Одақтың филиалын кім басқарады?

37-019

Кеше ғана арамыздан кеткен белгілі жазушы Әбілда Аймақ Жазушылар Одағының күнгейдегі бөлімшесін 20 жылдан аса уақыт басқарды. Қолынан келгенше осындағы көркем әдебиет майталмандарының басын қосып, беделін асыруға тырысып жүретін. Бірақ, сұм ажал дегенін істеді. Тірі адам тіршілігін жасайды, енді оның жұмысын ары қарай жалғастыру керек. Әбекең директоры болған Жазушылар Одағының ОҚО филиалы – басшы болып, күреп ақша табатын не беделін салып биге шығатын мемлекеттік қызмет емес. Әйтсе де мойынға артар жүгі мен қоғам алдындағы міндеті атан түйеге жүк болатындай жауапты іс. Әбілда ағамыздың дүние салғанына да 3 айға жуықтапты. Тиісінше Жазушылар Одағының филиалының басшылығы да 3 айдан бері бос тұр. Бұл орынға кім лайықты? Біз осы мәселені басқа емес ақын-жазушылардың өзінен сұрағанды жөн көріп едік. Осылайша өңірімізге танымал ақын, жазушы аға-апаларымызды сөзге тартып, кімнің филиал директоры болғанын қалайтынын сұрадық.

Үсен Шойбеков, жазушы
Үсен Шойбеков, жазушы

Үсен Шойбеков, жазушы:

– Кезінде Ғабит Мүсіреповтың «Оң жағыма қарасам – Ғабиден жоқ, сол жағыма қарасам –Ғабиден жоқ» дегеніндей алды-артыма қарасам кеше ғана қасымда жүрген ініміз Әбілда өмірден кеткелі де біраз уақыт өтіп қалды. Ендігі жерде жазушылардың облыстық ұйымына басшылық жасайтын бір азамат керек. Өйткені, бұл мәселе ертелі-кеш міндетті түрде талқыға түсері сөзсіз. Жазушылардың облыстық филиалына иелік еткісі келетіндер табылып та жатқан шығар. Осы тұста өздері ұмтылмайтын, бірақ бөлімшеге басшы болуға лайықты екі ақынның атын атар едім. Ол – Сабырбек Нұрманұлы Тұрлыбек пен Нұрлан Әбжаппарұлы Жылқышиев. Сабырбек бұрыннан-ақ бөлімшенің ыстығына күйіп, суығына тоңып, бар қиындықты Әбілдамен бірге көтеріп келген талантты ақын әрі Әбілданың орынбасары. Ал Нұрланға қатысты айтар болсам, оған облыстық бөлімше керек емес. Жазушылар Одағының облыстық бөлімшесіне Нұрлан керек. Өйткені Нұрлан талантты ақын, екіншіден, Нұрлан – басшы, үшіншіден,ол Парламентте депутат болған қоғам қайраткері. Сөзін өткізе алатын, созса қолын жеткізе алатын елімізге белгілі азамат. Аты болмаса заты жоқ бөлімшенің жұмысын жандандыруға, ақын-жазушылардың шығармаларына қолдау көрсету сияқты қиындығы мол іс-шараларды өткізуге қарымы да дарыны да жеткілікті.

Захардин Қыстаубайұлы, жазушы, драматург
Захардин Қыстаубайұлы, жазушы, драматург

Захардин Қыстаубайұлы, жазушы, драматург:

– Жазушылар Одағының бөлімшесін басқаратын адам жазушы болғаны жөн. Ең алдымен ұйымдастырушылық қабілеті мол, беделді кісі басқаруы шарт. Негізі, 5 жазушыны басқару басқа саланың 50 қызметкерін басқарғаннан қиын. Ақын-жазушы деген ерекше қауым ғой, әрқайсысы бір-бір тұлға. Ақындардың біздің дарынымызды Құдай берген дейтін сөзі бар. Бірақ, мен өзім ақын-жазушының талантын жиһаз жасаушының талантынан артық көрмеймін. Иә, ақын-жазушының қоғамда белгілі бір дәрежеде артықшылықтары бары рас, дегенмен бәріміз пендеміз. Біреу-біреуден асып тумайды.

Жазушылар Одағының бөлімшесін ортаңқол, әдебиетке кеше келген, әлі ешкім жөнді танымайтын адам басқара алмайды. Оны бізде ешкім мойындамайды да. Бір шетінен, Жазушылар Одағына керегі біздің өңірге жолдары түскенде күтіп алып, шапан жауып, сый-құрмет көрсетіп, не болмаса әдеби жиынды өткізіп беретін адам болса болды. Кезінде Алматыда жүргенімде сол ортаға алып-ұшып барғанымда көңілім су сепкендей басылып қалған. Ол туралы әңгіме қозғасам газетіңнің бүкіл бетін толтырып тастауымыз мүмкін.

