Шымкент шырша сәніне көп шығындалмады

Әл-Фараби атындағы орталық алаңға былтырғы шырша орнатылды

Қазақстан бойынша ең арзан жаңа жылдық шырша – Шымкентте. Қала әкімдігі бұл рәсімге өзге шаһар басшылары секілді қыруар қаржы жұмсамай, қолда барды ұқсатуды жөн санапты. Қазір жаңа жылдың басты рәмізі орталық алаңда жергілікті тұрғындардың көз қуанышы боп тұр. Ал Повладарда 38 миллион теңгеге сатып алынған жасыл желек төңірігінде шу шығып, халық наразылығын білдірген еді.

Әл-Фараби атындағы орталық алаңға былтырғы шырша орнатылды
Әл Фараби атындағы орталық алаңға былтырғы шырша орнатылды

Бірнеше күн бұрын Шымкентте жаңа жылдық шыршаның алауы жағылды. Қала әкімдігі бұл рәсімге өзге шаһар басшылары секілді миллиондаған қаржы жұмсаған жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын 4 миллион теңгеге сатып алған жасанды шырша әлі кәдеге жарап тұр. Әрі ол жергілікті тұрғындардың көз қуанышына айналып отыр.

Аяз ата мен Ақшақар тұрғындарды жаңа жылмен құттықтады
Аяз ата мен Ақшақар тұрғындарды жаңа жылмен құттықтады

Баһадүр Нарымбетов, қала әкімінің орынбасары: «Облыс әкімінің бастамасымен екі жылдан бері 16-желтоқсан күні Тәуелсіздігімізді атап өткеннен кейін барып шыршаны орнатып жатырмыз. Биыл тек мыңға жуық адамға маскарад киімдерін тігу үшін ғана 270 мың теңге кетті.»

Ал Павлодарда орнатылған шыршаның шаруасын қаржы полициясы тексере бастады. Бұл қалада шаһардың бас шыршасына 37 миллион теңге жұмсалып, жұрттың жағасын ұстатқаны бар еді. Бір ауылда су жоқ, бір ауылға көгілдір отын жетпей жатқан мына шақта 250 мың АҚШ долларына әсем шырша сатып алудың не қажеті бар еді дейді өңір тұрғындары.

Сонымен, Жаңа жыл мерекесіне қаланы безендіруге Шымкент көп шығындалмапты. Шаһарды сәндеуге қазынадан 14 миллион теңге қаралған. Қарағандыда бұл сома 20 миллион теңгені құраса, Қызылорда әкімдігі 17 миллион теңге бөліпті.

Бұдан екі апта бұрын Алматыда құны бірнеше миллион теңге тұратын шырша өртеніп кетті. Өте қымбат безендірілген шырша аз уақыттың ішінде қағаздай жанып, дымы қалмады. Сөйтіп, мемлекет қаржысы ауаға ұшты да кете барды.