АН-72 ұшағының апатына қатысты сот (видео)

394

Қазақстан республикасы ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметіне тиесілі АН-72 әскери ұшағының апатқа ұшырауына кінәлі деп айыпталған әуежай диспетчері Қанат Ақылбеков 6 жылға бас бостандығынан айрылды. Шымкенттегі Абай аудандық сотында осы іске қатысты үкім оқылды. Сотталушының кінәлі екеніне басты дәлелдердің бірі ретінде Ақылбековтың ұшақты 2150 метр биіктікте ұзақ ұстап тұруы айтылды.

2012 жылдың 25-желтоқсанында Шымкент маңында шекара қызметінің АН-72 әскери ұшағы апатқа ұшырап, экипаж мүшелері мен бортта болған 27 шекарашы түгел опат болды. Қара жәшік ашылғанда жерден көтерілгеннен кейін әуе техникасының автопилоты істен шыққаны анықталды. Осыған байланысты әуе кемесінің командирі ұшақты қолмен басқару режиміне өзкізіп, бағытын жалғастырған.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=mH4fcUaCsvU[/youtube]

Сонымен, кешкі сағат 18:54-те Шымкент әуежайына 21 шақырым қалғанда ұшақ сай бөктеріне соқтығысып, апатқа ұшырады. Еліміздің бас прокуратурасының өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков ұшақтың құлауына бірнеше себептерді атады. Соның ішінде ауа райының қолайсыздығы, экипаждың қателігі де бар. Бір жарым айға созылған сот отырысында 24 жәбірленушінің өкілдері мен 17 куәден сұрау алынды. 42 томнан тұратын іс бойынша айыптау қорытындысында «Қазәуенавигация» мекемесінің 29 жастағы диспетчері Қанат Ақылбеков айыпталды. Бұл жайында әскери прокуратура өкілі былай дейді:

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=l5df0VbxzfY[/youtube]

Прокурора өкілінің айтуынша, диспетчер апат алдында экипаж мүшелерінің қонуына арналған нұсқауды дұрыс бермеген. Ауыр қазадан жарасы жазылмаған жәбірленуші тараптың өкілдері де прокурордың сөзін қуаттауды сұрады.

Ләззат Сейдахметова: «Мен сол 27 кісінің өмірін қиған диспетчердің кінәсі екені дәлелденді деп ойлаймын. Прокурордың айтқанына толық қосыламын. Менің ойымша, 6 жыл – айыпталушы үшін аз. Туысы, баласы да, әйелі де бәрі жанында. 6 жыл ол үшін өте аз. Меніңше, 10 жылдан да көп беру керек.»

Айта кету керек, үкімді тыңдауға жәбірленуші тарап толық келмеді. Сонымен, осы іс бойынша төрағалық етуші судья Сайдбаттал Тоқбергенов үкім оқыды.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=HE_wLKZEtkI[/youtube]

Сонымен, «Қазәуенавигация» мекемесінің 29 жастағы диспетчері Қанат Ақылбековты сот залынан қамауға алу туралы шешім шығарылысымен мәжіліс залына екі инспектор кіріп келіп, диспечердің қолына кісен салып алып кетті. Оның айтып үлгергені үкіммен келіспейтіні ғана болды.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=c8Qjd-lG5fA[/youtube]

Сот отырысы аяқталған соң Қанат Ақылбековтың әкесі сұхбат берді. Жұмабек Ақылбеков те кезінде осы саланың маманы болған. Оның айтуынша, сот істі бір жақты қарапты.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=I290Q7mE6R4[/youtube]

Қанат Ақылбековтың туыстары да бұл үкіммен келіспейтіндерін жеткізді. Олар апелляциялық шағым береміз деп отыр. Сот үкімімен келіспеген жақ 15 тәулік аралығында шығым түсіре алады.