Шымкентте кітапханалар жабылуы мүмкін

272
№18 кітапхана

Қаламызға кітапхана жетіспейді. Ал қызмет жасап тұрған мәдени орындардың бірқатарына жылу жүйесі тартылмаған. Қалалық мәдениет бөлімінің мамандары бұл жағдай оқырмандарды жоғалтуға әкеледі деп отыр. 

Айжан Баймұханбетова
Айжан Баймұханбетова

Айжан Баймұханбетова қызмет орнына таңғы сағат 8:30-да келеді. Қалалық кітапханалар жүйесіне қарасты № 18 кітапханада қызмет етіп жүргеніне 10 жылдан асқан. Айтуынша, 4000-нан астам кітабы бар мәдениет ошағы 2004 жылы осы бір бөлмелі ғимаратқа көшкен. Сол уақыттан бері оқырманның қатары сейіліпті.

Айжан Баймұханбетова, № 18 кітапхананың меңгерушісі: «Оқырмандардың аз болу себебі, мына бөлме тар, ауасы да тар. Қыста суық болады. Оның үстіне оқырмандар отыратын үстелдер де аз. Өзім ауырып қалмас үшін қалың киініп жүремін. Жалақым – 44 мың 400 теңге. Амал жоқ, суық кітапханада отбасымды, өзімді асырау үшін жұмыс істеймін.»

 №17 орталық кітапхананың жағдайы да мәз емес. Ұжым әзірге Тельман бөлімшесіндегі №9 полиция бөлімінің ғимаратын паналап отыр. 5600 кітабы бар мәдениет ошағы да қыста пешпен жылытылады.

Жанжамал Қалымбетова
Жанжамал Қалымбетова

 

Жанжамал Қалымбетова, №17 кітапхананың меңгерушісі: «Оқырмандарымыз бар. Олар «жылы жер болса, жеңіл отырып, мынау кітап қорындағы кітаптарды өзіміз іздеп тауып, оқысақ» дейді. Газеттердің беттерін ақтарып отыратын мүмкіндік болса деген де тілектері бар. Бұл  менің де арманым ғой.»

 

Жуырда өткен мәдениет басқармасының есебінде қаламыздағы жағдайы мүшкіл 3 бірдей кітапхананың ахуалы айтылған. Мәселені облыс әкімінің өзі де көтерген еді.

Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: – Неге жылу мәселесін осы күнге дейін шеше алмай отырмыз?

Күлия Айдарбекова, облыстық мәдениет басқармасының басшысы: – Асқар Исабекұлы, толық зерделеп шығып, біз ұсыныс дайындағанбыз, соның нәтижесінде біздің ұсынысымызбен 5 мәдениет үйін жабу, 38 клубты және 12 кітапхананы жабуға ұсыныс бергенбіз.

оқырмандарға арналған орын

Жаңа жылдан бастап Шымкентке бірнеше елдімекен қосылды. Ондағы жағдайды айтпағанда қаладағы шағынаудандардың бәрінде бірдей оқырманға арналған мәдениет ошағы жоқтың қасы. Енді онсыз да кітапханасы аз шаһар жуырда тағы 3 бірдей кітапханасынан айырылуы мүмкін.

Кітапханалар мынадай жылыту пештерін қолданып келеді