Оңтүстікте жасөспірімдер арасындағы қылмыс азайды

647
Оқушылар қылмысқа қарсы парақшаларын алып шықты

Оңтүстікте жасөспірімдер арасындағы қылмыс азайды. Былтырғымен салыстырғанда 30 пайызға төмендеген. Бұл жөнінде облыстық прокуратураның мамандары «Нашақорлық пен қылмысқа жол жоқ» атты акцияда мәлімдеді. Аудан-қаладан 150 оқушы қатысқан шараның мақсаты – мектеп шәкірттерін тәртіпке шақыру ғана емес, оларға салауатты өмір салтын насихаттау.

Акцияға 150 оқушы қатысты
Акцияға 150 оқушы қатысты
Оқушылар қылмысқа қарсы парақшаларын алып шықты
Оқушылар қылмысқа қарсы парақшаларын алып шықты

Бір қарағанда жиын мектептегі патриоттық сағатына ұқсайды. Бірақ оқушылар мұнда әнді мерекенің құрметіне емес, қылмыс пен нашақорлыққа қарсы қолданды. Шәкірттер топ-топқа бөлініп, өзара сайысқа түсті. Мақсат – қылмысты жоюдың жолын табу. Жиналған жасөспірімдер ұстаздары алдында бұзақылық пен есірткіге елітудің алдын алу шараларын ұсынды.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=anM5Qnrln2o[/youtube]

Назерке Нұрлыбек, Қ.Спатаев атындағы мектептің оқушысы, (Бәйдібек ауданы): «Оқушылардың қылмыс жасауы, ең алдымен, өзінің ортасына байланысты болып келеді. Бос уақыты көп жастар қылмысқа барады. Сондықтан ұстаздар мен ата-аналар олардың бос уақытын тиімді жұмсауға үйретуі қажет немесе бос уақыты мүлдем болмайтындай жағдай жасауы керек деп ойлаймын. Мысалы, сабақтан кейін мектептерде түрлі үйірмелер ашып, спорттық жарыстар ұйымдастырса деген ұсынысым бар».

Биыл Оңтүстік Қазақстан облысында мектеп оқушыларының қатысымен 263 қылмыс орын алған. Бұл көрсеткіш былтырығымен салыстырғанда 30 пайызға аз. Облыстық прокуратураның мәліметіне сенсек, жасөспірімдер арасында көбіне ұрлық және әлімжеттік қылмыстары орын алады. Ал білім басқармасының басшылығы бүгінде өңірімізде кәмелетке толмаған жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында жоспарлы жұмыс түзілгенін айтып отыр.

Акция 7 жылдан бері қолға алынған

Бақытжан Есенқұлов, облыстық білім басқармасының мектеп олимпиадаларын өткізу орталығының директоры: «Мектепте әр аптада тәрбиелік мәні зор сағаттар өтеді. Жастарға теріс жолдың соңы не болатыны да анық айтылады. Оқушының қылмыс жасауы мектепке ғана емес, үйдегі тәрбиеге де байланысты. Сол себепті, біздер – педагогтар, әрдайым ата-аналармен қоян-қолтық жұмыс жасаймыз. Оларды шақырып, түсіндіру жұмыстарын да жүргізіп келеміз».

«Нашақорлық пен қылмысқа жол жоқ» акциясы облысымызда 7 жылдан бері өткізіліп келеді. Бүгінгі шараға өңіріміздегі аудан-қалалардың 150 белсенді оқушысы қатыстырылды.