Мектеп директорлары неге ұсталып қала береді?

Мектеп директоры орынбасарын делдал ретінде пайдалана отырып, Н есімді әйелді лаборант қызметіне жұмысқа аламын деп 310 мың теңге көлемінде пара сұраған

Балық басынан шіриді деген тәмсілді күнгейдегі кейбір мектеп басшылары жиі дәлелдеп жүр. Әсіресе шымкенттік мектептердің директорлары бірінен соң бірі пара алып жатқан жерінде қолға түсіп, ұжымы мен оқушыларының алдында масқаралары шығуда. Сөзіміз дәлелді болуы үшін бір ғана ақпан айындағы оқиғаларды айтып берсек бір атанға жүк боларлық қылмыс. 

Таяуда, анғырақ айтсақ, 4 ақпан күні Қаржы полициясының қызметкерлері Шымкенттегі № 68-ші жалпы орта мектебінің директоры мен оның орынбасарын қамауға алды. «Мектеп директоры орынбасарын делдал ретінде пайдалана отырып, Н есімді әйелді лаборант қызметіне жұмысқа аламын деп 310 мың теңге көлемінде пара сұраған», – дейді қаржы полициясының баспасөз қызметі. Мектеп директоры Н. К. және шаруашылық жөніндегі орынбасары Ф. Ш параны алып жатқан жерінде қолға түсіп қалды. 

Мектеп директоры орынбасарын делдал ретінде пайдалана отырып, Н есімді әйелді лаборант қызметіне жұмысқа аламын деп 310 мың теңге көлемінде пара сұраған
Мектеп директоры орынбасарын делдал ретінде пайдалана отырып, Н есімді әйелді лаборант қызметіне жұмысқа аламын деп 310 мың теңге көлемінде пара сұраған

Дәл осыған ұқсас жағдай бір күн өткенде Ордабасы ауданындада тіркелді «Шұбар» орта мектебінің директоры жергілікті азаматшаны вахтер қызметіне жұмысқа алғанының ақысына 10 мың теңге талап еткен. Қазір қос бірдей мектеп директорының үстінен пара алу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ,  пара алуға дәнекер болған  мектеп директорының орынбасары да жауапқа тартылуда.

Бір айта кетерлігі былтыр оңтүстікте білім саласының 41 қызметкерінің үстінен 56 қылмыстық іс қозғалған. Олардың басым көпшілігі мектеп директорлары.

Жоғарыда айтқанымыздай облыста, әсіресе Шымкентте мектеп директорларының пара алу дерегі тым көбейіп барады. Мәселен өткен жылдың 4 желтоқсан күні Шымкенттегі №66 «Қазығұрт» атындағы мектептің 2 мұғалімінен 60 мың теңге пара алды деген күдікпен осы мектептің директоры Г.О.- да ұсталған. Жалғыз ол емес, арада делдал болып жүрген орынбасары да қаржы полицейлерінің қолына түскен еді. Одан өзге облыстың әр аудандарында білім саласына қатысы бар ондаған қылмыс тіркелді.

Шынын айту керек қой, біздің облыстағы білім саласы осы бір жаман әдеттен арыла алмай келеді. Пара ұсынса ала беретін, бюджет қаржысын әкесінің мұрасындай ханталапайға салатын басшы-қосшылар қосақталып ұсталып жатса да тыйылар емес. Ешкімге сабақ болмай тұр. Бұл бір шетінен сол парақор басшыларды тағайындайтын облыстық, қалалық, аудандық білім бөлімінің басшылары мен аудан, қала әкімдерінің кадр саясатына онша мән бермейтінін аңғартады. Пара алатын директор параны бере де алатыны айдай анық нәрсе. Ендігі жерде парақорлық тыйылсын десек, білім саласына қатысты деген басшылардың барлығын дерлік қатаң тексерістен өткізген дұрыс секілді. Тіпті жұмысқа қабылдарда өтірікті анықтайтын детекторларды қолдансақ та артықтық етпейді. Себебі, сондай мүшкіл жағдайға жетіп қалдық…