«Мықты бизнес – мықты мемлекетте дамиды»

Ерлан НҰРМАХАНОВ, «ERNUR» корпорациясы» ЖШС-нің президенті, ОҚО мәслихатының депутаты

Биыл «ERNUR» корпорациясының құрылғанына 20 жыл толып отыр. Оңтүстіктің баспа ісіне жаңашылдықтың қажеттігін дер уақытында байқап, жұртшылықтың нені керек ететіндігін мезетінде сезген жанның ерік-жігерімен ашылған баспахана бүгінде өзіндік бір империяға айналып отыр.

Баспа кластерінде 500-ге жуық жан тұрақты жұмыс істейді. Корпорацияның «ERNUR-рress», «ERNUR-рrint», «ERNUR-медиа-холдингі» және тағы да басқа құрылымдары бар. Бұл ұжым бүгінде облыс бойынша ерекше бедел мен құрметке ие. Корпорацияның 20 жылдық мерейтойы қарсаңында мекеменің негізін қалаушы, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Ерлан Нұрмахановпен сұхбаттасудың сәті түсті.

Ерлан НҰРМАХАНОВ,  «ERNUR» корпорациясы»  ЖШС-нің президенті,  ОҚО мәслихатының депутаты
Ерлан НҰРМАХАНОВ,
«ERNUR» корпорациясы»
ЖШС-нің президенті,
ОҚО мәслихатының депутаты

– Бизнесті енді ғана бастаған 21 жасар Ерланның сол кездегі арманы не еді? 

– Бала күнімнен құрылысшы болуды армандадым. Арман қуып оқуға түстім. Шымкенттегі қазақ-химия технология институтын (қазіргі ОҚМУ) құрылыс-инженер мамандығы бойынша тәмамдадым. Ал бизнесті бас-тауыма тоқырау заманы себепкер болды. О баста кәсіпкер боламын, ісім өрге шығады деп армандамақ түгілі, оны ойлаудың өзі қорқынышты көрінетін. Инфляцияның өршіп тұрған кезі. Бар ойым күн көру, ақша табу ғана болатын.

– Бизнес баспалдағындағы әр қадамыңыз басылымдарда жазылды, айтылды да. Мерейтой қарсаңында сол күндерді еске алмай кету әбестік болар. 20 жыл артқа шегініп, өткенге тағы көз жүгіртіп шығыңызшы…

– «Караван» деген басылым ең танымал және тәуелсіз болып шыққан алғашқы газет еді. Газет сататын орыннан әр нөмірін үзбей алып жүрдім. Бір күні газеттің жаңа нөмірін қала бойынша таба алмадым. Бір апта уақыт өтті. Келесі нөмірі де қалаға келмепті. Мән-жайды білейін деп редакцияға хабарлас-тым. Ондағылар басылымды Шымкентке жеткізіп берумен айналысатын өкіл жұмыстан бас тартқанын, газеттің бізге келмеуінің басты себебі сол екенін айтты. Осы сәтте «ел іздеп оқитын «Караванды» Шымкентке әкеліп сатумен неге айналыспасқа?» деген ой келіп, бұл ұсынысымды редакциядағыларға айтқанымда ондағылар қарсылық танытпады. Бұл 1994 жылдың наурыз айы болатын. Содан соңғы тиыныма дейін жинап Алматыға жолға шықтым. Сол кезде басылымның бір данасы 2-3 теңге. Апта сайын Оңтүстік астанаға барып келемін. Кейін «Ақыры Алматыға барамын. Жол шығынын сәл де болса жапсын» деп Шымкенттен сабын, мақта майын артып, ол жаққа көтерме саудамен өткіздім. Қайтар жолда тек «Караван» емес, қосымша газеттерді де қоса сатып алып жүрдім. Ол кезде дүңгіршек деген жоқ. Жабайы сауданың дәурені жүріп тұрған кез. Жайма базарлары қаптап кеткен. Әлі есімде А.Байтұрсынов көшесі бойындағы «Оңтүстік полиграфияның» алдынан алғашқы сауда нүктемді аштым. Сауданы кәдімгі вагонның ішінде жасадым. Ол менің қоймам да болды. Тіпті, кейде сонда түнеп қалатынмын. Газет саласының қыр-сырын меңгере бастаған соң өзімнің жеке газетімді ашу туралы ой келді. Әрине, бірақ ол кезде күн көріс қамын күйттеп жүрген халық газет оқитын шамада емес-тін. Бірақ, күйзеліске түскен елдің ойын аулайтын бағыттағы басылым қажет деп шешіп, телеарналардың бағдарламалар кестесін, жұлдыз-жорамал, сөзжұмбақтың бәрін жинақтап, шағын газетке жариялауға тырыстым. «Арна ТВ» газеті жарыққа осылай шықты. Бұл жоспарым сәтті шығып, газеттің тиражы 100 мың данаға дейін көтерілді. Өйткені республика бойынша бізде мұндай бағыттағы басылым жоқ еді. Бағасы тиімді газетті кім оқығысы келмейді дейсіз? Оның үстіне бағдарламалар кестесі бәрі үшін қажет болды. Міне, осы кезде табыс артып, баспахананың ішкі кухнясына ене бастадым. Газетімді «Оңтүстік Полиграфия» басатын. Одан түсетін пайданы есептеп, саудадан түскен бүкіл қаржымды жинап, оған қоса несие алып, 250 мың АҚШ долларына американдық бас-па машинасын сатып алдым. Мұндай техника бұрын-соңды қалада болмағандықтан өзге басылымдардан ұсыныстар түсіп, бизнес тілімен айтқанда «клиент» жинала бастады.

