Ата-аналар жиналысы қалай өтіп жүр?

Мектепке ақша жинау үшін шақыра ма?

Қолыма қалам алуға «Оңтүстік Рабат» газетінің 18-желтоқсандағы «Білімдегілер былыққа батып жатыр» атты мақаласы түрткі болды. Білім саласы дегеніңіз ең үлкен, ең қажет ағартушы сала болғандықтан, басымызды иіп, жаман айтудан да қашқақтаймыз-ау.

Бірақ, сынның айтылуы қажет және сын түзелмей, мін түзелмейтініне көзіміз жеткелі қашан. Айтпағымыз, мектептердегі ата-аналар жиналысы төңірегінде болмақ. Бала десе жарғақ құлағы жастыққа тимейтін ата-ананың бірі емеспіз бе?

Таяуда ата-аналар жиналысы болады деген соң, селқос қана қимылдап, мектепке баруға жиналдым. Неге селқос десеңіз қазіргі жиналыстар баланың болашағы үшін емес, ақша жинау төңірегіндегі айтыс-тартысқа айналып кеткен. Баланың болашағы туралы мәнді әңгімелер жоқтың қасы. Сағат 12-де деген жиналысқа сәл кешігіп барсаң да уақытылы бастала қоймайды. Жиналамыз дегенше сағат 1-ді алқымдап қалды.

Мұғалім бүгін жиналыс жариялауына байланысты барлық әшекейін тағынып, сәнді киініп-ақ келген екен. «Құрметті ата-аналар! Сіздерді түгендеп алайын қанеки» деген мұғалім келген-келмегендерді анықтап шықты. Содан, жиналысқа келмеген ата-аналардың балаларын жамандаудан бастады. «Әттең-ай, маған нағыз керек ата-аналар келмей қалады өмірі, мына Нұржанның бұзықтығынан шошыдым. Анау Қанат кір-қожалақ, үнемі тырнағы алынбайды, мына Гүлжанның шашы таза емес», тағы сондай дөрекі тіркестерден біз тіпті ыңғайсыздана бастадық. Сонда көзі ашық, бала тәрбиесін сеніп тапсырып отырған мұғалім балалардың осы кемшіліктерін жариялаудан басқа ештеңе таппағаны ма? Сонда этика мен эстетика қайда қалды? Әрбір жиналыстың мақсаты мен тақырыбы қайда?

Неге ата-ана мектеп жиналыстарына барудан қашқақтайды? Өйткені, білім саласы төңірегінде адасып жүрген кейбір мұғалімердің білімсіздігіне, ағартушылық білімділікке жетелеуден гөрі, оқушының материалдық жағдайына қарай жіктеп бөлетінін көргісі келмегендіктен қашады.

Иә, бұл шақырылған жиналыс та алда келе жатқан мерекелерге байланысты ақша жинау, сыныпқа гүл, тақта сүртетін сүрткі әкелу, тіпті кіші сынып болғандықтан түрлі-түсті дидактикалық материалдарға ақша жинау сияқты ұзын сонар «ақша жинау» төңірегіндегі әңгімемен өрбіді. Ата-ана ақымақ емес, осы «жинаулардың» қаншалықты қажеттілігін немесе қажет еместігін ұғынып, біліп отырса да, баласы үшін бас изеп келісім беріп шығады. Бұл жазбамның мақсаты – мұғалімді даттау, не мақтау емес. Таңның атысы кештің батысы жұмыста күйбең тіршіліктің қамымен жүрген ата-ана, яғни, біз балаларымыздың болашағын Сізге, ардақты ұстаз, сеніп тапсырып отырған жоқпыз ба?! Ендеше басқаға емес баланың біліміне бірлесіп көңіл бөлейік. Жиналысқа ата-аналар келмейді деп оларды кінәлаудан бұрын, сол жиналысқа ата ананың не үшін келмейтінін бір сәт зерттеп алу керек. Ата-аналар жиналысына барып жүріп, көкейге түйгенім осы болды.

Ләззат НАРЫМБЕК, ата-ана