Мен-донормын

483
"Мен донормын" акциясының қатысушылары

Шымкент қаласындағы студенттер осылай аталған акцияға жаппай қатысып жатыр. Жоғарғы оқу орны шәкірттерінің әрқайсысы арнайы сауалнаманы толтырып, ұзын-сонар кезекке тұрып, игі шараға атсалысуда. Алдымен жас донорлар сынама тапсырып, қан топтарын анықтауға кіріскен. 18 жасар студент Әсел Сатыбалдиева да айтулы акцияға үлесін қосу үшін арнайы келіпті.

Студенттер апта бойы қан тапсырады
Студенттер апта бойы қан тапсырады

Әсел Сатыбалдиева, студент: «Менің қанымның тобы – 2, оң нәтижелі. Өз еркіммен келіп, 380 миллилитр қан тапсырып жатырмын. Алғаш рет осы акцияға қатысып жатқандықтан, қобалжу сезімдері болды әрине. Егер менің қаным өзгелерге пайдасы тиіп жатса, қуанар едім. Қолымнан келіп жатқан көмекті аямау керек деп ойлаймын».

Биыл айтулы бастаманы «Шымкент студенттерінің Альянсы» алғаш рет қолға алып отыр екен. 380 милилитр қанды өз еркімен тапсырып жатқан жастолқын шарасы апта бойы жалғасын таппақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қайырымдылық акциясына күніне кемінде 50-ден астам студент белсене қатысып жатыр.

"Мен донормын" акциясының қатысушылары
«Мен донормын» акциясының қатысушылары

Мағжан Исахов, «Шымкент студенттерінің Альянсы» корпоративтік қорының төрағасы: «Мұндағы біздің ең алғашқы мақсатымыз – студент жастардың патриоттық сезімдерін ояту. Және қазіргі таңда қайғылы жағдайдан қаншама адам зардап шегіп жатады. Осындағы мамандардың айтуынша, Оңтүстікқазақстанда қан тапшылығы кездеседі. Сол себепті өзіміз қол ұшын беріп, көмектесуге тырысып жатырмыз. Бұл акция көпке ой салады деген ниеттемін».

Айта кетейік, әр жылы облыстық қан орталығына 12 тоннаға дейін қан қажеттілігі туындаса, өткен жылы 13 тоннаға жуық қан жинақталыпты. Ал дәл қазіргі уақытта орталықта небәрі 200 литр қан бар. Мамандардың мәліметінше, Оңтүстік үшін бұл қор аздық етеді.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=ZfGum_29HK8[/youtube]

Индира Байдарбекова, ОҚО қан орталығы донорларды жинақтау бөлімшесінің меңгерушісі: «Бүкіл дүние жүзінің денсаулық сақтау ұйымының қан қамтушы орталығы толығымен донорлармен жеткілікті болу үшін  1000 адамға 50 донор күнделікті қан тапсырып отыруы керек. Ал біздің соңғы көрсеткіштеріміз бойынша, Республикамызда 17-18-адам болып тұр, ал біздің Оңтүстік бойынша 7-8 адамнан шақ келеді. Және бізге мынау облысымыздағы емдеу мекемелерінен тапсырыстар түседі, сол емханаларды қанмен қамтамасыз етіп отырамыз».

Өзгеге өмір сыйлап, қоғамға үлес қосу үшін қолға алынған «Мен донормын» акциясы апта бойы жалғасын таппақ. Ал «Шымкент студенттерінің Альянсы» белсенділерінің айтуынша, осы бастама жыл сайынғы дәстүрге айналады.