«Жігіттің қосағы оңбай, ошағы жанбайды»

Түркістандық Бимаханбетовтер жанұясы республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы атанды. Астанада өткен байқау қатысушыларын марапаттау рәсіміне Елбасы Н.Назарбаевтың өзі қатысып, ақтық сынға жолдама алған 15 отбасыға отандық автокөліктерді сыйға тартып, жеңімпаз жанұяға арнайы дипломмен қатар шағын автобус кілтін табыс етті.

Өңірлік деңгейдегі додадан оқ бойы озып шыққан отбасыларды марапаттау барысында Президент Н.Назарбаев байқаудың ел үшін маңыздылығын атап өтті. Ал ақтық сынға жолдама алғандар өзгелерге үлгі болуға лайық екендігін, тіпті ол отбасылар туралы роман, повесть жазып, фильм түсіруге болатынын да айтты. Осы ретте айта кетейік, «Мерейлі отбасы» байқауы адамгершілік құндылықтарды насихаттап, елдегі неке және отбасының жақсы тұстарын қалыптастыру, ел ішінде отбасы ұғымының мәртебесін көтеру мақсатында Елбасының өкімімен ұйымдастырылған болатын. Бұл байқау алдағы уақытта дәстүрге айналмақ.

39-023

Биылғы сынға Қазақстанның барлық өңірінен 1298 отбасы қатысты. Оның 15-і түрлі этностың жанұялары болса, 34-і аралас отбасылар. Ақтық сынға қатысушылардың 16-сы облыстық деңгейдегі жарыста оқ бойы озып шыққандар. Жеңімпаз SMS және интернет дауыс беру арқылы анықталды. Дауыс беру науқанының қорытындысы бойынша Бимаханбетовтер әулеті үш есе басым дауысқа ие болды.

«Мерейлі отбасының» отағасы Елтай Бимаханбетұлы – 82 жаста. Мәдениет пен білім саласының ардагері, Түркістан қаласының Құрметті азаматы.

Елтай Бимаханбетұлы, әулет басшысы:

– «Адамның көңілі – гүл, тіл – бұлбұл, сабыр – алтын, ақыл – алмас» деген бар. Ақыл мен сабыр біріккен жерде жемістің болары анық. Ұлттық байқауда осы бір қасиеттердің арқасында жеңіп шықтық. Әрине, облыс жұртшылығының да қосқан үлесі зор болды. Облыс халқы санының көптігінің арқасында байқауда үш есе басымдықпен оқ бойы озып шықтық. Алғыс айтамыз. Барлықтарыңызға біздің жасымызды берсін!

Бала күнінде жетім қалған Елтай қария қиыншылықты көп көрген. Әсіресе соғыс жылдар жүрегіне ерекше жара қалдырыпты. «Ата-ананың тәрбиесін көрмей екі жасымда жетім қалдым. Менің ел қатарына қосылуыма бірінші себепкер – Алла, екінші себепкер – Құдай қосқан қосағым Елена Төлеуліқызы. Әйелім анамдай ақылшы, апамдай қамқоршы болды. «Жігіттің қосағы оңбай, ошағы жанбайды» деген рас екен, – дейді Елтай қария.

Елтай Бимаханбетұлы жұбайы Елена Төлеуліқызы екеуі 8 ұл-қыз өсіріп, 31 немере, 16 шөбере тәрбиелеп отыр. Бимаханбетовтер әулетінде «Отбасында адамның жеке басының қасиеті қалыптасады. Өз балаларыңызды сүйе отырып, оларды сізді де сүюге үйретіңіз. Өйткені ұл тәрбиелей отырып жер иесін тәрбиелейміз, ал қыз тәрбиелей отырып ұлтты тәрбиелейміз» деген ұғым қалыптасқан. Соның арқасында болу керек бүгінде Елена Төлеуліқызы мен Елтай Бимаханбетұлынан тараған ұрпақ өте тәрбиелі. Ұлдары мен қызы жоғары білім алып, бір-бір саланың тізгінін ұстап отырған білікті мамандар.

39-022

Жеңіске жеткен жанұяда мемлекеттік және ұлттық мейрамдарда отбасының барлық мүшелері бір дастархан басында бас қосып, ыстық лебіздер мен сый-сияпат көрсету дәстүрге айналған.

Әдебиеттің поэзия, проза, драма және публицистика жанрын қатар алып жүрген қария 35 жыл оқу-ағарту және білім саласында басшылық қызмет еткен. Қарияның шығармашылық қасиеті ұлдары мен немерелеріне дарып, бүгінде олар да қалам тербеп, тіпті Бимаханбетовтер ұрпағы жазған өлең жолдарының сөзіне бірнеше әндер жазылған. Сондай-ақ, ақсақал Түркістан ауданы мен қалалық кеңестерінің бірнеше рет депутаты болған. Өмірінің 53 жылын еңбекке арнап, кейін зейнеткерлікке шыққан соң Түркістандағы С.Ерубаев мұражайын ұйымдастырып, мәдени орынның алғашқы басшысы, Түркістан қалалық «Қазақ тілі» қоғамының тұңғыш төрағасы қызметтерін атқарған. 2001 жылы Түркістан қаласының 2500 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған республикалық «Батагөй қариялар» байқауында жеңімпаз атанған қария зейнеткерлік жасқа шықса да қоғамдық істерге белсене араласып, соның ішінде ұрпақ тәрибесіне қатысты түрлі кездесулерге қатысып келеді. Айта кетейік, «Мерейлі отбасы» атанған шаңырақ иелері Елтай мен Елена Бимаханбетовтердің отау құрғанына биыл 60 жыл толды.

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген – Әйгерім БЕГІМБЕТ

«Оңтүстік Рабат», №39, 24.09.2014