Әкім Шымкенттің ең қарт тұрғынының батасын алды

374
ең қарт тұрғын

 Шымкенттің ең қарт тұрғыны – 104 жаста. Осында 17 жылдан бері өмір сүріп жатқан Назым апаны Қала күнімен әкім Дархан Сатыбалды өзі келіп, құттықтады. Бұған қоса қала басшылығы ең жас тұрғынды да назарынан тыс қалдырған жоқ.

Деректерге жүгінсек, бүгінгі таңда Шымкентте ұзақ өмір сүрген 387 азамат тұрады. Оның ішінде жасы 100-ден асқандардың саны 14 адам болса, 90 жастан жоғарылары 373 адамды құрайды.

ең қарт тұрғын
Шымкенттің ең қарт тұрғыны

Ал жасы 104-ке келген әженің жүзіне әжім түскенімен, көңілі жас. Көз алдында ойнап-күліп жүрген 30 немересі мен 4 шөбересінің амандығына Аллаға тәубе етеді. Әженің 4 ұлы мен 5 қызы бар. Екі ғасырдың куәсі болған, зұлмат жылдары аянбай тер төккен Назым әжей – тыл ардагері. Шаңырағына арнайы құттықтай келген қала әкімін қуана қарсы алып, ақ батасын берді. Жастық шағын еске алып, ағынан жарылды. Әсіресе, Шымкенттің көркейіп жатқанына қуанады.

Әжей ақ батасын берді
Әжей жастарға ақ батасын берді

Назым әже: «Бұрын Шымкентке ауылдан келіп, оқта-текте базарлап кететін едік. Қазір Шымкенттің барлық нәрсесі бар. Барлығы бар, тәрбиесі бар дегендей. Жылдан жылға жақсарып келеді. Мені елеп-ескеріп, қуаныш сыйлап, көңілімді көкке көтеріп жатқандарыңа көп-көп рахмет! «Адам ұрпағымен бақытты» деген ғой. Аллаға мың тәубе, бүгінде 30 немерем, шөберелерім бар. Соларды сүйіп отырған бақытты әжемін. Менен көп адамдар ұзақ жасаудың сырын сұрайды. Менің оларға айтарым – әрдайым адал еңбек етіңдер, бір-біріңе бауырмал болыңдар, әрдайым елшіл, халықшыл азамат болыңдар! Ондай жандардың несібесі көп болады.»

Салтанатты рәсімнің барысы

Ал Шымкенттің ең жас тұрғыны Қасымжомарт Қазбекұлы перзентханадан бүгін шықты. Нәрестеге алғашқы құжаты салтанатты түрде тапсырылды.

Ең жас тұрғынның ата-анасы
Ең жас тұрғынның ата-анасы

Дүние есігін енді ашқан Қасымжомарт – жас отабысының екінші сәбиі. Анасы Ұлжан Исаеваның айтуынша, салмағы 3 келі 800 грамм нәрестенің денсаулығы қазір қалыпты. Перинаталдық орталыққа арнайы келген қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова жас отбасының қуанышына ортақтасып, қала әкімінің атынан оларға бағалы сый-сыяпат ұсынды.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=svdHNqwS_Lk[/youtube]

Жалпы, шырайлы өлкеде бала туу көрсеткішінің  артқанын айта кету керек. 2012 жылы жиырма мыңға жуық сәби шымкенттік атанып үлгерген.

 Гүлжан Құрманбекова, қала әкімінің орынбасары: «Былтырғы жылдың тоғыз айындағы көрсеткіш биылғы тоғыз айда 1074 нәрестеге асып отыр. Осы ең соңғы айды айтатын болсақ, бір айдың ішінде 1949 сәби өмірге келген.»