Елбасы Оңтүстіктегі кілем фабрикасын аралады

Облысымызға кезекті іс-сапармен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келді. Жұмыс сапарының «бісмілләсін» Сарыағаш ауданындағы сәндік ағаштардың көшеттерін өндіретін кәсіпорынның жұмысымен бастаған Президент түс ауа Шымкенттегі кілем шығаратын фабриканың тыныс-тіршілігін бақылады.

Елбасы Оңтүстікте

Елбасы тоқтаған алғашқы нысан – кілем фабрикасы жыл басында ғана іске қосылған еді. Ақпаннан бергі 4 айда фабрика 700 мың шаршы метр кілем сатып, 1 миллиард теңгенің саудасын жасапты. Президент, алдымен, өнімнің сапасын көріп, нықышына мән берді. Өйткені, Қазақстанда жасалған кілемдер қазақы оюмен көздің жауын алуы тиіс.

Елбасы Оңтүстікте

Талғат Ысқақов, фабрика директоры: «Қазақтың қолөнерін қазақтан артық түсінетін халық жоқ. Ал импорт кілемдерді шетелдің мамандары жасайды. Бірақ, біздің нақыштарымызды дұрыс келтіре алмайды. Біздің бұл жерде ұтатынымыз – ұлттық нақыштарды өзіміздің түсінікпен, оймен келтіреміз. Біздің мамандарымыз қазір осы сала бойынша жақсы жұмыстар істеп жатыр.»

Елбасы Оңтүстікте

Үш ауысыммен жұмыс жасайтын кәсіпорында 150-ден астам адам жұмыспен қамтылған. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар да еңбек етеді. Ал жас мамандар таяуда ғана Түркияда білімін жетілдіріп келіпті. Соның бірі – Әбдіғаппар Ерғали. Жас жігіт фабрика ашылғалы осында.

Әбдіғаппар Ерғали, жұмысшы: «Осында жұмысқа тұрған соң Түркияда 4 ай оқып келдік. Онда кілем тоқудың қыр-сырын үйретті. Әрине, тоқыма өндірісі оңай іс емес. Қиын. Бірақ, Қазақстанда бірінші ашылып жатқан соң осы жерге көп тер төксем деймін.»

Елбасы Оңтүстікте

Бәсекеге төтеп беруді мақсат тұтқан «Бал текстиль» компаниясы өнімін алдымен ішкі нарыққа бағыттап отыр. Сырттан әкелінетін кілемдермен салыстырғанда бағасы 10 пайызға арзан. Фабрика толық қуатқа шыққанша жыл сайын мұнда 2 милллион шаршы метрден астам кілем тоқылмақ. Ол кезде фабрика өз кілемін шетелде де, атап айтар болсақ, ТМД елдері мен Қытайға сататын болады.

Осы жылдың екінші жарты жылдығынан бастап зауыт басшылығы фабриканың екінші кезеңін іске қосуды жоспарлап отыр. Дәл сол кезде 26 желіні қамтамасыз ететін жіп иіру фабрикасы іске қосылады. Бұл деген сөз – жаңадан тағы 150 жұмыс орны ашылады. Жалпы, кілем фабрикасы 2014-2016 жылдары толық қуатта жұмыс істей бастайды. Сол кезде Қазақстандағы бірден-бір кілем фабрикасы ел нарығының 60 пайызын өнімімен қамтамасыз етеді.