Көктем қашан келеді?

Нұрғабыл Қозыбай

Ауа райын болжаушы Нұрғабыл Қозыбайдың болжамына қарағанда ақпанның 12- жұлдызына қарай қытымыр аяз бәсеңдеп, күн жылынғанымен, айдың аяғы мен наурыздың басында жұқа қар жауып, күн райы қайта суытуы мүмкін. Ата-бабамыздың «қыстың бір күні қалса да қорық» деген нақылына сүйенетін ол осы айдың 13-14 жұлдызында күн райының +5 градусқа жылынатынын, алайда мұны көкорай көктемнің лебі деп қабылдамауды ескертеді. 

Нұрғабыл Қозыбай
Нұрғабыл Қозыбай

Әдетте, 40 күнге созылатын қысқы шілде ақпанның 5- не шығады. Алайда, шілде шығарда ауа райының қатаң мінез көрсетететініне бұл жолы да көз жеткізіп отырмыз. Сонымен, сіз бен біз күткен көкорай көктем қашан келеді? Ауа райын болжаушы кейіпкеріміз наурыздың 10- жұлдызынан кейін күн жылынып, көктем лебі сезіле бастайтынын алға тартты. Оның болжауынша, ақпанның аяғына қарай суыта бастайтын күн райы наурыз айына дейін жалғасады. 

Бір жылдағы 365 күнді ауа райын болжаушылар «қыстың күндері», «жаздың күндері» деп екіге бөліп қарастырады. Жыл басы – Наурыз деп білетін ата-бабамыз қыстың қандай «мінез» танытатынын жаздың күндерінен-ақ айқын аңғарып отырған. Яғни, жаздың аптап ыстық күндері қыста ызғар болып қайтуы мүмкін. Бұл жерде 2-3 күнге ғана ауытқулар болып тұрады екен. Нұрғабыл Қозыбай «қой бақса да ой баққан» қазақтың осынау тұжырымына сүйенеді. Және ол жыл иесінің мінез-құлқына қарап, ауа райын жорамалдап отырады. Мәселен, төрт аяқтыда жуас деп танылатын қой жылында ауа райы шаруаға қарайлас болатынын алға тартады. Ал мешін жылының қыс мезгілі қатты болады. Ата-бабамыздан келе жатқан ескі дәстүрдің бірі – жаңа туған айға қарап болжам жасау да синоптикті әлі күнге жаңылыстырған емес. Нұрғабыл Қозыбай «қаңтардың 1 күні жаңа ай туды, бірақ, ауа райы ашық болмаған соң, оған ешкімнің мән беруге мұршасы болмады. Шалқасынан туған айды көріп, қаңтардың күн райы қытымыр болатынын сездім», – дейді. 

Ата-бабамыздың «қыстың бір күні қалса да қорық» деген нақылына сүйенетін ол осы айдың 13-14  жұлдызында күн райының +5 градусқа жылынатынын, алайда мұны көкорай көктемнің лебі деп қабылдамауды ескертеді
Ата-бабамыздың «қыстың бір күні қалса да қорық» деген нақылына сүйенетін ол осы айдың 13-14 жұлдызында күн райының +5 градусқа жылынатынын, алайда мұны көкорай көктемнің лебі деп қабылдамауды ескертеді

Ол ауа райын болжауды әуелде әкесінен үйреніпті. Көреген әкесі «егер осы саланы зерттеп көргім келеді десең, күнделікті ауа райын өзің түртіп алып жүр» деп кеңес берген екен. Әке нұсқауымен 1982 жылдан бері күн райына ерекше мән беріп, түрлі болжамдар жасауға әдеттене бастайды. 30 жылдан бері ауа райын қалт жібермей, қадағалап жүрген біздің кейіпкер әрбір төрт жылда жаңбырлы күн райының қайталанатынын, әрбір сегіз жылда құрғақшылық белең алатынына да көз жеткізген. Осылайша, «дала академигі» атанған ата-бабамыздың ауа райын болжаудағы осы күнге дейін маңызын жоймай келе жатқан қарапайым қағидалары Н.Қозыбайдың ғылыми тұжырымдарына сеп болып келеді. 

Мақпал РЫСБАЕВА