Кентаулықтар кен қалдығынан құтылады

597

Кентаулықтар кеннің қалдығын жұтып, күлді топырағына қақалмайтын болды. Кеңес Одағы кезінен бері келе жатқан көкейтесті мәселенің түйіні шешілді. Биыл Байылдыр кен қалдықтар қоймасын консервациялау жұмыстары аяқталыпты. Бұл туралы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұхит Отаршиев мәлім етті.

Кентау

Кентау қаласының іргесіндегі Байылдыр кен қалдықтары талай жыл бойы қалалықтарды әбігерге салды. Жел соққан кезде қара түтін көкке көтеріліп, қаланы қара түнек басатын. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарының денсаулығына едеуір зиянын тигізді.

Кентау

Аумағы 106 гектар қалдық қоймасын жабу үшін облыстық бюджеттен қаржы қаралып, 2013 жылдан бері консервациялау жұмыстары жүргізіліп келеді. Биыл жыл соңына дейін кен қалдықтарын сақтау қоймасы толық консервацияланып, экологиялық түйткілдің түйіні шешіледі дейді табиғи ресурстар басқармасының басшысы. Енді кенді қаланың тұрғындары қара түтінге шомылмайды деп уәде етті ол. Өйткені жұмысты тапсырушы да, қадағалаушы да, қабылдаушы да дәл осы басқарма.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=JXuWOrB7arI[/youtube]

Мұхит Отаршиев, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқарамасының басшысы: «Уәде беремін. Уәде беруге мүмкіндік бар. Біз қалдық жатқан жердің бетіне 30 см шағал тас төседік. Кей жерлерге 40 см төселді. Жұмыс аяқталу межесінде. Бүгінгі таңда мемлекеттік қабылдауға құжаттар дайындалуда. Ия, рас, жел тұрса болды, шаң қаланы басып қалатын. Енді мұндай мәселе болмайды».

Облыс аумағында мемлекеттік орман қоры мен су айдындарында табиғат заңнамаларын бұзған екі жүзге жуық факті тіркеліпті. Жиі-жиі рейд ұйымдастырылғанымен, Арыс өзені аумағында жер қойнауын заңсыз пайдаланушылардың қатары азаймаған. Керісінше, өзеннің жағалауы қазылып, тас талан-таражға түскен. Бұл жағдайға тосқауыл қою басқарманың қолынан келмейді. Өйткені кәсіпкерлікті тексеруге тыйым салынған мораторий қолды байлаған.

Мұхит Отаршиев БАҚ өкілдеріне 11 айда атқарған жұмысын баяндады
Мұхит Отаршиев

Мұхит Отаршиев, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқарамасының басшысы: «Болып жатқан мораториға сәйкес экология департаменті тексере алмаймыз деп отыр. Біз, бірақ, мұнымен шектелмей, Ордабасы аудандық ішкі істер басқарамасымен бірлесіп, бірнеше рейдттік іс-шара ұйымдастырдық. Заңсыз тас тасыған КамАЗ-дарды айып тұрағына жібердік».

Дегенмен, басқарманың атқарған оң істері де жетерлік. Биыл облыс аумағындағы каналдардың барлығы құжаттандырылып, 13-не күрделі жөндеу жүргізілген.Сондай-ақ, «Жасыл аймақ» өңірлік бағдарламасы аясында қала, аудандарға көшеттер егілген.