Таяуда осы мәселе бойынша облыста жазушылардың жиыны болды. Бөлімшеге кімді басшы етеміз деген сұрақ күн тәртібіне шықты. Әркім өзі қалаған адамын ұсынды. Біз де ұсындық. Байқағаным, көпшілік Нұрлан Жылқышиевті құп көріп отыр. Кезінде Парламентте депутат болғаны бар, қолы ұзын кісі болған соң да бүйректері бұрып тұрған болар. Дегенмен ол кісінің әдеби шығармасын көрмеппіз. Бір өлеңдері бар көрінеді. Онысын өз басым оқыған емеспін. Бар екенін де білмеппін. Бұлар енді кеше қолдарына дүние біткеннен кейін қалам алғандар ғой. Ал мен өзім, Момбек Әбдәкімұлы лайықты деп ойлаймын. Жасы да келіп тұр, кәрі де емес, жас та емес. Ұйымдастырушылығы да, беделі де бар. Артынан адам ерте алатын кісі. Мені де біреулер ұсыныпты. Бірақ маған ол орын керек емес.

Әмзе Көктәнді, ақын
Әмзе Көктәнді, ақын

Әмзе Көктәнді, ақын:

– Шынын айту керек қой, бізде одақтың бөлімшесі осы күнге дейін жарытып жұмыс істеген жоқ. Тіпті кеңсесі де болмады. Иманды болғыр Әбілда «мен осы бөлімшенің шырақшысымын» деп отырып алды. Жасырып қайтейік, сол бөлімшені басқаруға өте қатты құмар болып жүргендер бар. Оның жақсы да, жаман да тұсы бар. Меніңше бұл орынға Момбек Әбдәкімұлы лайықты сияқты. Қолынан іс келетін, жазушылығы да әбден мойындалған, ұйымдастырушылық қабілеті де бар, жаны ашитын азамат.

Облыста 50-60 ақын,жазушы бар көрінеді. Соның 10-ын ғана танимыз. Қалғандарының кім екені белгісіз. Жоғарыда бір жиындар бола қалса сол онымызды алып барады. Қалғандары елеусіз қалады. Кім болса да осыны қадағалауы керек. Танылмай жатқандарды жарыққа шығарып, атын, затын елге танытуы тиіс. Өткенде болған жиында осы мәселе сөз болып еді. Әркім қалағанын ұсынды. Қарап отырсам ұсынғандарының көбі кәдімгі қарауылдың кебін киейін деп тұрған біреулер. Жазушы деген қоғамның паровозы ғой, алға жетелейтін. Енді сол паровозды басқаратын адам сол атқа сай болуы керек емес пе?

Бізге бастығың кім десе ұялмай көрсететін, айналасына сәуле шашып тұратын, жаны жомарт адам керек. Әдебиетте жүргендер өзі екіге бөлінеді. Бірі – қансорғыштар, бір сөзді мың сөз қылатын, екіншісі – донорлар, халыққа азық беретін. Бізге сол донор жазушы жетіспей келеді.

Бақытжан Алдияр,  ақын
Бақытжан Алдияр, ақын

Бақытжан Алдияр, ақын:

– Дәл қазір осы мәселе бойынша талас-тартыс қызып тұр. Біреу анау болса дейді, бірі мынау болса дейді. Бірақ бұл пікірлердің барлығының құны көк тиын болайын деп тұр. Себебі Жазушылар Одағы филиалының директорын сайламайды. Оны тағайындайды. Жазушылар Одағы кімді құп көрсе соны директорлыққа отырғыза салады.

Ал енді сайлауға болатындай жағдай болғанда мен Бақытжан Алдиярды, яғни өзімді ұсынар едім. Бірақ, өкінішке қарай қалағаныңды ұсынып, сайлай салатын мүмкіндігіміз жоқ болып тұр.

 

 

Cабырбек Нұрман, ақын
Cабырбек Нұрман,
ақын

Cабырбек Нұрман, ақын:

– Біреуді ұсынуға, мынау лайықты деуге менде құзырет жоқ. Дегенмен, менің басшы болғанымды қалайтындар бар екен. Әбілда келмеске кетті, енді өзің басшы бола салсайшы деп хабарласып жатыр, көрген кезде де айтып қалады. Мархабат Байғұт та, Еркінбек Тұрысов та осылай деді. Әзірге білмеймін, егер мына адам лайықты деп біреуді басшы етсе мен орынбасары болып ары қарай қызмет етіп жүре беремін. Ал енді басшы табылмай, ешкім келмей жатса Жазушылар Одағы ОҚО филиалын басқаруға шамам жетеді. Осы ұйымның басы-қасында жүргеніме 20 жылдан асыпты. Әбілда екеуміз қоян-қолтық қызмет еттік. Ыстығына да суығына да төздік. Сондай қиын шақтарда көмегін аямаған кісілер де болды. Мәселен «Домалақ ана» қоғамдық қорының төрағасы Алтынбек Төлепбеков бізге ылғи демеушілік жасап жүрді.

Бір сөзбен айтқанда қолынан ұйымдастыру ісі келетін әрі шығармашылықтың адамы басшы болса болды біз үшін. Керек кезінде жоғары жаққа сөзін өткізе алса, жаңа таланттардың жарыққа шығуына септесіп жатса одан артық не керек?!

P.S. Бір айта кететін нәрсе, сауалнаманың сұрағын басқа да ақын-жазушыларға қойғанбыз. Белгісіздеу себептермен Нармахан Бегалыұлы, Ханбибі Есенқарақызы жауап беруден бас тартты. Ішкі ойлары мен қалауларының кімге ауып тұрғанын көрсеткісі, білдіргісі келмеген болар…

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

«Оңтүстік Рабат», №37, 10.09.2014