«Шара қолданбай қаржы игерілмейді»

Облыс мәслихатының депутаты Пернебек Райымбек
Облыс мәслихатының депутаты Пернебек  Райымбек
Облыс мәслихатының депутаты Пернебек Райымбек

Оңтүстік Қазақстан облыстық Мәслихатының құрылғанына биыл 20 жыл. Осы жылдар ішінде өкілетті органға талай адам сайланды. Оның бірі өзін таңдаған халықтың мұңын айтып, мәселе шешуге тырысты. Кейбірі өзін-өзі басқару органының жұмысына жең түре араласа да алмай кетті. Сайлаушылардың сенімін ақтауға тырысқан облыс Мәслихатының депутаты Пернебек Райымбектің бұл жөніндегі ойы қандай?

– Пернебек аға, облыс мәслихатының депутаттығына Арыс қаласындағы №12 округтен сайландыңыз . Бес шақырылымға қатарынан сайланған өңіріміздегі жалғыз депутатсыз. Бірінші шақырылған облыс мәслихатының сессиясында қаралған мәселелер есіңізде ме?

– Бірінші шақырылған облыстық Мәслихаттың сессиясы 1994 жылы 3 наурызда өтті. Ақша жоқ, әлеуметтік жағдай қиын болатын. Тозығы жеткен мектептер, ауруханаларды ағымдағы не күрделі жөндеуден өткізу жайлы әңгіме де болмайтын. Көлемі 3 млрд теңгеден сәл-ақ асатын бюджет қаржысы тек әлеуметтік салаларға бағытталатын. Ауруханаларда дәрі-дәрмектер жетіспейтін. Жалақыларын ала алмай қиналғандар көмек сұрап сессияға да келетін. Газ, электр жарығы жоқ. Көпқабатты үйлердің тұрғындары далада қазанға тамақ пісіретін. Нанға кезек, құмшекер карточкамен берілетін еді. Бұл кезеңді де халық өткерді. Қаржы 1997-98 жылдары бөліне бастады. Жағдай бірте-бірте түзеліп, қазір облыс бюджетінің көлемі 400 млрд-қа жеткен. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы жылдан жылға жақсарып келеді. Жаңа мектептер, ауруханалар салынуда, кәсіпорындар ашылуда. 

– Қаржы тапшы болған кезеңде қаржыны үнемді жұмсауға тырыстық дедіңіз. Бүгінде бюджеттен бөлінген қаржы толық игерілмей, жылдың соңында қысқартылып жатады. Бұл мәселеге қатысты не айтасыз?

– Бюджет қаржысын мақсатты мерзімінде жұмсау күн тәртібінен түспеген күрделі мәселе. Құрылысшы болғандықтан, құрылыс саласында игерілмей, салдарынан қысқартылған қаржы мәселесі мені қатты толғандырады. Бұл жөнінде тұрақты комиссияларда, сессияларда әріптестеріммен бірге ашық айтып келеміз. Соның нәтижесі болар, былтыр жылдың соңында болған сессиялардың бірінде игерілмей қалған қаржыға жол берген мемлекеттік қызметкерлер жауапқа тартылатынын облыс әкімінің өзі айтқан болатын. Қатал шара көрілсе, қазына қаржысы тиімді жұмсалатынына сенімім мол. 

– Құрылыстың сапасына қатысты үнемі сын айтып жүрсіз? Ол үшін сізге қысым жасалмады ма?

– Оны айтып қайтемін. Сын-ескертпелерден нәтиже шықса болғаны. Құрылыстың сапасы бөлінген қаржыға да байланысты екенін естен шығармаған жөн. Өткен жылдары оңтайландыру мақсатында бірқатар мектептерден қаржы қысқартылған болатын. Бұл шешіммен келіспегендер әлі соттасып жүр. Сондықтан да құрылысты бастамас бұрын жоспарлау, жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу жұмыстарына аса көңіл бөлген жөн. 

– Облыс мәслихатының депутаты лауазымында қызмет атқарғаныңызға биыл 20 жыл толыпты. Арыстағы сайлаушыларыңыздың шешілмеген мәселелері қалмаған шығар? 

– Барлығы түгел шешілді деп айта алмаймын. Алайда кезеңімен шешілуде. Қазіргі таңда Арыс-та елді мекендерді газдандыру жұмысы қолға алынған. Жобалық сметалық құжаты жасалған, енді құрылыс жұмыстары басталады. Электр жарығы шалғай ауылдарда бар, жол жөнделуде. Мектептер, балабақшалар салынуда. Жағдай бұрынғыдай емес қой. Оны шын айту керек. Елбасының салиқалы саясаты арқасында еліміздің экономикасы қарқынды дамып келеді. Оны бүкіл әлем де мойындап отыр. Әрбіріміздің міндетіміз – бірігіп, білек сыбана еңбектену. 

– Қоғамда сізді не толғандырады? 

– Еліміздің демографиялық жағдайы. Мектепті 1974 жылы бітіргенде, анықтамалық оқулығым болатын. Ондағы деректерге сүйенсек, сол жылы Қытай халқының саны 700 млн еді. 40 жылда олардың саны бір жарым млрд-қа жетіпті. Осы қарқын сақталса, олардың саны 5-6 млрд жететіні заңдылық. Ал біздің халқымыздың саны 17 млн-нан әзер асады. Қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту арқылы демографиялық өсімді арттыруымыз қажет деп есептеймін. Әлемдегі саяси тұрақсыздық, әсіресе, Украинадағы, Араб елдеріндегі қақтығыс та қатты алаңдатады. Сондықтан да, ауызбіршілігіміз баянды болсын.Қиын қыстау кезеңде мойымаған халқым аман болсын. 

– Әріптестеріңізбен қарым-қатынасыңыз қандай? 

– Қазір депутаттық корпустың құрамында тәжірибесі мол елге сыйлы азаматтар, жігерлі жастар жетерлік. Облыс Мәслихатының депутаты – 50. Оның 38-і аудандардан сайланса, 11-і қаладан. Мен бесінші шақырылған облыстық Мәслихаттың кәсіпкерлікті, құрылыс және коммуналдық саланы дамыту тұрақты комиссиясының мүшесімін. Әрине, мінезіміз әр қилы, алайда бір-бірімізбен тіл табысуға тырысамыз. 

– Өмірдегі ұстанымыңыз? 

– Әділ болу. Шындық, әділеттілік болған жерде сенім де болады. Сондықтан да қолымнан келгенше осы қасиеттерді жоғалтпауға тырысамын. 

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан – Шынар Оразова