Оқушылар электронды киіз үймен танысты

Кітапханашы электронды киіз үйді таныстыру үстінде

Оқу жылы басталысымен Ы. Алтырсарин атындағы облыстық балалар кітапханасы да өз жұмысына қызу кірісті. Кітапханада кішкентай оқырмандарға арналған «Кел, балалар, оқылық» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Бұл кітапхана қоры биыл 2000-ға жуық түрлі саладағы жаңа кітаптармен толыққан. Олар ертегі, толғау, батырлар жыры және. т.б. оқулықтар.

"Кел, балалар, оқылық"  кітап көрмесі
«Кел, балалар, оқылық» кітап көрмесі

Осындай жаңа дүниелерді оқушыларға таныстырып, олардың қызығушылығын арттыруға бағытталған көрмеге қатысқандардың қарасы көп болды. Оқушылар кітапханашыларға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, түрлі викториналық сайыстарға қатысты.

Викториналық сайыс барысында
Викториналық сайыс барысы

Оқушылар үшін ең үлкен жаңалық – электронды киіз үй болды. Замануи тәрбие құралына айналған электронды киіз үй Қытайда жасалған. Енді Қазақстандағы балабақшалар мен мектеп жасына дейінгі мекемелерге үлестіріліп, таныстырылып жатыр.

Киіз үйдің кішірейтілген нұсқасына 1200-ге жуық шығарма енгізілген. Шығармалар бес бөлімге бөлінеді: ертегілер, балаларға арналған әндер, батырлар жыры, халық композиторларының шығармалары, күйлер, толғаулар, бесік жырлары мен Абайдың 45 қара сөзі.

Кітапханашы электронды киіз үйді таныстыру үстінде
Кітапханашы электронды киіз үйді таныстыру үстінде

Электронды киіз үйдің мүмкіндіктері мол. Оның дыбысын ұлғайтуға, ауыстыруға, арнайы флешканың көмегімен кез келген мәліметті тыңдауға, тіпті, куаттауға болады. Сонымен қоса үйде, көліктің ішінде қолданып, тіпті, өзіңізбен бірге алып жүруге болады.

Электронды киіз үй
Электронды киіз үй

4-сынып оқушысы Нұрсәт Шекербектің айтуынша, жаңадан келген кітаптар, әсіресе, электронды киіз үй олардың кітапқа деген қызығушылығын арттырады. Олар енді күн сайын кітапханаға келіп, бос уақытымызды қызықты өткіземіщ дейді.

Ы.Алтырсарин атындағы облыстық балалар кітапханасы директорының орынбасары Ақбөпе Байділдаева «Кітапханада оқырмандарға барлық жағдай жасалған. Кез келген кітапты оқуға,  үйге алып кетуге мүмкіндік бар. Электронды анықтама жұмыс жасайды» дейді.