«Шок» жарақаттан да болады

38-005«Нұрсәт» шағынауданында орналасқан ауруханаға жақындап келемін. Әдеттегідей алды ығы-жығы. Бірі дертінен құлан-таза айығып, қуанышпен үйіне қайтқалы жатса, енді бір балаларды жедел жәрдем көлігімен шұғыл дәрігерлерге тапсырып жатыр. Міне, тағы бір жедел жәрдем көлігі келді. Дәрігерлердің қолына көз ілеспейді, дереу кабинадан басы таңылған баланы түсіріп, отаға жөнелтті. Бала ұйықтап жатқан секілді. Құлағыма дәрігерлердің «жарақаттық шок» деген сөздері естіліп қалды. Қабылдау бөліміндегілер оны 3-ші қабатқа жіберді. Артынан анасы еңіреп барады…

Үшінші қабатқа мен де көтерілдім. Бөлім меңгерушісіне балалар арасындағы жарақат туралы ақпарат алуға келгенімді айтып, ішке ендім. Барлық палата толы. Бәрі де құйтақандай бүлдіршіндер. Ал жарақаттары ауыр. Дәрігер-травматолог келе жатыр дегеннен балалар шырылдап, жылай кетеді. Бұлардың барлығы да тұрмыстық жарақат алған. Бірі сатыдан құлаған, бірі есікке қысылып қалған, енді бірі әткеншектен сүрінген, термиялық күйік алған. Осылайша қол-басын майып етіп, ем алып жатқан қала балалары. «Ауылдан ауыр жарақатпен түсетіндер аз», – дейді дәрігерлер. «Аудандық ауруханада емделеді. Ал ең ауыр дегендерін ғана бізге, яғни облыстық балалар ауруханасына жібереді». Ойымнан әлгі жедел жәрдеммен әкелінген бала кетер емес. Сол баланың ахуалын ақыры шыдай алмай сұрадым. Бала көлік апатына ұшырапты, дәлірегі автобус қағып кеткен. Бас-ми жарақатын алған. Қабырғасы сынып, қолының сүйегі жарылыпты. Жан сақтау бөліміне жатқызылып, шұғыл ота жасалғалы жатыр екен. Жаңа қабылдау бөлімінде естігенімді де сұрадым. «Шок» деп еді дәрігерлер. Баланың естен танып жатқаны да сол «шоктан» екен.

Жарақаттық шок – ауыр түрдегі жарақаттық ауру кезеңінің бірінші сатысы. Оның өзіндік нерв – рефлекторлы жəне тамырлық реакциясы ағзадағы қан айналымының, тыныс алу, зат алмасу жəн эндокриндік бездер қызметінің бұзылуына əкеледі. Сондай-ақ, көп қан жоғалту, өмірге қажетті ағзалардың жарақаттануы, психикалық стресстер арқылы да бала естен танып қалады. Шоктан шығару да дәрігерлер үшін өте қиын. Мұндай жағдайда жарақаттанған жерде пайда болған улы заттардың жақсы сіңірілуіне қолайлы жағдай туындайды. Тері астында ұлпалар езіліп, олардың ыдырауынан пайда болған улы, қышқылды заттар ашық жарадан шыға алмай, лезде жиналып қалады. Ауырсыну сезімі өте жоғары болғандықтан, адам есін жоғалтады. Мұндайда жедел медициналық көмек көрсету керек. Дәрігерлер кешігіп, не алғашқы жәрдем дер кезінде көрсетілмей қалса жарақат алған адамның ахуалы да нашарлай түседі. Яғни, таңғышты салып байлау, жарақаттанған аяқ-қолды алып тастау, зақымданған жерден сұйықтардың еркін ағуына жағдай тудыру – осының барлығы жарақаттық шоктың даму мүмкіндігін азайтады.

Жарақаттық шоктың ауырлығы қан жоғалту көрсеткіштерімен де анықталады. Сондықтан дәрігердің назары қан кетуді тоқтату мен көп мөлшерде қайта қан құюға бағытталғаны жөн. Енді бұл шоктың еміне тоқталайық. Мұның емі ерте басталуы және жүйелі болуы керек. Зақымдалушыға көмек көрсету кезінде уақыт мерзімі шешуші маңыз атқарады. Неғұрлым көмек ерте көрсетілсе соғұрлым нәтижесі де жақсы болады. Шоктың қозу сатысының белгілерін ерте анықтап, шокқа қарсы шараларды қолданса, оның тежелу сатысына өтуін тоқтатып, өлім қаупін төмендетуге болады.

Бала отадан шыққанша тапжылмай күттім. Ата-анасы да күтті. Олардың жан күйзелісін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Жұдырықтай жүректің соғысын, ұзақ соғуын анасы Алладан көп тіледі. Ағыл-тегіл жылады. Міне, ота бөліміне терге малшынған хирург, артынша тағы бірнеше дәрігер шығып келеді. Жапа-тармағай алдына бардық. Ота сәтті аяқталыпты. Бас-ми жарақаты жақсы таңылған. Баланы да шоктан шығарыпты. Енді бір жеті жан сақтау бөлімінде жатса, тәуір болып кетеді екен. Қуанышпен терең күрсіндік. Дәрігер деген атыңнан айналайын деп еміренді қарт ана. Менің де көзіме еріксіз жас келді. Әрі қарай полицейлер келіп, жағдайдың анық-қанығын сұрап, кінәлілерді анықтап жатты. Баланың тез сауығып кетуін тілеп, мен де жұмысқа бет алдым. Тыста әлі де жедел-жәрдем жарақат алған балаларды әкеліп жатыр… Олар неге жарақаттана береді, кім кінәлі? Осы сауалдар санама орала берді…

Ақмарал Мырзахметова

«Оңтүстік Рабат», №38, 17.09.2014