«Оңтүстік Цирк» – концерт залына айналып кеткен бе?

«Оңтүстік Цирк»

Осыдан 2 жыл бұрын Тәуелсіздіктің 20 жылдығына тарту ретінде Шымкентте елімізде төртінші болып цирк ашылғаны естеріңізде болар. Сол кезде шымкенттіктер ғана емес күнгейдегі талай жұрт қуанған. Әсіресе, цирк өнерін тек теледидардан тамашалап үйренген балақайлардың қуанышында шек болмады. Сүп – сүйкімді ғимараты пайдалануға беріліп, алыс-жақын шетелдер мен өзімізден шыққан әртістер жұмысқа шақырылды. Үлкен ұжым жасақталды. Айтпағымыз, қазағы қалың өңір тұрғындарының осынау қуанышы ұзаққа бармады. Әу баста күнгей жұртты өнерімен тәнті етеді делінген өнер ұжымы соңғы кездері цирктің атауын да, негізгі мақсатын да ұмытқан ба дерсің. Бұлай деп дабыл қағуымыздың өз себебі бар.

«Оңтүстік Цирк»
«Оңтүстік Цирк»

Бірнеше күн бұрын таңертең автобус күтіп тұрып, аялдамаға жапсырылған афишаларға көзім түсіп кетті. Бірінде 7 наурыз күні Қайрат Нұртастың жаңа бағдарламамен концерт беретіні жазылыпты. Өтетін орны – «Оңтүстік Цирк» ғимараты. Дәл соның жанында тағы бір афиша менмұндалап тұр. Қызық көріп, оны да бір шолып, қарап шықтым. Сөйтсем, жезтаңдай әншіміз Мақпал Жүнісова, Асқар Жүнісбеков пен Ернар Айдар есімді жас өнерпаз 1 наурыз күні шымкенттіктерге арнап, көпшіліктің сұрауы бойынша концерт өткізбекші екен. Өтетін орны тағы да сол – «Оңтүстік Цирк» ғимараты. Одан өзге Нұрлан Әлімжан мен Аян Өтепберген сынды әртістер таяуда ғана осында табынушыларымен кездесті. Тағы бір қызықты айтпай кетуге болмас. Өзінің даңғарадай ғимараты мен концерттік залы бола тұра Ш.Қалдаяқов атындағы ОҚО филармониясы 5-ші ақпан күні дәл осы цирк ғимаратында «Әсем әуен, сырлы саз» тақырыбымен жылдық есеп беру концертін өткізді. 

«Осы біздің циркте әнші-әртістердің концерт, жиындары тым көбейіп кеткен жоқ па?» деген ой жол бойы көңілімнен кетпей қойды. Осылайша, цирк көрсетеді деген мемлекеттік мекемеміз өзінің негізгі жұмысын ысырып тастап, көбіне-көп концерт залына айналып кеткенін аңғару қиынға соқпады. Шымкентке табан тіреген әнші-әртістің көбі осы цирктің залын жалдаған. Мақаламыз дәйексіз болмасын деп, «Оңтүстік Цирк» МКҚК-ның баспасөз хатшысы Нағима Шойғараевамен хабарластық. Мақсатымыз цирк ашылғалы бері өз әртістерінің орындауымен қанша рет қойылымдар берілгенін және басқа да әнші, әртістердің қанша концерт, кездесулері өткенін білу болатын. Дегенмен, баспасөз хатшысы толық мәлімет беруден бас тартты. Қорқатынын айтады. (Кімнен қорқатыны белгісіз) Не үшін керек екенін сұрап, тіпті «сынап жазыңдар деген заказ алдыңыздар ма?» деуге дейін барды. Әйтеуір суыртпақтап жүріп білгеніміз мынау болды: «Оңтүстік Цирк» ашылғалы бері 4 мәрте ғана халыққа арнап, қойылым көрсеткен. Оның екеуі 2012 жылы болса, қалған екеуі 2013 жылы. Жылдың басы мен аяғына таман 1-1,5 айдай уақыт күнгей жұртын цирк өнерімен қарық қылған. Қалған 10 айда не істеген? Білуімізше, қалған 10 айда облысты, республиканы аралап, өнер көрсеткен. Ал өздеріне берілген залды көп ретте Астана мен Алматыдан келетін әншілерге жалға беріп келіпті. «Оңтүстік Цирктің» ресми өкілі Н.Шойғараевадан әзер сұрап білгеніміз, бір ғана 2013 жылдың өзінде 29 рет әншілердің концерті өткен. Одан өзге де іс-шаралар жетіп артылады. Енді өзіңіз салыстырып, бағамдап көріңіз, цирктің қойылымы көп пе, әншілердің концерті ме? 

