Ең қымбат тариф – Оңтүстікте

295

Оңтүстікте коммуналдық қызмет құны шарықтап тұр. Бұл жөнінде өңіріміздегі монополист мекемелердің қызметіне талдау жүргізген облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев айтты.

Қазақстан республикасының табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов қатысқан тарифтерді реттеу және облыстағы табиғи монополия субъектілерінің тарифін қалыптастыру мәселелері төңірегінде жиында Сапарбек Құрақбайұлы Оңтүстікте монополист мекемелердің қызмет құны басқа өңірлермен салыстырғанда едәуір қымбат екендігін қадап айтты.

Мәселен, өңірімізге беріліп отырған 1000 текше метр табиғи газдың өзіндік құны мен тұтынушылық құны арасындағы айырмашылық 10 мың теңгеден асып жығылса, электр қуаты мен ауызсу тарифтерінің қалыптасу мәселелерінде де логикалық түйін жоқ екенін жеткізді.

Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: «Орын алып отырған мәселелердің барлығы, осы жердегі монополистердің әй дейтін әжесі, қой дейтін қожасы жоғынан. Әкімдіктің қолында ешқандай билік жоқ. Сіздер – Астанадасыздар. Сондықтан өздерімен өздері. Бұл – біріншіден. Екіншіден, барлық проблеманы халық әкімге келіп айтады. Оған біз қатыса алмаймыз.»

ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов көтерілген мәселелердің орынды екеніне тоқталып, айтылған ұсыныстар мен пікірлер бойынша агенттік тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді.

Бұған қоса агенттік төрағасы облыстық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында болып, ондағы қолға алынған жұмыстың жай-жапсарымен танысты. Облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев пен орталық директоры Бауыржан Омарбеков Мұрат Мағауияұлына табиғи монополия субъектілерінің реттелетін қызметтеріне қосылуы үшін берілетін техникалық шарттардың мәнін түсіндірді.

Жалпы, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы бүгінгі күнге дейін барлығы 2359 кәсіпкерге рұқсатнамалық құжат алуға көмек берген. Соның ішінде 105 инженерлік және коммуникациялық жүйелерге қосылуға арналған техникалық шарт бар. Бүгінгі таңда орталық пен монополистер арасындағы түзілген меморандумдар негізінде техникалық шарттарды алу мерзімдері екі есеге қысқарған. Соның нәтижесінде тараптар арасында кездесетін тікелей келісімдер жойылды десе де болады.

Жұмыс сапары соңында агенттік төрағасы «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Қаладағы бірқатар көпқабатты үй комитеттерінің төрайымдары өздерін толғандырған сауалдарға тиянақты жауап алды. Олардың ішінде тұрғын үйлерде орнатылған ортақ есептегіш құралдар бойынша ақы төлеу, сондай-ақ, орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылмаған кейбір тұрғындардан қалдық су үшін төлемақы талап ету, подъездегі жылытылмайтын құбырларды ауыстыру секілді өзекті проблемалар да бар.

Сондай-ақ, үйлерде жылу энергиясын есептейтін қондырғылардың кімнің есебінен қойылатындығы да мәлім болды. Мұхтар Мағауияұлы шешімін күткен кейбір мәселелерге байланысты жергілікті департамент басшыларына тапсырма беріп, оның орындалуын қатаң бақылауға алуды міндеттеді.

Қабылдау кезінде «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС директоры Анарбай Орман, «3-Энергоорталық» АҚ бас директоры Р.Турдахунов, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС директоры М.Ибрагимов, ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің ОҚО бойынша басшысының міндетін атқарушы М.Нышанбаев сауал қоюшылардың мәселесіне байланысты қалыптасқан жағдайларға түсініктеме берді.