Оңтүстікте мектептер 2 күнге жабылды

702
№7 Қ.Спатаев атындағы мектептің шатыры

Шымкентте ұйытқыған жел әлі тоқтаған жоқ. Облыс әкімі қаладағы желдің салдарынан зардап шеккен нысандарды аралап, онда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Бұл мәселе төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі облыстық штабтың отырысында да талқыланды. «Қазгидромет» таратқан мәліметке сәйкес, қатты жел 15 мамырға дейін жалғасуы мүмкін. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов желден келген шығын көлемін есептеп, оны қалпына келтіруді жедел түрде қолға алуды тапсырды.

Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: «Желге қарамастан бүлінгеннің бәрін қалпына келтіру керек. Қандай тізімдер бар бізде, қаншауы бар? Соның барлығын тексеріп, тапсырма беріледі.»

№7 Қ.Спатаев атындағы мектептің шатыры
Қ.Спатаев атындағы №7 мектептің шатыры

шатырлар желмен ұшты

Желдің қатты жылдамдығына байланысты аудан, қалалардағы тәрбие және білім беру ұйымдарының жұмысы да 2 күнге тоқтатылды. Қазір білім ошақтарында мүлгіген тыныштық, сыныптар бос тұр. Тек ұстаздар қауымы ғана күні-түні кезекшілікке кіріскен. Қаламыздағы №7 мектеп шатырының біразы желге ұшқан. Іргесінің қаланғанына 96 жыл толған мектепке 2004 жылы жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, шатыр да сол жылы ауыстырылыпты.

сыныптар бос тұр

Орынкүл Алшынбекова, Қ.Спатаев атындағы № 7 мектеп-лицейдің директоры: «Енді екі күндік сабақтың бағдарламасын қосымша сабақтар арқылы игеріп аламыз деп жоспарлап отырмыз. Ал мұндай дауылды күндері сабақ болғанның өзі қорқынышты ғой. Бүгін жел сәл-пәл саябырсығанымен, кешегі күні желдің қатты соққанынан мынау мектептің шатырлары ұшып, патырлап сынып жатқанда қатты қорықтық. Оқушылардың бәрін тысқа шығармай, арнайы ленталармен тыйым салу белгілерін қойдық. Мұғалімдер арлы-берлі балаларды қадағалап жүрді.»

Ал облыстық штаб азаматтардың табиғаттың тосын құбылысынан зардап шекпеу үшін алыс сапарға шықпауды, үзілген электр сымдарынан сақтануды, демалыс орындары мен көшеде серуендеуді шектеуді сұрайды.