Осы біздің циркте әнші-әртістердің концерт, жиындары тым көбейіп кеткен жоқ па?
Осы біздің циркте әнші-әртістердің концерт, жиындары тым көбейіп кеткен жоқ па?

Бос тұрған залды жалға бергеннің несі айып деуіңіз мүмкін. Әйтсе де 160-тан аса қызметкер еңбек ететін ұжым халыққа өзгеден гөрі өз өнерлерін көрсетуі тиіс емес пе? Әлде жылына екі-үш ай ел алдына шықсақ болды деуі заңдылық па? Естуімізше, бұл мекемеге мемлекет тарапынан аз қолдау жасалып жатқан жоқ. Қаржы жағынан қиындық жоқ екенін басшыларының сұхбаттарынан әрдайым оқып тұрамыз. Оған қоса шеттен келген әртістерінің барлығы да қызметтік пәтерлерде тұрады екен. Тегін. Мемлекет төлейді. Ал енді осынша қолдау, көмек көрсетіліп жатқанда елді жылдың басы мен аяғында бір мәз қылып қоюға бола ма? Жарайды, жаңа бағдарламаға көп дайындық қажет делік. Бірақ, 12 айда ең болмаса 4-5 ай қойылым қоюға шамасы жетпейтін ол өзі қандай әртістер? Демек, тәжірибесіз, дайындығы аз, кәнігі шеберлер емес болғаны да. Бұл орайда облыстық мәдениет басқармасы қайда қарап отыр? Әр өнер ұжымының жыл бойына атқаратын жұмыс жоспары бекітілмеуші ма еді? Бекітілсе, сол жоспарда цирк өнері көбірек сахналануы керектігін неге талап етпейді? Цирк көрсете алатындай өнеріміз, өнерпаздарымыз жоқ болса, «Оңтүстік циркін» несіне аштық? Тағы да сол, шымкенттік боп өзгелерден ерекшелену үшін ғана ма?

Кеудеде талай сауал сайрап жатыр. Оның жауабын осы мақаладан кейін ала жатармыз. Бірақ, «Оңтүстік Циркінен» де бұрын жергілікті билікке айтар сын-ескертпеміз көбірек. Естеріңізде болса, өткен жылдың соңына қарай Шымкентте көрме орталығы ашылды. Құрылысына қанша қаражат кеткенін кім білсін, бір білетініміз айналасы атшаптырым ғимаратта бір мәрте ғана көрме өткізілген. Одан бергі уақытта далада қалған кең сарайдай бос тұрды. Ақыры бос тұрады екен, ақыры әнші келсе концерт өткізетін зал таппай, цирктің аренасына жүгінеді екенбіз, бұлай алашапқын болғанша кең етіп, аккустикасы мен жарығы үйлесім табатындай етіп үлкен бір концерт залын салғанымыз дұрыс болар ма еді? Әншілер Оңтүстікке ай сайын, тіпті күн сайын келеді. Соларға жалға беріп, тегін ақшаны күреп тапсақ артықтық етпейді. Есесіне тағы бір мақтан тұтарлық ғимарат қаланың көркіне көрік қосар еді. Көрме орталығына қарағанда, дәл сол концерт залынан түсетін табыс көп болмаса, аз болмайтынына сеніміміз кәміл. 

Кім біледі, жалға беру арқылы цирк біреулер үшін «тәтті күлше» болып тұрған шығар, бірақ елдегі санаулы ғана цирктің бірі – «Оңтүстік Циркінің» жыл он екі айдың 10 айында тек қана әнші, әртістердің концерт залына айналып, өз қызметін ысырып тастауы абырой әпермейтін тірлік. Бұл базынамызды облыстың атқамінерлері оқып жатса, сілкінер, тиісті шара қолданар деген ниеттеміз. Тек әйтеуір цирк ғимараты баяғы жартас сол жартастың кебін киіп, шоу бизнеске ғана қызмет көрсетіп кетпесе игі…

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