Әбілсейіт Рабаев сот залынан босатылды

554

Сот залынан босатылсын! Осыдан бір жыл бұрын, дәл 4-мамыр күні қамауға алынған экс-шенеунік Әбілсейіт Рабаев сот залынан босатылды. Оның мемлекет қаржысын талан-таражға салған деген кінәсі дәлелденбеді.

2013 жылдың 4-мамырында қаржы полициясының қызметкерлері Оңтүстік Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Әбілсейіт Рабаевты қамауға алған еді. Басқарма бастығына жөнделмеген жолдар үшін мердігер мекеменің есеп-шотына 131 миллион теңгені заңсыз аударған деген айып тағылған болатын.

Талғат Қахаров, Әл Фараби аудандық сотының судьясы: «Сот үкім етті – Рабаев Әбілсейіт Байсейітұлы тағылған айып бойынша кінәсіз. ҚР ҚК-нің 176-бабы, 4-бөлігі, «б» тармағымен тағылған айып бойынша ақталсын. Бас шарасы қамауға алынған Рабаев деру сот залынан босатылсын»

Экс-шенунікке «Сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иелену немесе ысырап ету» деген бап бойынша қылмыстық іс қозғалғаны баршаға мәлім. Міне, тағылған айыпқа қатысы жоқ екені дәлелін тапқанша 1 жыл бойы ол қамауда отырды. Рабаев сот залынан шығарда «Әділ шешім шығарғаныңыз үшін рахмет, судья мырза!» деп, алғысын білдірді.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=TF_6Dw4rtqU[/youtube]

Осы іс бойынша төрағалық етуші судья Талғат Қахаров тілшілерге берген сұхбатында, Рабаевқа тағылған айып дәлелін тапқан жоқ дейді. Өйткені, «Шаян-Мыңбұлақ» тасжолы, расында, жарамсыз халде болған бұрын. Кейіннен жолға жөндеу жұмыстары қажет болғаны сотта анықталған. Демек, жолға аударылған қаражат жөндеу жұмыстарына жұмсалған. Сарапшылар арнайы сол жолдың басына барып қайтқан көрінеді.