Қырым қанды қызбасының вирусы бар кенелер барлық аудандардан анықталды

Шымкентте тағы бір азамат қырым қанды қызбасына күдікті ретінде тіркелді. Бүгін осы оқиғаға байланысты тиісті мамандар баспасөз жиынын өткізді. Айтуларынша, кене шаққан жағдайлар азайғанымен, олардың таралу аймағы кеңейіп барады екен.

кенеШымкенттегі жұқпалы аурулар ауруханасында кене шақты деген күдікпен тағы бір науқас жатқызылды. 18 жасар бозбала Сарыағаш ауданынан. Әзірге жас жігітке «Қырым-қанды қызбасына шалдыққан» деген диагноз қойылған жоқ. Дәрігерлер сараптаманың қорытындысын күтіп отыр.

Ғалымжан Айнабеков, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері: «Бүгінгі таңда жағдайы тұрақты. Бірақ тромбоциті 105 болуына байланысты ол әлі бақылауда болады.»

Жыл басынан бері күнгейде кене тістеді деген күдікпен 24 адам тіркелсе, соның 5-нен аты жаман дерттің вирусы анықталған. Шүкір дейік, кененің кесірінен көз жұмған адам әзірге тіркелген жоқ. Былтыр бір адамның ажалы кенеден келген. Және өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл аталған жәндіктің шағуы да 1415-ке қысқарыпты. Есесіне, қансорғыштың таралу аймағы кеңейген.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=om9bTHkYXdA[/youtube]

Жұмағұл Медетов, облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары: «Аудандардан 35 мың кене жиналды. Сол кенелердің бәрін вирусқа қатысты тексерген кезде 72 кенеден қырым қанды безгегінің вирусы анықталып отыр. Бұрын облысымызда Отырар, Созақ, Ордабасы – осы үш аудан ғана қолайсыз аудан деп есептелінген еді. Қазір малдың арасында миграция өте көп, бір ауданнан бір ауданға бара береді. Соның салдарынан кенелер де облысымыздың барлық өңіріне жайылып отыр деуге болады.»

Санитар мамандары мамыр айындағы залалсыздандыру кезінде 1 миллионнан астам ірі қара, 4 миллион ұсақ мал және 27 миллион шаршы метр қора-жайды залалсыздандырған. Енді тамыз айында екінші кезеңді бастаймыз дейді. Барлық жұмыстар үшін қазынадан 462 миллион теңге қаралған.