Жұмыс іздесеңіз, жәрмеңкеге келіңіз!

«Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалында «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі болып өтті. Шараға 30-ға жуық жұмыссыз азамат келіп, мамандығы мен іс-тәжірибесі сай келген 19 азаматқа жұмысқа орналасу үшін жолдама берілді. Соның бірі – Нұржан Исаев. Оқуын 2010 жылы тәмәмдаған жас жігіт «Ұстаз боламын» деген ардақты арманына қол жеткізіп қайтты.

Жұмыспен қамту - 2020Нұржан Исаев, қала тұрғыны: «Төрт жылдан бері жұмыссыз болып келдім. Осы қалалық жұмыспен қамту орталығына тіркелгенмін. Сол аралықта құрылыс жұмыстарында бетоншы, құрылысшы болып істедім. Мектептерде орын жоқ деді еш жерде. Бүгін, міне, жаңа жұмысқа жолдама алдым. №54 мектепке зертханашы болып жұмысқа орналаспақпын. Қуанып тұрмын!»

Билік партиясының қалалық филиалы бос жұмыс орындары жәрмеңкесін биылдыққа бірінші рет өткізіп отыр. Мамандардың айтуынша, мұндай жәрмеңке алдағы айларда тағы ұйымдастырылады. Құлағыңыз түрік жүрсін, бос жұмыс орындарының кезекті жәрмеңкесі 22-тамыз бен 17-қазанда нақ осы ғимаратта өткізіледі. Ендеше, қапы қалмаңыз!