«Қазақтелеком» компаниясына – 20 жыл

842

Байланыс саласының көшбасшысы «Қазақтелеком» компаниясының құрылғанына биыл 20 жыл толды. Мерейлі датаны салтанатты түрде атап өтуді ұйғарған компания қуаныштарын бірінші болып тұтынушыларымен бөлісті.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=uuIXxfUH9hQ[/youtube]

«Қазақтелеком» акционерлік қоғамының Оңтүстіктегі бас ғимараты мерекеге сай безендірілген. Таң азанымен көңілдері көтеріңкі байланыс қызметкерлері тұтынушыларын асыға күтті. Көп ұзамай-ақ қызмет ақысын төлеуге келген Зәуре Кенжехожаева тосын сыйға тап болды. Тұтынушы «Қазақтелекомның» туған күнінде керемет сыйлық алды.

Зәуре Кенжехожаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Қазақтелекомның» қызметі әрқашан халыққа қажет. Сапалы әрі жылдам қызмет көрсетеді. Жылдан-жылға заманауи талаптарға сәйкес технологияларды қосып отырады. Барлық жағдай жасалған. Рахмет. Компанияны туған күнімен құттықтаймын!»

20 жылда өзінің тарихын, дәстүрі мен әдебін қалыптастырған алпауыт компания күн санап дамып келеді. Телекоммуникация нарығында көш бастап қана қоймай, абоненттерге сапалы қызмет көрсетеді. «Қазақтелеком” 1994 жылдың маусым айында ұлттық компания болып құрылды. Ал 1996 жылдың ақпан айында ашық акционерлік қоғам болып өзгертілді. Компанияның клиенттері шамамен екі жарым миллион адамнан асып жығылады. Түрлі байланыс қызметін көрсететін орталықтар желісі кеңінен тараған. Олардың қатарында дәстүрлі телефония және телеграф қызметтері, деректер беру мен интернет қызметтері, интеллектуалдық және спутниктік желілер және көптеген заманауи қызметтері бар.

Нұрлы Бектұрсынов, «Қазақтелеком» АҚ ОҚО телекоммуникациялар дирекциясының бас директоры: «Біздің филиалдың өзінде 80 мыңнан аса интернет қызметін қолданатын абонентіміз бар. Бізде байланыстың түр-түрі бар.»

Туған күнін салтанатты түрде атап өткен компания тұтынушылардың барлығын құр қол қайтармады. Сондай-ақ, жаңа әрі заманауи Алтел 4 G қызметіне алғаш болып қосылған тұтынушыға ерекше құрмет көрсетілді. Осы арада айта кететін жайт, 4 G – үйіңіздің төріндегі және ұялы телефондағы жылдам ғаламтор.

Осылайша еліміздегі бірегей байланыс операторы — «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы жиырма жылдық мерейтойын тойлауды бастап кетті. Алда әлі тұтынушыларды көптеген жеңілдіктер мен тосын сыйлар күтіп тұр.