Оңтүстікте кәсібін ашатындарға бар жағдай жасалуда

190
Көрмеге келгендер толыққанды мәліметтер алды

Оңтүстік өңірінде шағын және орта бизнес қарқынды дамып келеді. Бұл өткен аптада Шымкентте ұйымдастырылған инвестициялық жобалар көрмесінен байқалды. Мұнда жергілікті және өзге аймақ, мемлекеттен арнайы келген кәсіпкерлер кәсібін дөңгелетуге мол мүмкіндік алды. Мәселен, Екатеринбургтен келген кәсіпкерлердің көмір қалдықтары мен мал көңін өңдеу арқылы жылу қуатын алу идеясы көпшілікті қызықтырды.

Ахан Оразалиев, «Биостройсервис» ААҚ директоры: «Біздің құрылғымызға «Ордабасы құс» серіктестігі және қала, аудан әкімдіктерінің өкілдері қызығушылық танытты. Жасыл экономиканы жүзеге асыруға  бағытталған жобамыз » Экспо-2017″ көрмесінде де өз орнын табатынына сенімдіміз.»

Шара барысында көрмеге қатысушылар келісім-шарттар түзуге де, қаржы институттарының көмегіне жүгінуге де мүмкіндік алды.

Сапарбек  Тұяқбаев, облыс әкімінің орынбасары: «Көрмеде Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуетін барынша толық көрсетуге тырыстық. Кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында екінші деңгейдегі банктер, қаржы институттары, жергілікті әкімдер де арнайы шақырылды. Тиімді жобаларды қолдауға облыс әкімдігі де дайын. Өйткені, шағын және орта бизнес дамыса, өңірдің экономикалық ахуалы да артады.Сондықтан жұмыс істеймін деген азаматтарға үкімет тарапынан да, жергілікті билік тарапынан да көмек көрсетіледі.»

Көрмеге келгендер толыққанды мәліметтер алды

Осылайша өз ісін ашамын деген азаматтарға облыс әкімдігі барлық жағдайды жасауда. Жер қойнауын, индустриалдық аймақтарда жер телімін тегін пайдалануға мүмкіндік бар. Оған қоса құжаттарды рәсімдеу, мамандардың кеңесі бір терезе қағидасы аясында жүзеге аспақ.