлнар Байжұмашева, ғылыми бөлімнің меңгерушісі

Гүлнар Байжұмашева, ғылыми бөлімнің меңгерушісі:

– Аңдарды түсініп, білуді табиғаттан үйрене алмайсың. Ал зообақта мұндай мүмкіндік бар. Біз әрбір жануарды зерттеп, олардың жаратылысын терең ұғынуға тырысамыз. Мысалы, Африканың далалық және орманды аймақтарында көп таралған керіктердің бірі бізде де бар. Керіктер төлдегенде бұзауы 2 метр биіктіктен құлап туады. Жаңа туған төлдің бойы 1,8 метр, ал салмағы 50 кг болады.

Қазір дүниежүзінде 850-ден астам, ал ТМД елдерінде – 33 хайуанаттар бағы бар. Жабайы жануарларды белгілі ортаға тоғыстырып, сирек кездесетін немесе жоғалып бара жатқан аңдар мен құстарға, сүтқоректілерге ерекше қамқорлық көрсетілетін зообақтағылардың жұмыстары елеулі екенін айта кеткіміз келеді. Кәдімгі қоғамдық ортадан тыс жануарлар әлемімен етене байланыс жасайтын мамандардың қызметіне сәттілік тілейміз.

Дайындаған – Гүлнұр СӘТБАЕВА