ОҚМПИ ұжымы Наурыз мерекесін тойлады

438
Халық әндері де шырқалды

Оңтүстікте Әз Наурыз мерекесі әлі тойланып жатыр. Бүгін өңіріміздегі мемлекеттік педагогикалық институттың ұжымы ұлыстың Ұлы күнін айрықша атап өтті. 80 жылдай тарихы бар ордалы оқу орнының бүгінгі шәкірттері мейрамда киіз үй тігіп, халық фольклорынан қойылымдарын көрсетіп, қазақтың төл тұрмысын еске түсірді. Ақ түйенің қарны жарылған осынау тойда студенттер ұлтымыздың салт-жоралғыларын да ұсынды. Оқу орны мерекелік шара аясында қыз ұзатып, келін түсірді.

Асаба тойбастар әнін орындады
Асаба тойбастар әнін орындады

Мұса Жантөре, ОҚМПИ-дің студенті: «Мереке болған соң біздің ерекше тойлауымыз да жақсы ғой. Мәселен, мен бүгін келіннің қайнысы болып, тойдың сәнін кіргіздім деп ойлаймын. Бір жағынан ағалардың жолын берсін деген ырым-жоралғыларды тиек ете отырып, салт-дәстүрімізді жаңғыртып жатырмыз. Наурыз мерекесі бүкіл Қазақ халқына құт-береке әкелсін, осындай тойлар көбейсін!»

Студенттер ұлттық киімдерімен ерекшеленді
Студенттер ұлттық киімдерімен ерекшеленді

Ұстаздарды түлететін Оңтүстік Қазақстан мемлеккеттік педагогикалық институты жаңа жылды жарылқайды деп үміттенеді. Себебі жылдың басы жақсы жаңалықтармен басталыпты.

Халық әндері де шырқалды
Халық әндері де шырқалды

Дінислам Болатханұлы, ОҚМПИ-дің проректоры: «Біріншіден, біздің институттың құрылымы өзгерді. Бұл жолы академиялық еркіндік беру мәселесі қарастырылып отыр. Және арнайы бағдарлама бойынша шетелде білім алуды жалғастыру да қолға алынды. Бұған қоса институтымыздың материалдық-техникалық базасы толығымен жаңарды. Оның үстіне биылғы жылдың үлкен жемісі – 12 қабатты жатақхана құрылысы басталғалы отыр. Бұлар жаңа жылдың бізге берген үлкен сыйы деп білеміз».

Көрермендер

Қазақтың халық әндері де Наурыз мерекесінің ажарын аша түсті. Айта кетейік, бүгінде Оңтүстік Қазақстан педагогикалық институтында 3500 студент білім алып жүр. 240 ұстаз ізденушілерді оқытып келеді.