Диханкөл күніне 2 тонна қымыз өндіреді

43-002

Қымызымен еліміз тұрмақ, шет елге танылып үлгерген айтулы ауыл-Диханкөлге арнайы бардық. Қымыз ішіп көрмекке. Бал татитын қымызды өндіріп жатқан ауылдың тұрмысын көрмекке.

43-001

Диханкөл – Өгемтау, Қаржантау, Қазығұрт таулары сiлемдерiнің бөктерінде орын тепкен. Табиғаты тамаша, көрікті мекен. Ал қымызының дәмі тіпті ерекше, бал татиды. Сондықтан да болар, қысы-жазы сұраныс көп. Алыс-жақын аймақтан арнайы іздеп келетіндер де бар. Англия, Дания, Голландия, Польша, сияқты алыс елдерден ат арылтып келгендер қымыз ішіп қана қоймайды. Атты жиі айналшықтайды, бие сауу мен қымыздың қалай дайындалатынына қанығады. Оларға бәрі таңсық.

43-010

Шымкенттен Диханкөлге күніне екі мезгіл «Газель» жүреді екен. Сағат 11-де орнынан қозғалған алғашқы бағыттағысына мінгестік. 12-ден аса ауылда болдық. Жап-жасыл. Бірақ таудың ызғары сезіледі.

43-008

Жүргізуші аға ауылға енгесін әр үйдің ауласына үлкен-үлкен ыдыстарды тастап кетіп жүрді. Сөйтсем, бұл ауылдағы 300-ден астам үй кемінде 3-4 биеден ұстайтын көрінеді. Күнде олар таңертең қалаға кетіп бара жатқан көлік жүргізушілеріне 40-50 литр қымыз артып жібереді. Сонда Шымкентке күн сайын бір ауылдың өзінен кемі 1,5-2 тонна қымыз келеді деген сөз.

43-006

Іздеп келе жатқан Жұпар Құлсейітова апаның үйін оңай-ақ таптым. Апа күбіні киікотымен ыстап жатыр екен. Мәнісін сұрадым. «Қымыз баптай білу де өнер. Өзіндік әдістері бар, – дейді Жұпар апа. – Алдымен күбіні ыстық сумен тазалап жуып аламыз. Сосын киікотымен ыстаймыз. Ол үшін шөпті тұтатып, күбінің ішіне түтін толтыру керек», – дейді. Жаңа сауылған сүтті күбіге құйып, бетін біраз уақытқа жауып қойды. Себебі киікотының хош иісі сүтке сіңуі керек, дәмін өзгертеді.

43-004

Жұпар апаның күйеуі, марқұм Сайлау аға 40 жылдай «Шымкент-Диханкөл» бағытындағы автобустың жүргізушісі болыпты. 1970 жылдары-ақ, таңертең жас келіншегі Жұпарды қымыз құйылған ыдыстарымен Шымкенттегі «Қырғы базардың» маңынан тастап кететін. Қала адамдары кезек күтіп, оның қымызын талап алатын. Осылайша, бүгінде аты дүркіреп тұрған «Диханкөл қымызы» деген брендтің негізін сонау кеңес заманында Жұпар апа қалаған еді…

43-005

Қазір Жұпар апалар 4 бие ұстайды екен. Оларды күніне әр екі сағат сайын 7-8 рет сауады. Түскі екіде келіні ыдысын алып, қораға кетті. Артынан ердім.

43-009

– Ауылға жаңа түскен келіннен бірінші кезекте бие сауа алатынын, не сауа алмайтынын сұраймыз. Сауа алмаса, үйретеміз, – деді күліп. Өйткені ауылдың қыз-қыз қайнаған тіршілігі қымызбен байланысты. Атакәсіптеріне адал әрбір үй. Сұранысқа байланысты құнан (екi-үш күндiк), тай (бiр күндiк), дөнен (үш-төрт күндiк) және бестi (төрт-бес күндiк) қымыз түрлерiн дайындап береді.

43-003

Көшеге шықтым…

43-007

Көрші үйден қолына ыдысын алып бір жеңге шықты. Қарама-қарсы үйдің де апасы қораға беттеп барады. Күздің қара суығын елейтін емес…

43-011

«Диханкөлдің қымызының дәмін бір татқан адам қайта айналып, ауылға соққысы келіп тұрады» деді жүргізуші аға қалаға келгесін. Мүмкін. Шынымен қымызының дәмі бал татиды екен.

Әйгерім БЕГІМБЕТ

Суреттерді түсірген автор

«Оңтүстік Рабат», №43, 22.10.2014