Арыңды сақта, бойжеткен!

«Қызым, саған айтамын...» атты қыз-келіншектер отауының тұсауын кесті
«Қызым, саған айтамын...» атты қыз-келіншектер отауының тұсауын кесті
«Қызым, саған айтамын…» атты қыз-келіншектер отауының тұсауын кесті

«Қыздар неше жастан гинекологқа баруы керек?», «Ерте жүктіліктің қалай алдын алуға болады?», «Қыздар тәрбиесінде нені ұмыт қалдырдық?». Осындай көңілді күпті еткен сұрақтарға жауап іздеген «Оңтүстік Рабат» газеті «Қызым, саған айтамын…» атты қыз-келіншектер отауының тұсауын кесті. Алғашқы тұсаукесер рәсімінде өткен отырыс «Ерте жаста жүкті болудың себебі мен салдары» деген тақырыпта өтті. Статистикаға сүйенсек, облысымызда жылына 80 мыңға жуық жүкті әйел босанса, оның 200-ден астамы кәмелет жасына толмай жүкті болғандардың үлесінде екен. Мысалы, 2008 жылы 17 жасқа дейінгі 100 қыз, 15-ке толмаған 20 қыз жүкті болса, 2009 жылы бұл көрсеткіш 250-ге жеткен. 2013 жылы Шымкент қаласындағы бір ғана Абай ауданында кәмелеттік жасқа толмаған 45 жасөспірім қыз оң жақта отырып, жүкті болған. Ал жылына 14-16 жастағы 500-ге жуық қыз түсік жасатады екен. Ерте жастан опық жеген талай жасөспірім қыз құрсағына біткен баладан арылудың жолын іздейді. Мұндайда түрлі айла-шарғыға баратын олар ақырында дімкәс, мүгедек, кемтар сәбилерді дүниеге әкеліп, ұлт саулығы тұрғысында қоғам дертіне дерт қосып отыр. Кейбір жасөспірім қыздардың жауапсыздығы қоғамның осындай өзекті мәселесінің біріне айналуда. Қаймағы бұзылмаған Оңтүстік өңірінде өзекті өртер өкінішті жәйттердің орын алып жатқандығы қай қазақты болмасын қынжылтатыны рас. «Қызым, саған айтамын…» клубының талқыға салған тақырыбы да осы еді. Пікірталас отырысын «Оңтүстік Рабат» газетінің бас редакторы Жәмила Мамырәлі жүргізіп отырды. Сонымен…

Жәмила Мамырәлі
Жәмила Мамырәлі

Жәмила Мамырәлі:

– Жасөспірім қыз алғаш рет гинекологқа қай жастан барып қаралуы қажет?

Ұлбала Өмірәлиева, Шымкент қалалық №1 емхананың акушер-гинекологы
Ұлбала Өмірәлиева, Шымкент қалалық №1 емхананың акушер-гинекологы

Ұлбала Өмірәлиева, Шымкент қалалық №1 емхананың акушер-гинекологы:

– Негізі қыздарда 10-12 жаста алғаш рет етеккірі келеді. Демек, бұл уақыт олардың бойжеткендігінің белгісі. Етеккір келгенде не істеуі керек? Тазалықты сақтаудың алғы шарттарын қызына ең алдымен анасы, жеңгесі айтып түсіндіргені абзал. Ал 13-14 жаста жасөспірім қыздың гинеколог дәрігерге келіп, профилактикалық тексеруден өтуі міндетті. Бұл қабылдауды дәрігер қыздың қасында тек анасы болғанда ғана жүргізе алады. Бұл не үшін керек? Қыз баласының гинекологиялық ауытқуларын ерте жастан анықтап, дәрігерлік кеңес беру үшін қажет. Сондай-ақ, қыздың гинекологиялық тұрғыда қандай да бір шағымдары болса, анализ талдамаларын алып, зерттеуге жібереміз. 

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=dLoJYJqzqS4[/youtube]

Жәмила Мамырәлі:

– Дәрігерге келген жасөспірім қыздарды қалай тексересіздер?

