«Төл өнерімізді босағада телміртіп қоюға қақымыз жоқ»

Набат Ойнарова, жырау
Набат Ойнарова, жырау
Набат Ойнарова, жырау

Бүгінде қасиетті қара домбыраның сырлы тетіктерімен шертілген қазақтың күйі мен термесі жоғалып, дәстүрлі өнермен сусындаған ұрпақ азайып барады. Әрбір шаңырақтың төрінде тұратын ұлттық аспабымыз бүгінде есіктен сығалағандай күй кешуде. Тіпті, кейбір жастар домбыраның аты мен затын білмей, терме мен күйдің сырлы әуенін сезінбей өсуде. Неге біздің дәстүрлі өнеріміз дәріптелуден қалды? Есесіне мәні жоқ, ғұмыры қысқа сапасыз дүниелер жауынан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап бара жатыр. Бүгінгінің ақыны мен әншісі тек заман ағысымен ілесіп кеткен жоқ па? Ескімізді жаңартып, ұлттық құндылықтарымызды жасартатын кімдер? 

Құлақтан кіріп, бойды алар,

Әсем ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар

Әнді сүйсең, менше сүй, – деп дана Абай қазақтың ән мен күй құдіретін осылай жырлаған. Ал бүгінде ата-бабамыздың асыл қазынасы саналған қара домбыраның құдіретінен туындаған дәстүрлі әндеріміздің жоқтаушысы мен жанашырын саусақпен ғана санаймыз.

Қазақтың бүкіл рухани болмысы, тілі мен ділі, дәстүрі – домбыраның қос ішегінде екенін дәріптеп, керемет жырларының құдіретін жүректен-жүрекке жеткізіп жүрген Набат жыраумен тілдескен болатынбыз. Сыр елінің тумасы, жастайынан ұлттық аспаптың құлағында ойнаған Набат Ойнарова дәстүрлі өнерді жоғалтпауға барын салып жүргендердің бірі. Баға жетпес ұлттық құндылықтарымыз бастауыш сыныптан, тіпті балабақшадан дәріптелсе екен дейді жырау. 

– Мектеп жасындағы балалардың домбыраны білмей өсіп келе жатқаны көңілге кірбің түсіреді. Дайын дискімен өлең айту әдетке айналды. Той да, концерт те – жасандылыққа бой алдырды. Әйтпесе, өнерлі жастар жоқ емес, тек оларға дұрыс бағыт-бағдар беру қажет. Эстрада жанрында да қазақ әндері заманға сай өңделіп, көркем дүниелер ұсынылып жүргенін жоққа шығармаймын. Бірақ, батысшыл болудың жөні осы екен деп, төл өнерімізді босағада телміртіп қоюға қақымыз жоқ, – дейді Набат Тілеужанқызы. 

Ән қоржынында 300-ден астам әні мен жыры, терме, 8 дастаны бар жыраудың Қызылордада, Кентау қалаларында жыраулық мектептері бар. Кезінде 40 жылдық тарихы бар «Гүлдер» ансамблінің құрамында төрткүл дүниенің төрт бұрышын шарлап, қоңыр үнді домбырамен талайды тәнті еткен де осы Набат жырау болатын.

– Қолымда домбырам тұрғанда халыққа мәдени қызмет етуге, шәкірттерді киелі өнерге баулуға қай кезде де дайынмын. Бүгінде өнер иелерінің соңынан шәкірт ертпейтініне жаным ауырады. Жүрген жерімде «өнерлі жастар бар ма?» деп сұрауды әдетке айналдырғанмын. Бірақ, мектепке барып өнер көрсететін әншілер де, оқушылар да тек махаббат тақырыбында ән айтады. Балаға мектеп қабырғасында Отан, туған жер, ата-анаға перзенттік махаббаты жайында патриоттық тақырыптағы әндер тыңдатып, орындатпаған музыка пәні мұғалімдерінің мақсаты не? Керек десеңіз, қазір өмірінде қолына домбыра ұстап көрмеген музыка пәнінің мұғалімдері де бар. «Плюсовка» жаздыртып, фонограммамен ән айтқан ондай әншілер балаға не үйретпек? Сахнада тек аузын жыбырлатып тұруды – өнерді қорлау деп түсінемін, – деген Набат Тілеужанқызы өзегін өртеген өкінішті жасырмады. 

– Бүгінде ұлттық өнердің құнарын кетірмей, жалғастырып келе жатқан әншілер де жоқ емес. Осы Оңтүстік өңірде дәстүрлі ән өнеріне жанашырлықпен қарап, ұмыт боп бара жатқан термелерді жинақтап жүретін Уәлихан Қожақ есімді азаматты ерекше атап өткім келеді. Бұл жігітті нағыз төл өнердің жанашыры деп білемін, – дейді. 

Иә, күнкөріс қамымен бүгінде әншілердің көбі той қуалап кеткені белгілі. Той бизнестің де, шоу бизнестің де дәурені арзанқол дүниелермен дүрілдеп тұр. Қасиетті қара домбыраның үнін сағынған халықтың сұранысы эстрадалық әуенмен алмасқан. Өкінішке орай, адам жанын байытып, көңіл көкжиегін кеңейтетін, ұлттың өгейсіп кетуіне жол бермейтін ұлттық музыкамыз жоғалып барады.

Гүлнұр СӘТБАЕВА