Елбасы жолдауы – жастарға жігер

1465
Студенттер болашақтың жарқын болатынына сенімді

Таяуда мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Бұл жолдаудың 15 тапсырмасы адам әлеуетін дамытуға бағытталған. Жастарға, әсіресе, осы тапсырмалар жігер сыйлады. Жоғары жалақы, жоғары шәкіртақы, білім берудің жаңа жүйесі – барлығы да келешек ұрпақтың болашаққа деген сенімін арттырды. Сондай-ақ, бақытты елдің бақытты ұрпақтары Қазақ елінің мәңгілік ел боларына бір көз жеткізді. Болашаққа сеніммен қарайтын жастар Елбасының кезекті жолдауын асыға күтіп, ұйып тыңдады. Жатақхана залына замандастарымен бірге жиналып, Жолдаудан көкейге түйгенімен бірінші болып Думан Ержан бөлісті.

Студенттер Елбасының Жолдауын ұйып тыңдады
Студенттер Елбасының Жолдауын ұйып тыңдады

Думан Ержан, студент: «Жастар туралы жаңа бағыттар, жаңа бағдарламалар жолға қойылыпты. Біз, Қазақстанның келешек жастары, болашақта Елбасының дамыған 30 елдің қатарына ену жоспарына белсенді атсалысамыз. Осындай жалынды жастар тұрғанда келешекте мәңгілік ел құру ойы іске асады. Біз оған бар күшімізді саламыз.»

ОҚМУ-дың студенттері
ОҚМУ-дың студенттері

Жатақхана студенттерінің тағатсыздана күткен жолдаудағы жалақыны көтеру мәселесі де сөз болды. Енді білікті маман атанатын студенттер жоғары жалақыға қол жеткізбек. 2015 жылдың 1-шілдесінен бастап денсаулық сақтау саласында жалақы 28 пайызға көтерілсе, білім беру саласында – 29 пайызға, әлеуметтік қорғау саласында 40 пайызға жоғарылайтын болады. Бұл тапсырма жастарға ерекше серпіліс берді.

Азамат Ертас, студент: «Қазір кез келген студентті университет бітірген соң қайда барам, қайда жұмыс істеймін деген ой мазалайды. Елбасы оған да жақсы жағдай жасады. Болашақтағы жұмыс орнымыздың жалақысы жоғары болғанын қалаймыз. Бір сөзбен айтқанда, еліміздің көркеюіне барлық жағдай жасалып отыр».

Данияр Қасымхан, студент: «Бұл жолдауда ұнағаны – студенттердің шәкіртақысының көтерілгені. Бұл дегеніңіз – үлгерімі жоғары студенттерге қолдау болатын болды. Мен бұл жолдауды кез келген ортада талқылап, орындалуына кішкентай болса да үлесімді қосамын деп ойлаймын.»

Студенттер болашақтың жарқын болатынына сенімді
Студенттер болашақтың жарқын болатынына сенімді

2020 жылға дейін барлық білім беру ошақтары сапалы бірегей білім беретін болады. Бұл жүйе оқу орындарының жетіспеушілігін, білім берудің ұлттық негізін қалыптастырмақ. Ал нағыз дарындылар үшін қолдаудың тиімді жаңа жүйесі жасалмақ. Еліміз осылайша жаңа дәуірдің жаңа келбетіне қадам баспақ.

Дамудың өзіндік ерекше үлгісін қалыптастыра білген еліміз енді бір мақсат, бір мүддені арқалап, болашаққа бірге ұмтылмақ. Бұдан Қазақ елінің ұлттық идеясы саналатын мәңгілік ел қалыптасарын байқауға болады.