Ұлбала Өмірәлиева, Шымкент қалалық №1 емхананың акушер-гинекологы:

– Жасөспірім қыздарды міндетті түрде анасының қатысуымен ғана тексере аламыз. Егер қыздың ары сақталған болса, біз оны ары қарай тексермейміз. Тек жыныс жолдарының сырт жағынан ғана жағынды алып, тексеру жүргіземіз. Ал ары сақталмаған болса, арнайы құралдар арқылы ішінен 3 жағынды алып, тексереміз. Сосын, мұндай тексерістен қорқудың қажеті жоқ. «Дәрігер қыздық белгісін үзіп жібереді екен» деген жалған сөз. Олай болуы мүмкін емес. Медициналық тұрғыдан қыздың арына селкеу түсірмей талдау, зерттеу, тексеру жүргізуге қазіргі таңда барлық мүмкіндік жасалған.

Жәмила Мамырәлі:

– Жоғарыда жасанды түсік жасатушы жас қыздар жылдан-жылға көбейіп отырғанын айттық. Сол жасанды түсік қыз баланың болашағына қаншалықты балта шабады? Ұрпақ өрбіте алмай қалудан басқа денсаулығына келтіретін кінәраты қай дәрежеде?

Гүлмира Түймебаева, Шымкент қалалық №2 перзентхананың акушер-гинекологы
Гүлмира Түймебаева, Шымкент қалалық №2 перзентхананың акушер-гинекологы

Гүлмира Түймебаева, Шымкент қалалық №2 перзентхананың акушер-гинекологы: 

– Жасанды түсік жасатқаннан кейін қыздардың болашақта ана бола алмай қалу қаупі басым. Түсік жасату – оңай процесс емес, оның ағзаға келтірер зақымы едәуір. Мұны көбіне қыздар түсінгісі келмейді. Жасанды түсіктен кейінгі ағзадағы асқынулар уақыт өте келе денсаулықты әлсіретеді. Түсік жасатудан кейін де кейбіреулер бала сүйетіні бар. Бірақ, бала көтерген жағдайда оны 9 ай қиналмай аман-есен көтеріп жүруі екіталай. Көбі босануға дейінгі мерзімді толық атқара алмайды. Түсіп қалу жағдайы жиі кездеседі. 

Арайлым Жолдасова, М.Әуезов атындағы ОҚМУ студенті
Арайлым Жолдасова, М.Әуезов атындағы ОҚМУ студенті

Арайлым Жолдасова, М.Әуезов атындағы ОҚМУ студенті:

– Қыздар неше жаста жыныстық тұрғыда толық жетіледі? Дені сау баланы дүниеге әкелу үшін қыздың қабілетті жасы қанша?

Гүлмира Түймебаева, Шымкент қалалық №2 перзентхананың акушер-гинекологы: 

– Негізі 19 жастан бастап ішкі ағза толық жетіліп, жүктілікке дайын болады. Дегенмен, солай екен деп ерте жастан жүкті болу жөн емес. Қыздардың ерте босануы нәрестенің ауру болып туылуына, немесе жүктілік кезінде түрлі аурулардың асқынуына әкеп соғады. Балалы болуды жиырмадан асқан соң жоспарлаған жөн.

– Жәмила Мамырәлі:

– Жас қыздардың арасында тұрмысқа шықпай жатып, абыройынан айырылып қалғандардың жыл өткен сайын көбейгенін гинеколог мамандар айтып отыр. Бір әулеттің абыройын ойлаған апа-әже, ана ретінде айтыңыздаршы, үйіміздің төрінен осындай арсыздықтың орын алмауы үшін не істемек ләзім? 

Үрзада Айтөреева, «Әжелер алқасы» қоғамдық ұйымының төрайымы
Үрзада Айтөреева, «Әжелер алқасы» қоғамдық ұйымының төрайымы

Үрзада Айтөреева, «Әжелер алқасы» қоғамдық ұйымының төрайымы:

– Жалпы, қазақта «қызды қырық үйден тыю» деген сөз бекер айтылмаған. Біздің ата-бабамыз келешек ұрпағының тазалығын қыздың тәрбиесінен бастаған. Осындай дәстүрдің бәрін жоққа шығарып, демократияны желеу етіп, өркениеттілік осы екен деп, бетімен кету – ол біздің ата дәстүрімізге, жалпы ұрпағымызды тәрбиелеп-өсіруге кері әсерін тигізеді. Оң жақта отырып, Алла Тағаланың берген қыздық қасиетін сақтай алмаған қыздардың өз тағдырына да жауапсыз қарағаны. Ондай қыздар келін деген, болашақ ана деген атқа лайықты деп айта алмаймын. Мұндай қыздарға бір әулеттің жауапкершілігін сеніп тапсыруға болмайды. 

