Қарабұлақтың өз федерациясы бар

Футбол мен волейболды культ деңгейіне жеткізген ауылда «Қарабұлақ ауылы футбол федерациясы» мен «Қарабұлақ ауылы волейбол федерациясы» атты екі федерация бар

Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ ауылында 50 мыңға тарта адам тұрады. Тұрғындарының денін этникалық өзбек ұлты құрайды. Мал шаруашылығы мен сауда-саттыққа маманданған қарабұлақтықтардың өзгелерден өзгешелігі, мұнда бұқаралық спорт түрлері жүйелі жолға қойылған. Футбол мен волейбол десе ішкен асын жерге қойып, өре түрегеліп, тай-тұяғы қалмай спорт алаңына жөнелетін рай қалыптасқан. 

Футбол мен волейболды культ деңгейіне жеткізген ауылда «Қарабұлақ ауылы футбол федерациясы» мен «Қарабұлақ ауылы волейбол федерациясы» атты екі федерация бар
Футбол мен волейболды культ деңгейіне жеткізген ауылда «Қарабұлақ ауылы футбол федерациясы» мен «Қарабұлақ ауылы волейбол федерациясы» атты екі федерация бар

Бала күнде әр жылы әз-Наурыз келгенде ауылдың әр көшесі команда құрып, футбол мен волейболдан жарыс ұйымдастырылатын. Көрші ауылдар құрама команда шығарып, ауыларалық турнир болатын. Наурызды тойлауға деп әр түтіннен жиналған қаражаттың үлесі сол футбол, волейбол ойындарының жүлдесіне бөлінетін. Мұндай жарыстар тек Наурызда ғана емес, араға уақыт салып, өткізіліп тұрады. Жастар жағы желпініп, үлкендер арқа-жарқа болып, балалар мәз-мейрам болып қалатын еді. Ауыл спорты дамуының қандай деңгейде екені осындай жарыстардан байқалады. Газетіміздің бүгінгі нөмірінде ауыл спортын дамытуда халық болып жұмылған, осылайша тек ауылішілік емес, республикалық дейгейдегі ойыншыларды дайындап, салауатты өмір салтын ұстануда үлгі болуға айналған ауыл жайында әңгімелемекпіз.

Футбол мен волейболды культ деңгейіне жеткізген ауылда «Қарабұлақ ауылы футбол федерациясы» мен «Қарабұлақ ауылы волейбол федерациясы» атты екі федерация бар. Өткен аптада осында Қарабұлақ ауылы футбол федерациясының ашық біріншілігі өтті. Ашық біріншіліктің ерекшелігі, республикалық жарыс деңгейінде ұйымдастырылған чемпионатқа Тараз, Түркістан және Шымкент қаласынан командалар келген. Сайрам ауылынан бір, Қарабұлақтан екі команда шықты. Барлығы алты команда қатысқан жарыста бірінші орынды жергілікті Қарабұлақ-1 командасы алса, екіншіге шымкенттіктер шықты. Үшінші орын үшін таласта тараздық команда мен түркістандықтар кездесіп, алғашқысы басым түсті. 

«Қарабұлақта мұндай жарыстар жиі өтіп тұрады. Мектеп оқушылары волейбол ойнағанды жақсы көреді. Волейбол командалары көп. Ақсақалдар, оқушылар, ересектер командалары бар», – дейді Қарабұлақ ауыл волейбол федерациясының президенті, бапкер Абдазим Умаров. 

Кішігірім қала халқының санына жететін тұрғыны бар ауылда федерацияға тіркелген 12 волейбол командасы бар. Әр үлкен көшенің өз волейбол, футбол командасы жасақталған. Тіркелмеген, ірілі-ұсақтысы қаншама. Жеті мектепте спорт залы болса, олардың барлығы да әр күні кешкісін және жексенбіде босамайды. 

Облыстық маслихаттың депутаты Бадриддин Нишанкуловтың айтуынша, қазір Қарабұлақта чемпионат басталды. Чемпион анықталған соң, Кубок үшін жарыс өтеді. Жеңімпаз иегері белгілі болғаннан кейін, чемпион мен Кубок иегері кездеседі. Турнирлер сәуір айына дейін жалғасады. Жұртшылық жазда жұмыс істесе, қыс бойына волейбол, футбол ойнап шығады. 

