Кәсіпкерлердің құқығы тапталуда

323
Кәсіпкерлермен өрбіген кездесу

«Кәсіпкерлер құқығын қорғайық». Шымкентте осындай тақырыпта Абай ауданы әкімдігі мен прокурорының жеке кәсіпкерлермен кездесуі өтті. Арнайы шара аясында бизнесін дөңгелетіп жүргендердің құқығы мен кәсіпорынды заңсыз тексеру жағдайларының көбеюі кеңінен талқыға түсті. Тіпті салдарынан кәсіптік кедергіге тап болып, жұмыс барысын кешеуілдетіп жатқандар да бар екен.

Айта кетейік, биыл ел аумағында кәсіпкерлерге қатысты 2 мыңға жуық заңсыз тексеру фактiсi анықталып, 200 адам жауапқа тартылған. Жалпы тексерудің 90 пайызы санитарлық-эпидемиологиялық, төтенше жағдай, ветеринария және экология салаларының қызметкерлерi тарапынан жүргізіліпті.

Заңды бұзғандар 800 мың теңгеге жуық айыппұл төлейді
Заңды бұзғандар 800 мың теңгеге жуық айыппұл төлейді

Әбутәліп Мұстафаев, Абай ауданының прокуроры: «Тексеру салық жинаушылардан келеді ме, әлде басқа мекемеден келеді ме, айырмашылығы жоқ, бірден тексеру туралы қаулысының нөмірін алып, біздің прокуратураға хабарласасыз. Қоңырау шалу – тегін. Тіпті ұялы телефоннан да тегін. Сол кезде бұл тексерудің жоспарлы немесе заңсыз тексеру екені жайлы жауап аласыз.»

Кәсіпкерлермен өрбіген кездесу
Кәсіпкерлермен кездесу

Ал Абай ауданының әкімі ретсіз сауда мен кәсіпкерлікті шатастыратын жандардың көп екенін айтады.  Бұл – кәсіпкерлердің құқығының бұзылуы емес, қайта заңды белден басу дейді ол.

Ахмет Татыбаев, Абай ауданының әкімі: «Негізі мұндай арыз-шағымды көбейтіп отырғандар мына 8-шағынаудандағы «кәсіпкерлер». Ешқандай салықты төлемей-ақ, жалға пәтер беріп, ақша табатындар қаншама. Ал ұсталған жағдайда «кәсіпкерлердің құқығы бұзылды» деп шыға келеді. Мәселен, қазірдің өзінде Абай ауданының өзінде қаншама осындай заң бұзушылықтар орын алып, әкімшілік хаттама толтырылды. Қала берді 800 мың теңгеге жуық айыппұл салынып отыр.»

[youtube]http://youtu.be/eej4rRjUPdI[/youtube]

Айта кетейік, биыл республика көлемінде тексеруші органдар тарапынан 100 мыңнан аса тексерудің 2 мыңы заңсыз деп табылыпты. Нәтижесінде 200 адам жауапқа тартылған. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникация қызметiнде өткен брифингте ҚР Бас прокурорының орынбасары Жақып Асанов мәлімдеген болатын.