Мен ана ретінде ұлыма мұндай қызды алуға үзілді-кесілді тыйым саламын. Егер сондай жеңіл жүріске салынған, немесе жастайынан қандай да бір қателікке бой алдырған қыз босағамнан аттаған жағдайда ағайын-жұртымды абыр-сабырға түсірмей, алдымен ол қызбен жеке сөйлесемін. Барлық жағдайды айтқызып, ант-су ішкізіп, содан кейін барып келін деген айдар тағуға рұқсат беремін. Әр ана өз ұрпағына осылай тиянақты қарағанда ғана мұндай әрекеттерге аз да болса тыйым салуға болады.

Гүлмира Түймебаева, Шымкент қалалық №2 перзентхананың акушер-гинекологы: 

– Осындай келеңсіздікке ұрынбас үшін қазір отау құрғалы жүрген, үйленгелі жатқан жастар алдымен гинеколог маманға келіп жолықса, тексерілсе екен дейміз. Себебі, бұл тексеру ертеңгі ұрпақтың сау болуы үшін де керек. Екі жастың қан топтарын анықтаймыз. Теріс резустың кесірінен отау құрып алып, жылдар бойына бала сүйе алмай жүрген жас жұбайлар өте көп. Міне осындай бақытсыздықтың алдын алу үшін де отау құрғалы жүрген жастар алдымен гинеколог маманның кеңесін алғаны дұрыс.

Ғалиябану Бижанова, журналист
Ғалиябану Бижанова, журналист

Ғалиябану Бижанова, журналист:

– Баланы тәрбиелеу ананың басты міндеті. Ұл өсті дегеннен өзіне жар болатын жанның арының тазалығына мән беру керектігін ана айтып отыруы керек. Бойжеткен қыздың қылығы көп, сондықтан да қызбаланың тәрбиесіне ананың ерекше мән бергені жөн. Қыз анасымен сырлас болып, өзін мазалаған ішкі ойларымен әрдайым бөлісіп отырса, жамандыққа жолықпайды. Қыздың ең бірінші ұстанымы – қыз деген атқа лайық болуы. Біз Кеңес Үкіметінің тәрбиесін көрген адамдармыз. Ал қазіргі ата-аналар заманына қарай жеңіл ойлайтын сияқты. Дегенмен, заман өзгергенімен, адам өзгерген жоқ қой. Қыз – болашақ жар, болашақ ана. Өзге үйдің босағасын аттағанда бойыңды тік ұстап, тәрбиелеп өсірген ата-анаңның елдің алдында жүзін төмен түсірмейтіндей етіп адал аттау үшін ананың әр сөзін қыз бала жадында ұстауы керек.

Жәмила Мамырәлі:

– Әрине, ерте жастан жүкті болып қалуды кез келген қыз мақсат тұтпайтыны анық. Дегенмен, ойнақтап жүріп от басып қалған қыздардың оң босағада отырып босанған соң жантүршігерлік әрекетке, өз баласын тұншықтырып өлтіру, қоқысқа тастап кетуі секілді қатыгездікке баратыны соңғы кезде жиі кездесуде. Қатыгездікке барудың себебі неде? «Естіген елден ұятты» деген жалған намыс па? Әлде ата-анасынан, бауырларынан қиын сәтте қолдау таба алмауынан ба? 

Зәурет Қабылбекова, психолог
Зәурет Қабылбекова, психолог

Зәурет Қабылбекова, психолог:

– Бүгінде біз жоғары ақпараттық технологиялар заманында өмір сүрудеміз деп мақтанамыз. Сондықтан, өсіп келе жатқан ұрпақты сауатсыз деп те айтуға болмайды. Өйткені, олар осы жаңа технологияларды еркін меңгеріп, түрлі ақпараттармен алмаса алады. Иә, заман өзгергенімен, әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүріміз өзгерген жоқ. Адам өмірінде ешқандай қиындық болмайды деген кепілдік ешкімде жоқ. Ешкім де алдында қандай қиыншылық күтіп тұрғанын болжай алмайды. Әр адамның басында қуаныш пен қайғысы қатар жүретіні рас. Ол Алланың сыны деп айтуымызға болады. Алайда, осындай қиындықтардан шығудың да түрлі жолдары бар. Көбі сол қиындықтан алып шығатын жолды таппай қатыгездікке, қателікке бой алдырып жатады. 

