Туристік фирмалар өз клиенттерін қарызы жайлы ескертеді

Шетелге шығарда қарызыңыздың бақыр тиынына дейін төлеңіз. Әйтпесе қыруар ақшаға алған билетіңіз бен алтындай уақытыңыз ел шекараларында сандалумен-ақ зая кетеді. Осыған байланысты облыстық салық департаменті өлкедегі туристік фирмалардың басын қосып, бірлесіп жұмыс істеуге бағытталған меморандумға қол қойды.

Меморандум

Оңтүстіктің азаматтары мемлекетке жарты миллиард теңге берешек. Нақтырақ айтсақ, өңіріміздегі заңды және жеке тұлғалар жер, мүлік және көлік салығы бойынша 570 миллион теңге салықты ел қазынасына соңғы 5 жылдан бері әлі төлемей келеді. Нақтырақ айтсақ, жер салығы бойынша 30 мыңнан астам адам 20 миллион теңге берешек болса, 33 мың азамат мүлкі үшін 50 миллион теңге төлеу керек екен. Ал көш басында көлік қожайындары келеді. 120 мың адам мемлекетке 500 миллион теңге қарыз. Берешекті өндіру үшін мамандар қазір сотқа жүгінуге мәжбүр.

Алтынсары Үмбетәлиев, облыстық салық департаментінің басшысы: «Тек ағымдағы жылдың ішінде қарыздарын мерзімінде төлемеген 3631 азаматқа қатысты сот шешімімен шектеулер қойылды».

меморандум

Нәтижелі жұмыс үшін салықшылар туристік фирмалармен де меморандумға қол қойды. Бұл дегені – енді әрбір турфирма өз клиентін шетелге шығарып саларда оған мемлекетке қарызының бар-жоқтығын міндетті түрде есіне салуы шарт. Өйткені, шетел асатын көптеген туристің 10 пайызы осы міндетті төлемдерді жасамауының кесірінен барған жолымен кері қайтады екен.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=bV4uGjWJtQ4[/youtube]

Олжас Шынтаев, Қазақстан туристер қауымдастығының ОҚОФ өкілі: «Мұндай келеңсіз жағдайлар өте жиі орын алуда. Әрине, бұл адамдардың салықты төлегісі келмегенінен емес, білмегендіктен, кейде аз ақша болады, кейде көп. Кейбіреулер білмейді. Сол сияқты мұндай нәрселерді жою үшін туристік компаниялар алдын ала өзінің туристеріне ақпарат берулері керек.»

кеден

Егер шетелге еш алаңсыз барып қайтамын десеңіз, мемлекетке берешек барлық теңгеңіздің бақырына дейін төлегеніңіз, ең алдымен, өзіңіз үшін тиімді. Ал қарызыңыздың бар-жоғын білмейтін болсаңыз, Қазақстан туристер қауымдастығы сізге көмек беруге әрдайым дайын. Азаматтан түскен өтінім негізінде мемлекетке берешегіңіздің бар-жоғын қауымдастық мүшелері бір тәулік ішінде анықтап береді.