Мамандар: «Енді Шымкентте көлік кептелісі болмайды»

Енді Шымкенттің көшелерінде көлік кептелісі болмайды. Бұлай деп бізді коммуналды шаруашылық қызметінің мамандары сендіріп отыр. Қаланың ең басты деген үш көшесінде осы күннің өзінде аялдамалық павильондар мен көлікті қоюға арналған «қалташалардың» құрылысы қызу жүріп жатыр. Мамандардың пайымынша, бұл жұмыстар көлік қозғалысында туындайтын көптеген бей-берекетсіздікті реттейді.

аялдамалық қалташалар

Шымшаһардың алып көшелеріндегі аялдамалардың маңы қазір қарқынды құрылысқа айналған. Автобустар аялдауға арналған «қалташаларды» салумен екі мердігер компания айналысып жүр. Бұл жұмыстардың мақсаты біреу – көшелердегі көлік кептелісін азайтып, қозғалыстың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Абай Тұрханов, ТҮКШ көлік және автомобиль жолдары бөлімінің меңгерушісі: «Бәйдібек би, Рысқұлов және Тәуке хан көшелерінде автобус аялдамаларында «қалташа» ұйымдастыру мақсатында қалалық бюджеттен 37 миллион теңге бөлінді. Жалпы, 13 аялдамада автобус аялдайтын «қалташалар» салынатын болады.»

аялдамалық қалташалар

Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін павильондар мен «қалташалар», ә дегеннен-ақ, қала тұрғындарының көңілінен шықты. Өйткені, жаңа аялдамалар жанға сая сыйлар шатырлармен және қоқыс салғыштармен жабдықталған.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=brcibFc76KU[/youtube]

Коммуналшылар таяуда өзге де көшелердегі көлік кептелісінің тығыздығын сараптамақ. Егер мамандар жолдарға «қалташа» немесе жаңа аялдама жасау қажет деп тапса, олардың жұмысын келесі жылдың еншісіне қалдырамыз дейді. Ал биылғы 13 аялдама құрылысын күзге дейін бітіру жоспарда бар.