Негізінде, қазіргі педагогика оқулығында жыныстық тәрбие туралы бөлім жоқ. Оны көбі ұят санайды. Мұғалімдердің өзі өрімдей балаға мұны қалай жеткіземіз деп оқушыларға мұндайды оқытуға ұялады. Сонда қыз баласы жыныстық тәрбиені қайдан оқып білуі керек? Міне осы жерде оған отбасында анасымен, жеңгесімен сырласу өте қажет. Мектепте осындай тақырыптарда сабақтар өткені жөн. Мұнын қыз баласына пайдасы көп. 

Сондай-ақ, біз баланы өте қатал тәрбиелейміз. Тәрбиелеу деген осы екен деп тым қаталдыққа салыну да бала жастан қызды жалтақтыққа алып келетінін ұмытамыз. Осыдан барып, қыз өз анасына ойындағысын айтуға жасқанады. Мысалы, алғашқы етеккір келгенін ол анасына емес, алдымен құрбысына, не жеңгесіне айтады. Сол үшін қызды кішкентайынан өзімізге әбден сендіріп, анадан артық жақын адам жоқ екенін ұғындырып өсіруіміз керек. Қыз – болашақ ана, бір әулеттің үлгілі келіні атанатындығын санасына сіңіріп, әйелге үлкен жауапкершілік пен міндет жүктелетіндігін айтып отыру керек.

Наргүл Медеубекова, М.Әуезов атындағы ОҚМУ студенті
Наргүл Медеубекова, М.Әуезов атындағы ОҚМУ студенті

Наргүл Медеубекова, М.Әуезов атындағы ОҚМУ студенті:

– Мен Зәурет апайдың тұжырымымен келісемін. Бүгінгідей қарыштап дамыған технологиялардың тәрбиеге тигізер әсері өте мол. Соның ішінде теледидардың алар орны ерекше. Телеарналар біздің санамызға, тәрбиемізге жат шетелдің кинолары мен ерсі бейнеклиптерін өте көп көрсетеді. Оларды көрген жасөспірім қыздардың санасы уланатыны рас. Өйткені, жас кезде еліктегіштік қасиет басым болады. Жастар тым қызығатын ғаламторда да түрлі ұятсыз сайттар өте көп. Мысалы, көрші Қытайда белгілі бір уақытта ғана интернет әлеміне сүңгуге рұқсат етілген. Бізде де сондай болса.

Жәмила Мамырәлі:

– Облыстық денсаулық сақтау басқармасы берген мәліметтерге сүйенсек өңірімізде 14-15 жастағы қыздар арасындағы жүктілік жағдай ай сайын, апта сайын тіркеледі екен. Яғни олар мектеп жасындағы қыздар. Бұған қарап мектепте тәрбие жұмысым мүлдем жоқ деуге болмас. Дегенмен де… 

Марина Жаңабаева, ОББ «Арнайы білім беру және тәрбие жұмысын дамыту» бөлімінің жетекші маманы
Марина Жаңабаева, ОББ «Арнайы білім беру және тәрбие жұмысын дамыту» бөлімінің жетекші маманы

Марина Жаңабаева, ОББ «Арнайы білім беру және тәрбие жұмысын дамыту» бөлімінің жетекші маманы:

– Өкінішке орай, айтып отырған дәйектеріңізбен келіспеуге амал жоқ болып тұр. Бірақ біз неге ерте жастан жүкті болып қалған қыздың мәселесін ғана қараймыз?! Ол қыз сол әрекетке не себептен барды? Шынымен мектеп жасынан жеңіл жүріске салынғаны ма? Немесе ерте жастан жүкті болып қалуына зорлау фактілері себепкер болды ма? Оған кінәлі кім? Міне, осы жағына да көп мән беру керек сияқты. Тәрбие мәселесінде әрине мектеп психологы, мұғалімдер және сынып жетекшілердің өзіндік рөлі бар. Дегенмен, ең алғашқы тәрбие отбасыдан басталады. Осы екі тәрбиенің үйлесім тапқан кезінде ғана оның оң әсері болары сөзсіз. Бүгінде оқу ошақтарында қыздар клубы және қыздар кеңесі жұмыс істейді. Сондай-ақ, оқушылар психологтардың кеңесіне жүгінуіне толық мүмкіндік жасалған. Сондықтан ең бастысы отбасындағы тәрбиеге мән берген абзал. Ал мектепте тәрбие ісіне үлкен көңіл бөлінген. Жанағы айтқан клубтарда осы тақырыптар үнемі айтылып жүр. 