Аймақтағы қай жарыс болмасын, қалмай қатысып, көштің алдына шығып жүрген қарабұлақтық командалардың сәтті ойын көрсетуінің сыры неде? Біріншіден, бұл ауылда спортты дамытуда мемлекеттен көмек күтіп, алақан жайып, қарап отырған жоқ. Әр команданың өз демеушілері бар. Олар команда ойыншыларын спорттық киімдермен, доптармен қамтамасыз етеді. Түрлі жарыстарға қатысуға кететін шығынды көтеріп, қалталарынан қаражат бөледі. Мемлекет қаржысынан емес, жекенің ақшасын алып отырған команда жанын салып, аянбай ойнайды. Өз демеушісінің айбынын асқақтатуды көздейді. Әр көшесі өз командасын құрып алған ауылда бәсекелестік, бақталастық та жоғары. «Аналар алға шығып кетті, біз кімнен кембіз, біз де жеңеміз» деген көкейдегі ой команданың алға ұмтылуына түрткі. 

Қай спорт болмасын, көрерменімен, алаңға жиналып, аумақты басына көтере, шуылға басқан жанкүйерімен сәнді. Сонысымен адуынды. Қарабұлақтықтар бұл жағынан да өзгеге үлгі боларлықтай. «Мына жерде жарыс болады» дегенді естіген көпшілік сонда ағылады. Залға сыймай, есікке дейін шығып жатады. Әр жарысқа 500 адамнан кем жиналмайды. Әр көрермен өзінің командасына жанкүйерлік етуге келеді. Жарнама беріп, насихатын жасау қажет емес. 

Демеу-шісі бар, көрермені мол ауылда футбол да, волейбол да нағыз бұқаралық спортқа айналған. Ойыншылар команда құрамына алыну үшін жанталасады. Волейболын да, футболын да тек ауыл ішінде ғана дүркіретіп қоймай, сырттағы жарыстарға да жиі қатысатын Қарабұлақта команда мүшелері өз ойынына бей-жай қарамайды. Бұл да бір облыстық, республикалық құрама сапына алынуға берілген мүмкіндік деп біледі. Алдағы уақытта нәпақамды осы спорттан табуым үшін осы кезден жақсы ойнауым керек деп есептейді. Яғни, Қарабұлақта футбол мен волейбол тек денені шынықтырып, деннің саулығы үшін ғана ойналып қоймай, біреулер үшін өрлеп-өсу жолы, енді біріне бәсекелестікке ілесу, тағы басқа себептердің түрткі болуымен дамып жатыр. 

Волейбол, футбол жарыстарын ұйымдастырып, ауыл тұрғындары арасында осы спорт түрлеріне деген қызығушылықты арттыра түсуде жұмыс істеп жүрген ұйымдастырушылардың мақсаты – қарабұлақтықтар арасынан республикалық жарыстарда өнер көрсетіп, құрама командада ойнауға лайықты ойыншылар дайындау. 

Қарабұлаққа барып, ондағы жағдайды көзбен көргеннен кейінгі көңіл жиегінде ұшқындаған қалау – басқа ауылдарда да бұқаралық спорт түрлерінің дамуы бұқаралық деген атына сай болса екен. Ат айнала алмайтындай спорт залы бар, тіпті ол да жоқ ауылдың балалары қыста, ашық аспан астында, қар үстінде аяғынан сыздап су өткенше доп қуаламай, заманға сай жабық алаңда ойнаса, құлшынысы артар еді. Спорт залы мен қажетті құрал-жабдығы, жол көрсетер бапкері болса күн суытып, қыс келгенде бұйығы тіршілікке көшетін ауыл өміріне жан бітер. Әр күні теледидарға үңіліп, түкке татымас арзанқол кино-сериалдарды қарағанша, бой жазып, дене шынықтырып, бос уақытын өзі үшін пайдалы іске арнағаны пайдалы емес пе? Жиі-жиі спорттық жарыстар ұйымдастырылса, тек жастың ғана емес, кәрінің де көңілі жадырап, бір сергіп қалары сөзсіз. Спорттық рух, намыс пен бәсекені бала кезден сезініп өсер еді. Қарабұлақта спорттың дамуы жекелеген қалталы азаматтардың меценаттық әрекеттері есебінен жүргізіліп жатқанын көргенде, көңіл марқаяды. Бұл өзгелерге үлгі болса екен.

Жәнібек НҰРЫШ