Ерлан Нұрмаханов 1973 жылы Бәйдібек ауданында дүниеге келген. Жұбайы Жанат екеуі Ердәулет, Абзал және Бекзат есімді үш ұл тәрбиелеп отыр.

– Кейін газет-журнал дүңгіршектерін аштыңыз. Бұл кімнің идеясы еді?

– Жоғарыда айтып өткенімдей, жайма сауда орындары қаптап кеткендіктен ол қала көркіне нұқсан келтіріп тұратын. Оның үстіне газеттің де кез келген дәрі-дәрмек немесе азық-түлік секілді сақтау талаптары бар. Күн мен ылғалдан оның сапасы жоғалады. Әлем бойынша газет-журналдар дүңгіршектерде сатылады. Неге бізге де сондай орын ашпасқа деп алдымен олардың жобасын сыздым. Мемлекетіміз енді аяқтан тұрып, экономикамыз бір жүйеге түсе бастаған кез. «Қаланың келбетін ретке келтіргілеріңіз келсе, осындай жобам бар. Егер қолдасаңыздар, іске кірісуге дайынмын. Тек жер мәселесін шешіп берсеңіздер» деп жергілікті биліктегілерге жобамды ұсындым. Ондағылар қолдап, пилоттық жоба ретінде алдымен 3 дүңгіршек ашылды. Бүгінде олардың саны 35-ке жетті. Алдағы уақытта дүңгіршектердің жобасын жаңалап, заманауи талапқа сай етіп жасау – басты жоспарға айналып отыр.

– Ерлан Зайыпұлы, қазіргі таңда бас-па кластеріңіздің ауқымы кеңейіп, Елордада да осындай баспаханаңыздың барын білеміз. Астаналықтардың газет саудасына деген қызығушылығы қандай екен?

– Астана – бас қала. Онда сауданың кез келген түрі кеңінен етек жайған. Кілең тіс қаққан мықтылардың ортасына сіңісіп кету оңайға соқпады. Бір ұққаным, таза еңбексіз бағынбайтын белес, шешілмейтін түйін жоқ. Мен Шымкенттен бас қалаға қоныс аударғанымда «Ол жақта кәсібің тоқтап қалады. Шымкентте жүре берсеңші…» деп маған күмәнмен қарағандар болды. Бірақ, табиғатымнан ойыма алған дүниені жүзеге асырмайынша тыным таппайтын жанмын. Аллаға шүкір, бүгінде ол жақтағы бизнесім де өрлеу үстінде. Баспахана қызметімен қоса Президенттің бастамасымен жарыққа шыққан «Астана» атты журналға иелік етіп отырмыз.

– Тоқырау жылдары елдің көбі саудаға кеткенін білеміз. Бірақ, бәрі бірдей кәсіпкер болып, сіз секілді ісін дөңгелетіп отырған жоқ. Жетістікке жетудің сырымен бөлісіңіз…

– Көпшілік ойлап жүргендей мені бизнеске ешқандай көке-жәкем әкелген жоқ. Демеп, маңдайымнан сипаған жан да болмады. Талай қиыншылықты бастан өткердім. Жетістікке жету үшін өз құпиям бар деп те айта алмаймын. Бастысы, батылдық қажет. «Қойшы, жолым болмады» деп қолды бір-ақ сілтеуге болмайды. Бір істі бастарда «жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген қағиданы ұстанамын. Шешімді ешқашан асығыс қабылдаған емеспін. Сол үшін де артқа қайырылмаймын. Бизнесте олай етуге болмайды деп есептеймін.

– Басты қағидаңыз қандай?

– Бизнестегі басты қағидам – сатып алушыға сапасы жоғары, бағасы тиімді қызмет пен тауар ұсыну. Сонымен қатар мен үшін ұйымдастырушылық пен жеделдік бірінші кезекте тұруы қажет. «Мықты бизнес – мықты мемлекетте» дегенді үнемі назарға алып жүремін. Ал өмірдегі қағидам – еңбекте адал, мақсатқа берік болу. Ең бастысы, өмірге адам болып келгесін, адам болып қалуды және қолымнан келгенше мұқтаж жандарға көмек қолын созуды мақсат тұтамын.

– Ендеше, бастаған істеріңізге тек сәттілік серік болсын. Сұхбатыңызға рахмет.

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №33, 13.08.2014