Ләззат Әлсейітова, Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы директорының орынбасары
Ләззат Әлсейітова, Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы директорының орынбасары

Ләззат Әлсейітова, Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы директорының орынбасары:

– Расында да, жоспарға сай дәрігерлердің, психологтардың қатысуымен кездесулер мектептерде жиі өтіп тұрады. Бұл орайда біздің мектепте қызбаланың тәрбиесіне орай тәрбие сағаты әр сынып сағаттарында қамтылған десем артық айтпаған болар едім. Тіпті, жақында ғана біз жоғары сыныптағы қыздарды ертіп перинаталдық орталыққа бардық. Шала туылған сәбилерге қыздар өз қолдарымен тіккен киім-кешек, қолдан жасаған ойыншықтарын тарту етті. Осы іс-шара барысында қыздарға ерте жастағы жүктілік, түсік жасату мәселелерін дәрігерлер түснідірді. Сондай-ақ, мектебімізде кітаппен тәрбиелеу мәселесіне көңіл бөлінген. Әдеби кітап оқу арқылы балаларды ізгілікке, имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеудеміз. 

Баянсұлу Оразалиева, Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияның оқушысы
Баянсұлу Оразалиева, Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияның оқушысы

Баянсұлу Оразалиева, Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияның оқушысы:

– Менің білейін дегенім, кейбір қыздарда туылғаннан қыздық белгісі болмайды деп жатады. Осы рас па?

Гүлмира Түймебаева, Шымкент қалалық №2 перзентхананың акушер-гинекологы:

– Қыздық белгі 6 түрге бөлінеді. Мысалы ай, жүзік, жұлдызша түрінде, сондай-ақ қынаптың аузы бітеулі қыздықтар да болады. Сондықтан көбіне ай түріндегі қыздық белгіден қан көп кете қоймайды, ал жұлдызша түріндегісі созылмалы келеді.

Жәмила Мамырәлі:

– Расында да анасымен сырласатын қыздар аз. Қыздың ұяңдығы, ананың жұмысбастылығы көбіне екеуара отырып, әңгіме – дүкен құруға кедергі келтіретіні бар. Осы бір арадағы алшақтықты қалай жеңуге болады? Жалпы, қызымен сөйлескенде анасы неге мән беруі керек?

Үрзада Айтөреева, «Әжелер алқасы» қоғамдық ұйымының төрайымы:

– Әрбір ана қызымен құрбысы ретінде сырласа білуі керек. Және анасы болашақ енесі тұрғысында да өз қөзқарасын білдіргені жөн. Бұрындары анасының қызымен оңаша отырып, сөйлесуіне мүмкіндік бола бермейтін. Өйткені, күнделікті күйбең тіршілікте әйелге жүктелетін міндет өте көп. Үйдегі шаруалар, бала тәрбиесі, қызметтегі жауапкершілігі бос отыруға мұрша бермейтін. Ал қазір, техниканың дамыған заманы. Қолмен кір жуып, ауыр кілемді сілкілеп жатқан келінді көрмейсің. Бәрі дайын, бос уақыт көп. Міне, осындайда әрбір ана өз қызымен сырласпағанда не істейді? Расында, барлық кінәні тек қыздарға ғана артқанымыз дұрыс емес. Ұл балаларға берілетін тәрбиені де күшейту керек. Қыздың арына тиген жігіттерге ел болып қарсы тұру керекпіз. Қыз әрине ибалы болуы керек, бірақ жігіт те қазақ екенін, ата дәстүрін ұмытпағаны жөн. Сондай-ақ, бала тәрбиесінде ата-әженің тәрбиесі де үлкен мәнге ие. 

Ақбота Бейбітбек, М.Әуезов атындағы ОҚМУ студенті
Ақбота Бейбітбек, М.Әуезов атындағы ОҚМУ студенті

Ақбота Бейбітбек, М.Әуезов атындағы ОҚМУ студенті:

– Мен әкесіз өскенмін. Отбасында ауыртпалықтың бәрі анама түскендіктен, ол кісінің менімен сырласуға уақыты бола бермейді. Бірақ, мен анаммен сырласпадым екен деп, көше кезіп, жеңіл жүріске салынып кеткенім жоқ. Бұл жерде әр қыздың өз санасына байланысты деймін. Қателескен қыздың бетіне үнемі қара күйе жаға бермей, оны тығырықтан алып шығатын жолды қарастыру керек деген оймен келісемін. Мұндай қыздарға қоғамда жанашырлық танытып, ерік-жігер берсек екен. Тым болмаса, алдағы уақытта одан сайын қателікке бой алдырмауына жағдай жасау қажет.

