Оңтүстіктің ет экспорттауға мүмкіндігі бар

Оңтүстікте 1 миллиондай ірі қара, 4 миллион қой мен ешкі, 190 мың жылқы мен 50 мың түйе бар. Еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігінің пайымына сәйкес, өлкедегі төрт түліктің саны көбейтіліп жатқан жоқ. Өйткені, тұяқтыға жайылымдық жер жетпейді. Сондықтан олардан алынатын өнімділікті екі есеге арттыру үшін етті және сүтті бағыттағы бағдарламалар жұмыс істеп жатыр.

сиырСүтті бағытта да жетістік көп. Қазір мамандар тәулігіне 10 литрдей сүт беретін бір ірі қарадан 20 литр сүт алудың қамына кірісіп кеткен. Тек көп істің өркендеп сала беруіне кедергі болып жатқан бір себеп – ол ауылдардағы құдықтардың құрып жатқандығы дейді сала мамандары.

Мақтарал мен Сайрам аудандары ірі қараның қалың жайылған аймағы болып табылады. Сүтті және етті бағытты қызу қарқынмен дамытып жатқан сайрамдықтар бұл күнге дейін Алматы мен Жамбылға ет шығарып үлгеріпті. 2014-2016 жылдарға арналған «мал шаруашылығын» дамыту бағдарламасы толық жүзеге асса, өзін етпен және сүтпен толық қамтыған Оңтүстік өз өнімін шетел асырып саудалайтын жағдайға жетпек.

Айтжан Әлжанов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы: «Қазіргі таңда 23 мыңға жуық мал «Сыбаға» бағдарламасымен етті бағытқа ауысып жатыр. Бұл дегеніміз өндірілетін еттің көлемі екі есеге көбейеді деген сөз. Егер жоспардағы іс өз дәрежесінде жүріп жатса, 2015 жылдан бастап біздің өңірдің 3 мың тонна ет экспорттауға мүмкіндігі бар. Бір проблема – ол су құдықтарына қатысты. Көптеген құдықтар баяғы Кеңес кезінен келе жатыр. Жарамсыз. Бүгінгі күнге ауыл шаруашылығы министрлігінен қаулы бекітілген. Осы бойынша, біз қазір аудандардағы жөндеуді қажет ететін бүкіл құдықтардың тізімін жинап жатырмыз».