«Ақылды болсаң неге кедейсің?»

Балалық шағы сексенінші жылдардың еншісінде кеткен жандар жақсы біледі. Қара құмырсқа мен сары құмырсқаны «советтер» және «немістер» деп бір-бірімен төбелестіріп ойнайтын ойын болатын. Тіпті қыр басында «ақтар» мен «қызылдар» болып атысып, жарысатынбыз. Бертін келе «бай» мен «кедей» деген бөлініс қайта белең алды. Қайта деп отырғаным, кеңестік қоғамның балалары үшін бай-кедей деген бөлініс сона-а-а-а-ау «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» дастанында айтылғандай Қарабай мен Сарыбайдың заманында өтіп кеткен-тұғын.

34-006

Міне, сол тоқсаныншы жылдардан бері қайта жабысқан «байлар» мен «кедейлер» деп қоғамды екіге бөлетін жаман әдеттен әлі де арыла алмай жүргендейміз. «Ой, олар бай ғой…», «Байлар білгенін істейді екен ғой…», «Байдың баласы дә…» осылай бағалауды айналамыздан жиі естиміз. Әсіресе, оқыс оқиғаларда тілге тез оралатынын қайтерсіз. Екі көлік соғысып қалса да «байдың баласы болған соң құтылып кетті дә» деп оп-оңай баға беріп тастаймыз. Таптық заманнан қалыптасқан жаман әдетпен бүгінгі қазақ өз қазағын қалтасына қарай қоғамның жағымсыз кейіпкерлеріне айналғандай. Бәлкім, сіз бай деп жақтырмай отырған азамат, сол байлыққа адал еңбегі, маңдай терімен жеткен болар. Сіз аспанға қарап «өкімет өлтірмейді», «өкімет жұмыс тауып беруі керек» деп жатқанда ол арба айдап, базарда етік тігіп, сауда жасап, тиынға тиын құрап, қаржы жинап, келе-келе дүкен, сауда орталығын ашқан болар. Сіз осы жағын ойланып көрдіңіз бе?

«Қалталы» деген азаматтардың бірқатары қайырымдылық шараларынан сырт қалмайтыны тағы бар ғой. Жетім балалар үйіне қамқорлық жасап тұратындары, кәрие-ғәріпке қол ұшын созатындары аз емес. Тіпті осы жақсылықтарын дабырайтып айтып, БАҚ-арқылы насихаттап жатпайтындары да баршылық. «Бергеніңді ұмыт…», «Жасаған жақсылығыңды міндет қылма» дегенді ұстанатындары аз емес. Олай болса, қалтасындағы бақырына байлықты «шақыра» білгені үшін ол кінәлі ме? Тиыннан тиын құрағаны ақылдылығы емес пе? Ал сізде сондай ақыл бар ма? Түсінгенге тірліктің көзін таба білу де бір өнер.

Сіз Ұлы Абайдың

«Өсек, өтірік, мақтаншақ, 

Еріншек, бекер мал шашпақ – 

Бес дұшпаның, білсеңіз» дегенін құлаққа ілмей жүргенде, олар 

«Талап, еңбек, терең ой, 

Қанағат, рақым, ойлап қой –

Бес асыл іс, көнсеңіз» дегенін терең түсінген болар. «Байлар жетісті ғой…» деп құр босқа кіжіне бергенше неге кедейліктің шекпенін шешіп тастай алмай жүргеніңізді бір сәт ойлап көріңізші.

Жалпы бүгінгі «бай» дегеніміз кім? Бай адам қандай болу керек? Осы жағын да ойлау артық болмас. Өзін кедеймін дейтіндердің ойынша бүгінгі байлардың «уайымы жоқ». Ал Сіздегі сол уайымды кім жіберді? Уайымға қалай жолықтыңыз? Дәл осы ретте бізге Сұлтанмахмұд Торайғыровша айтсақ «Жақсылық көрсем өзімнен, жамандық көрсем өзімнен» дей алу жетіспей жатқандай. Бұлай деу үшін біз өзімізді өзіміз тани білуіміз керек. «Өзін өзі тәрбиелей алған ең ақылды адам» деуші еді ғой ғұламалар. Олай болса ақылды болуға тырысайық.

Жәмила МАМЫРӘЛІ

«Оңтүстік Рабат», №34, 20.08.2014