Жәмила Мамырәлі:

– Бізде осындай қиындыққа тап болған қыздарға психологиялық көмек беретін орталықтар барын көп жастар білмейді. Қиналған қыздар сол орталықтарға барып, өз мұңын, сырын айтса. Психолог мамандар оларға жол көрсетсе дейміз.

Зәурет Қабылбекова, психолог:

– Кез келген жағдайдан шығатын кемінде 3 жол болады. Бастысы, соның ішіндегі дұрыс, оңтайлы жолды таңдай білу. Отбасы мен мектептегі тәрбиеден бөлек адам өз-өзін тәрбиелеуі тиіс. Сондай-ақ, кітап – тәрбиенің көзі. Кітап арқылы рухани жан дүниемізді байытып, тәрбиенің қыр-сырына қанығуға болады. Ал менің жеке электронды поштам kzber@mail.ru. Кезкелген уақытта харбарласуға болады.

Үрзада Айтөреева, «Әжелер алқасы» қоғамдық ұйымының төрайымы:

– Әйел ретінде айтарым, қандай ортада болмасын, қызбаласы мәдениеттілікті, әдептілікті, сыпайылықты сақтағаны жөн. Сонда айналасындағы жігіттер де әдепті болуға тырысады. Жігіттерден соны талап ету керек. Өзіңізге деген сый-құрметтің бағасын түсірмеңіздер. Сөйлегенде де, әдептілікті сақтай білсеңіз, сол арқылы сіз де жігіттерді, қоғамды тәрбиелей аласыз.

Жәмила Мамырәлі:

– Бүгінгі тақырыбымызға пікір білдіріп, атсалысқан өздеріңізге алғыс айтамыз. Әсіресе, М.Әуезов атындағы ОҚМУ мен Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының оқушыларына ризашылығымызды білдіреміз. Әрдайым қоғамдағы келеңсіздікті жоюда бірлесіп, пікірлесіп, ортақ мәселені ортаға салып шешуден шет қалмайық.

Түйін: 

«Қызым, саған айтамын…» клубының келесі отырыстарына арқау болар тақырыпты оқырман қауым, Сіз де ұсынуға мүмкіндігіңіз бар. Нені біле алмай жүрсіз? Тұйыққа тіреген қандай мәселеден жол таба алмай отырсыз? «Оңтүстік Рабатқа» хабарласып ой бөлісіңіз. Мәселені бірге шешейік. 

Жазып алған – Гүлнұр СӘТБАЕВА

Қызға 40 үйден тыйым:

1. Жарыса сөйлеуге

2. Жалғыз қыдыруға

3. Жыртақтап күліп, сыпсыңдап сөйлеуге

4. Орынсыз ұрынуға

5. Басқаларға қол тигізуге

6. Өтірік, өсекке 

7. Суық жүріс, сумаң қылыққа

8. Кісіге қарай керіліп есінеуге

9. Талтайып отыруға

10.Шалқайып жатуға 

11.Тамақты обырлана асауға

12.Ұрлық-қарлыққа

13.Ұятты мүшелерін ашып жүруге

14.Бұраңдап, қылымысуға

15.Қызыл іңірде жатуға

16.Түске дейін ұйықтауға

17.Кісі алдында киім ауыстыруға

18.Салт-дәстүрден аттауға

19.Елді ғайбаттауға

20.Үлкендердің жолын кесіп, атын атауға

21.Ішімдік пен шегімдікке

22.Ұрыс-керіске

23.Беттен алып, бет жыртысуға

24.Қараулыққа, ысырапқа

25.Рахымсыздық пен қатыгездікке

26.Түнде суға жалғыз баруға

27.Жат жыныстылармен арласып жатуға

28.Күйеуге қашып тиюге

29.Әдепсіз сөзге

30.Тарс-тұрс етуге

31.Адам мен жануарларды тебуге

32.Кісіні қорлап, жәбірлеуге

33.Тәкәппарлық пен сайқымазақтыққа

34.Айғай сүреңге

35.Шектен тыс сыланып жасануға

36.Қызғаншақтық пен күншілдікке

37.Менмендік пен өзімшілдікке

38.Алдап-арбауға

39.Көрсеқызарлыққа

40.Нәпсіқұмарлыққа тыйым